Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  127


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ҚАБІР БАСЫНДА

Табиғаттың заңдылығын
адам қалай бұзады?
Дос бейнесі жарқ етті де
көрінбеске ұзады.
«Құмсайымның құмын-ай», – деп,
Айтушы едің, Алтынбек.
Қалып қойдың сол құмыңда,
Бетке ұрады салқын леп.
Құмсайыңның құмы қалды, суы қалды.
Шіркін де.
Жетімсіреп көңіл қалды,
өмір қалды бір күнде.
Қияқ өскен жоталардан,
шөпке қонған шаңдардан
Таяқ сүйреп қарияң жүр,
бейнеңді іздеп сандалған.
Басымды ұрып тауға,
тасқа айқайлағым келеді.
Ортамызда жоқ дегенге
көңіл қалай сенеді.
Атқан оқтай,
шапқан аттай - хош даурен,
Өзгертуге дәрменің жоқ.
Енді бәрі бос әуре.
 Жайылмаған дастархандар,
жүрілмеген жолдары.
Қауышпаған құшақтар-ай,
қысылмаған қолдар ше,
Күтілмеген қонақтар-ай –
бәрі қалды артыңда.
Жүрек соғып, ми солқылдап,
жас келеді алқымға.
Ағыл-тегіл жылап алсам
көңіл кірі кетер ме.
Құмға тамған ащы тамшы
саған барып жетер ме.
Жігер құм боп жалтақтаймыз
өзің қалған белеске,
Бірге өткізген
қызық күндер ұласады елеске.
Өмір деген осы ма екен?
Көзді ашып жұмғанша.
Сұлу бақта сайран салар,
аз ба көп пе,
Кім,
Қанша?
Күз келеді, суық шалар.
Сұлу гүлдер солады,
Үңірейіп орның қалды.
Енді қайтсек толады?
Той тарқаған. Ел тараған.
Ат бәйгеден келмеген.
Жарықтыққа не болды екен,
жанға бәйге бермеген.
 Қатты ағыс жұлып
кеткен қолындағы ескекті.
Қайықшыдай суда қалған,
бас айналып, ес кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу