Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  194


Автор: Абдрахман Асылбек

Сымбаттың сыры

1
Сымбат біздің кім еді? –
Күлімдеген күн еді.
Кететұғын елжіреп
Көрген жанның жүрегі.
Сымбат біздің кім еді? –
Үлбіреген гүл еді.
«Бір иіскесем» – болатын
Көрген жанның тілегі.
Сымбат біздің кім еді? –
Сыңғыраған үн еді.
Сиқырлы бір сырнайдай,
Сызылтып ән жүр еді.
Сымбат біздің кім еді? –
Жігіттерге пір еді.
Табындырған көркіне,
Өз бағасын біледі.
Сылқ-сылқ күлген бұлақтай,
Сырғып тұрған сынаптай.
Сырт беретін талайға,
Сыртынан-ақ ұнатпай.
Жігіт біткен жүгіріп,
Жапырыла жығылып,
Жөнді жауап ала алмай,
Жататұғын жын ұрып.
Толықсыған айдайын,
Торта айырған майдайын,
Толды Сымбат жиырмаға,
Тарап кекіл-маңдайын.
Жұпар шашып не түрлі,
Жеміс пісіп, жетілді.
Дер кезінде үзбесе,
Өзі түсер секілді.
Бұлбұл құсты гүл бақта
Жүрді жайнап жырлап та.
Уылжыған Сымбатқа
Уыз кезі қымбат та.
Тән өртеген от демі,
Келді өмір көктемі.
Тап қазір жар таппаса,
Көңілінің жоқ та емі.
Көрік десе, көрікті,
Алған бірден ерікті.
Көрік атты бір жігіт
Ойда жоқта жолықты.
Сымбат-тағы берілді,
Керім иық керілді.
Қозы менен Баяндай
Бал махаббат өрілді.
Жалпағынан жалғанды
Басып Сымбат паңданды.
Шыға қалса көшеге,
Көрген адам таңданды.
Сымбатты нұр ай дерсің,
Жігіт жаны жай дерсің.
Екеуі дөп қосылған
Бір-біріне сай дерсің.
Әй, бірақта, бірақта,
Жалғыз жігіт шырақ па?
Таңдау керек талайын,
Жету үшін мұратқа.
Қашырдың деп құтымды,
Сымбат лезде құтырды.
Күлім қағып көздері,
Жігіт көрсе жұтынды.
Не пәлеге тұтылды?
Көрік қатты ұтылды.
Ақырында Сымбаттан
Кетіп қалып құтылды.

2
Талайды естен тандырған,
Тартымды еді антұрған.
Өтіп жатты күндері,
Жүрген жері ән-думан.
Кезі еді ғой гүлдеген,
Қайғы-мұңды білмеген.
Жайлап ұрлап әр күнін,
Өтіп жатты жыл деген.
Бірақ, Сымбат сымбат қой,
Көп жігітке қымбат қой.
Ләззат алып бір түндік,
Өте берді бұлдап бой.
Ойламаса он айла,
Отыз деген оңай ма?
Бір күйеудің реті
Келмей қойды орайға.
«Берсе енді тілеуді,
Ұстау керек біреуді.
Шаңырақты көтеріп,
Мықтау керек тіреуді.
Ерсіз әйел – панасыз,
Панасыз да баласыз.
Тіршіліктің мәні не? –
Жатқан жерің қара сыз».
Осылай деп анасы,
Ақыл айтты шамасы.
Сымбат көнді сыңайға,
Сәулеленіп санасы.
Бір жігітке кезікті,
Бірін-бірі тез ұқты.
Сымбат та оны сыйлады,
Сыр білдірмей сезікті.
Момын еді аты да,
Момын еді заты да.
Сымбат сынды сұлудың
Сүйеніші, бағы да.
Шофер еді мақтаулы,
«Арғымағы» баптаулы.
Сымбат қашан келсе де,
Сыбағасы сақтаулы.
Ай қабағы ашылып,
Шуақ болып шашылып,
Аймалайды аруы,
Мойынына асылып.
Момын шалқып мұндайда,
Кетер самғап бірқайда.
Көтереді жарын тік,
Келтіріп бір ыңғайға.
Күлкілері күй болып,
Қимылдары би болып,
Тұрып жатты екеуі
Тату-тәтті үй болып.
Нұр үстіне нұр болып,
Қуанышты жыр болып,
Келді өмірге нәресте,
Кереметтей ұл болып.
Әнге бөлеп ақ таңды,
Әке-шеше шаттанды.
Момын дәйім жұмысқа
Зор шабытпен аттанды.
Момын іске машық-ты,
Табысын да тасытты.
Әр сапардан үйіне
Жеткенінше асықты.
Деп ат қойған «Тентегі»
Елден ерек ерке еді.
Сәл көрмесе баласын,
От өзегін өртеді.
Өтті бес жыл арада,
Өсіп қалды бала да.
Өлді Момын апаттан,
Қалып бірде далада.

3
Тағдыр кейде тым қатал,
Өз дегенін тыңдатар.
Бірде самал естіріп,
Бірде боран бұрқатар.
Төзсе егер нарт күшің,
Тыңда, достым, артқысын.
Сездірсең сәл әлсіздік,
Қалтыраған қалтқысың.
Көкірегіңе мұң құйып,
Қақпақыл ғып тұңғиық,
Бірде тартып төменге,
Бірде атады тым биік.
Ес жия алмай есіріп,
Бой жия алмай көсіліп,
Әр нәрсеге қарайсың,
Үмітіңді өсіріп.
Шыңға айналып белесің,
Шырғалаңға енесің.
Тайлақ сынды тағдырдың
Жетегіне ересің.
Соның бірі Сымбат-ты,
Күй бұзылды ырғақты.
Күйеуінің өлімі
Шымбайына шын батты.
Ана кәрі, бала жас,
Мардымды іске жарамас.
Сымбат жанын жалдайды,
Қалмайық деп жалаңаш.
Табанынан сыз өтіп,
Түнде қойма күзетіп,
Жұмысына кетеді,
Күндіз бойын түзетіп.
Ойнап-күлсе оқтасын,
Жесір жанға жоқ та сын.
Қалтыратпай, құлатпай,
Ұстап келді от басын.
Тағдыр, бірақ, өктем-ді,
Мұнысын да көп көрді.
Қарт анасы қайтыс боп,
Сымбат шындап шөкті енді.
Қайғы уытын сіңіріп,
Бұл өмірден түңіліп,
Тауып тамыр-танысын,
Жүрді кейде «сіміріп».
Бір түскен соң әлекке,
Жоғалады-ау әдеп те.
Бірте-бірте ішуді
Айналдырды әдетке.
Күнде осындай «мереке»,
Күнде күлкі-келеке.
Жұмыстан да, үйден де
Қашып кетті береке.
Сымбат енді ана ма?
Қарамады балаға.
Жүрді қаңғып Тентегі
Өз бетімен далада.
Аш күзендей бүгіліп,
Кешке дейін жүгіріп,
Тентек жатар орынға
Жетеді әрең сүрініп.
Қарамайды сабаққа,
Қарамайды тамаққа.
Кілең күйсіз жүргені,
Кірбің қонып қабаққа.
Оралса ұлы кейде ерте,
Сымбат оған дейді «Ерке!»
Шарап құйып береді,
Ұйықтасын деп бойды еріте.
Тентек те оған үйренді,
Тез қайтады үйге енді.
Анасының қайсы бір
Қылығынан жиренді.
Әркімді әр күн ертіп кеп,
Отырғаны бөртіп тек.
Тентек сондай сұмдарды
Соғар еді белдіктеп.
Әттең, әттең, ішкілік,
Қасқыр сынды іште ұлып,
Тағы ішкісі келгенде,
Басылады «күштілік».
Жүрек суып, тас болып,
«Қонағына» қас болып,
Тентек дәйім жатады,
Арағына мас болып.
Толған шақта он беске,
Айналды ол көнбеске.
Тастап кетіп мектебін,
Ерді Тентек ермеске.
Тентектерге қосылып,
Түнде жортып, жосылып,
Отырып та шықты ол,
Бір-екі рет тосылып.
Бала менен аналық
Алшақтады аралық.
Қылмысты боп сол Тентек,
Кетті ақыры қамалып.

4
Иә, Сымбат жасында,
Бар сұлулық басында,
Жүруші еді бұлғақтап,
Жігіт-желең қасында.
Жиырмада еді ол шақта,
Қиял қуған бал шақта.
Оған қажет емес-тін
Атағың да, мансап та.
Көңлі жарқын жаз еді,
Мақтағанға мәз еді.
Таңдағаны көп-тағы,
Аңдағаны аз еді.
Уақыт деген ұры ғой,
Адам соның құлы ғой.
Сылаңдатқан Сымбатты
Елден ерек түрі ғой.
Отызда да Сымбатқа
Шаң жұққан жоқ,
Шын бапта.
Мың құбылған тотыдай
Бұлаңдады гүл бақта.
Түссе-дағы құрыққа,
Түк емес-тін қырық та.
Сымбат сырлы аяқтай
Басты біраз қылыққа.
Жалғыз-жақау жесірдің
Жағдай-қамын жесін кім?
Ойнап-күліп кетуді
Теріс екен десін кім?
Әлде болса көрік бар,
Құшағында өрт бар.
Сымбат кімді қаласа,
Қабылдауға ерік бар.
Өте берді жыл зырлап,
Бетіндегі нұрды ұрлап.
Күз де жетті сарғайып,
Тонын шешіп тұлдыр бақ.
Балғын дәурен, сән кетіп,
Көрік кетіп, әр кетіп,
Сұры қашты Сымбаттың,
Тұла бойдан әл кетіп.
Жарқын мінез, тартымды
Таныстар да тартылды.
Жүрді жалғыз өткеріп,
Сымбат енді әр түнді.
Төрт мүшелде жоқ бәйгі,
Талай тарлан тоқтайды.
Әсіресе, әйелге
Бұл жас оңай соқпайды.
Сымбат сыптай сырылған,
Қалжыраған, ұрынған.
Көре қалса кей таныс,
Сырт айналған, бұрылған.
Күліп-ойнар хал бітті,
Кеселге де шалдықты.
Шынында да ішкілік
Сымбатты әбден мәңгітті.
Қорласа егер пендесін,
Құдай басқа бермесін.
Қашып шыққың келеді,
Көрсең егер бөлмесін.
Іш киімдер шашылған,
Аяқ асты басылған.
Есік-тесік қиюсыз,
Аңғал-сағал ашылған.
Қуыс пенен бұрыштар –
Шаңға бөккен ыдыстар.
Күтпесе әйел өз үйін,
Кім бар оны дұрыстар?
Жатады ол, жатады,
Сонда кімге қапалы?
Жанын жеген жегідей,
Жалғыздығы батады.
Ойлап көрші байыпты,
Тағдыр ма оған айыпты?
Тастар толқын төңкеріп,
Қалтылдаған қайықты.
Сымбат та бір қалыпты
Бұзып ырғақ-қалыпты,
Тағдырының алдында
Тағатсыздық танытты.
Жастық әрін малданып,
Сымбатына паңданып,
Сымбат сұлу осылай,
Санын соқты алданып.
Белдесетін белесте
Тағдыр күрес емес пе?
Өткен өмір – көрген түс,
Айналды тек елеске.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу