Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  261


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТОЛҒАУ

Мұртымыз өрге шаншылып,
Өзектеп бетке қан шығып,
Ұмытып кейде сөйлейміз,
Кетерін бір күн жан шығып.
Жасаурап жанар талады,
Самайды қырау шалады.
Қонақпыз жалған дүниеге,
Қоштасып бір күн қалады.
Сарқылар сыңғыр бұлақ та,
Шаң болар көркем құрақ та.
Шарасыздықтың салдары,
Алғаным кейде жылап та –
Қорқамын жалған күлгеннен,
Бәленің бәрін білгеннен.
Ұйқысыз атқан таңдарым,
Артықсың ойсыз жүргеннен.
Асырған жаман айласын,
Жан-жағың қуған пайдасын.
Жалтақтай жүріп шаршадым,
Жанашыр жандар, қайдасың?
Жиналып жаман қосыла,
Жабылып жатса досыңа.
 Сырт жағын беріп кеткендер,
Түсінбей қалам осыңа.
Жүргендер жылап, жабығып,
Жалаулы күнін сағынып.
Жауың болғым келеді,
Жаныңнан әркез табылып.
Қаумалап ойлар сан қилы,
Еңсемді езіп жаншиды.
Жазылмай жатқан жырлардан,
Жүрегім тағы шаншиды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу