Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  112


Автор: Абдрахман Асылбек

Ақын азабы

Ақынның жүрмес жері жоқ,
Ақынның білмес елі жоқ.
Жол тауып сансыз жүрекке,
Жаралған жан ғой сері боп.
Біреуді сөзбен жұбатар,
Біреуді сөзбен тік атар.
Жалғанды жаны жаратпас,
Шындықты ғана ұнатар.
Ақынның ақын екенін,
Поэзияның не екенін
Білерсің, достым, бірденен,
Оқысаң жырын Гетенің.*
Бойында қуат мол ақын,
Жетпісте екен сол ақын.
Әлсіз деп оны ойлама,
Әрінен ерте солатын.
Кезі бұл ақыл толатын,
Әлемді оймен шолатын.
Кезі бұл қыран қатулы
Тұғырға мықтап қонатын.
Сол ақын, міне, тойда отыр,
Балқыған балған бойда отыр.
Он жеті жасар періште
Жасады лезде ой-топыр.
Жетпіске келген ақынды
Жас қыз кеп биге шақырды.
Шампандар шешіп шәлісін,
Тығындар көкке атылды.
Құшақтар лезде қауышты,
Үзілтіп нәзік дауысты,
Үлбіреп тұрған Ульрика:
Оқығам, – деді, – «Фаусты»**.
*Гете – неміс халқының ұлы ақыны.
**«Фауст» Гетенің әйгілі шығармасы.
Құмар ем сізді көруге,
Иіліп сәлем беруге.
Сіз айтқан әрбір ақылды
Пірімдей тұтып, сенуге.
Әзірмін енді еруге,
Не десеңіз де көнуге.
Сіз үшін, ақын ағатай,
Дайынмын тіпті өлуге...
Сөз бар ма бұдан бағалы?
Тұрды ақын толқып шамалы.
Ақыры бастап батылы,
Сүйіп кеп алды баланы.
Баланы алды сүйіп кеп,
Тамыры түгел иіп кеп.
Оралды Гете сол тойдан
Ақындық рухы биіктеп.
Ақылмен ойын қорытты,
Қызбенен тағы жолықты.
Көрмесе оны,
Бір сәт те
Тұра алмастығын мол ұқты.
Келеді олар тоғайда,
Бөтен бір күдік жоқ ойда.
Сөйледі кенет күліп қыз:
– Тамаша жер ғой, солай ма?
– Тап солай, – дейді Гете де,
Жұмақ та бұған жете ме?
Шамалы күннің ішінде-ақ
Болып та кеттім етене.
Қай жерге, қалқам, бармадым,
Дүниені біраз шарладым.
Айтайын саған шындығын,
Үш-ақ жер сонда таңдадым:
Біреуі Веймар – туған жер,
Біреуі Рим – думанды ел.
Карловы Вары соңғысы –
Қайғы мен дертті қуған жер.
Күнім боп шықтың, сүйіктім,
Қартайған шақта иіттің.
Тұрамын енді өлгенше,
Бұл жерді кетер қиып кім?
Тілекті қабыл ала ма?
Нала боп әлде қала ма?
Қосылу жайлы екеуміз,
Барайық ата-анаңа.
Қуаныш билеп белгісіз,
Құшаққа ыстық енді қыз:
– Рұқсат берсін, бермесін,
Жан жарым жалғыз енді Сіз.
Ақында сірә арман жоқ,
Айтылмай сөздар қалған жоқ.
Сол түні қыздың үйіне
Рұқсат сұрап барған жоқ...
Ата-ана көріп пішінді,
Шығарын қарсы түсінді.
Қоштаса тұрып қиылып,
Сұлуға қолын ұсынды:
– Тербетіп ойды бесіктей,
Оралам қайта кешікпей.
Шыдармын қалай, қалқашым,
Үніңді сенің есітпей?
Жүрмеспін енді жалғыз боп,
Жырларым қалар мәңгі із боп.
Жанымды жадыратарсың,
Жұпарын сепкен жалбыз боп.
«Аман бол, қалқам, көргенше,
Айналып қайта келгенше.
Аттанар мезгіл таянды,
Арманым сенсің өлгенше».
Осылай Гете аһ ұрды,
Арғымақ кенет атылды.
Әкетті күйме алысқа
Аяулы аға ақынды.
Қоштаспас енді жоқ амал,
Қолында қызыл орамал.
Қалды артта сұлу,
Көңлінде –
Келеді деген жорамал...
Туған жер қандай тым ыстық!
Эттерсберг тауы тұр істік.
Төменде орман Бухенвальд –
Маужырай қалған тыныштық.
Аңызға толы аймағы,
Алдында енді Веймары.
Есінен, бірақ, кетпейді
Карловы Вары жайдары.
Серуендей жүріп серпіле,
Өртенді сүю өртіне.
Емделу үшін барып ол,
Дерт қосып қайтты дертіне.
Барады өтіп босқа күн,
Білмейді кімдер қоштарын.
Ақтарды сырын жасырмай,
Шақырып Гете достарын.
Бір досы тұрып ақырын,
Ортаға салды ақылын:
– Жетіпті жасың жетпіске,
Ойланшы өзің, ақыным.
Сөз емес қыздың көнгені,
Сөзі мен сертін бергені.
Он жеті жасар балауса
Қаусаған тәнге тең бе еді?
Бармағын, алсаң тілімді,
Алыстан аңса гүліңді.
Арман боп қалсын мәңгілік,
Арнағын асыл жырыңды.
Достары басқа көп тағы
Шешімге осы тоқтады.
Көп айтса көнбес қасарып,
Ақынның ақтық жоқ па ары?
Қиын-ау өмір соқпағы,
Әрине, оңай соқпады.
Жаралы ақын аһ ұрып,
Аяулы жарын жоқтады.
Айрылып ақын тәбеттен,
Арылды бойда бар еттен.
Айықпай қойды алайда,
«Аруым!» деген әлектен.
Сарқылып шыдам, шын әлі,
Ауырып ақын құлады.
Жалғыз-ақ жанның алдында
Сезінді өзін кінәлі.
Өмірде не бар баянды?
Секундтар соңғы таянды.
Жолдады ақтық сәлемін,
Ақынның сөзі аян-ды:
«Кеш, қалқам, шындап кеш мені,
Қолымды создым кеш тегі.
Өкінтер ме едім өзіңді,
Кез болса жиырма бестегі?
Тумасын саған қара күн,
Шашыңды жөндеп тарағын.
Жалындап жанған жігітке
Жадырап күндей қарағын.
Жарым деп сөніп барамын,
Қамыға көрме, қарағым.
Жүзік ет жырды, жүзіп өт,
Алдыңда асу, бар ағын.
Кешікпей, қалқам, өлемін,
Өлмейді, бірақ, өлеңім.
Атыңды сенің аялап,
Аралар тірлік әлемін»...
Жоғалтып солай ақынды,
Жаралы ару аһ ұрды.
Ұйқысыз, ойсыз, күлкісіз
Таңдарды талай атырды.
Жылжыды жылдар жылыстап,
Ақынның хатын уыстап,
Қаралы сұлу еш жанға
Қараған да жоқ дұрыстап.
Теңгеріп ай мен жұлдызға,
Ұмтылды әркім бұл қызға.
Ақынның атын аялап,
Шықпады, бірақ, тұрмысқа...
Веймарда ұлы сапында
Ашылды музей ақынға.
Әкеліп жатты деректер,
Ағылып алыс, жақын да.
Керек-ақ еді, күшті еді,
Бір дерек, бірақ, түспеді.
Ульрика барған жандарға
Шын қатігездік істеді:
«Ақынның хатын сатпаймын,
Өзімде оны сақтаймын.
Музейге тегін тапсырам,
Өлетін болсам тап қай күн».
Не ойлады екен ол тегі?
Өлерде хатты өртеді.
Алайда, халық осы бір
Аңызды жыр ғып шертеді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу