Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  191


Автор: Абдрахман Асылбек

Батыр туралы баллада

Алыстан тауды дәрпі бар –
Қасына келсең, обадай.
Алыстан дәудің дәрпі бар –
Қасына келсең, баладай.
(Халық нақылы)

1
Мың тоғыз жұз қырық бестің сәуірі –
Қанға бөккен қара жердің сауыры.
Қайғы-мұңнан тұрды белі қайысып,
Түсіп оған бар салмақтың ауыры.
Толастамай оқтың нөсер жауыны,
Адамзаттың езіліп ет-бауыры,
Қылғындырып қайғы-кегі халықтың,
Өшіп бара жатты ақтық жау үні.
Сәуірдің сол соңғы күні кесімді
Тажалдардың тіршілігі кесілді.
Гитлер, Гиммлер, Геринг, Геббельс, Бормандар...
Рухтарын о дүниеге көшірді.
Мың асқандар бір-ақ жерден тосылды,
Тосылды да, «о дүниеде» қосылды:
Өлді сұмдар ұрпағымен у ішіп,
Қалғандары жан сауғалап жосылды.

2
Мынау қала –
Фашизмніц ордасы,
Белгілі еді о бастан-ақ оңбасы.
Жай оғындай жарқылдайды шатырлап,
Төбесіне түскен әрбір бомбасы.
Құлаған жер – апандай бір ор басы,
Болатов қой қасындағы жолдасы.
Рақымжан айтты батыл шешімін,
Толастаған кезде атыс болмашы:
– Ей, Гриша,
Біраз болды жатқалы,
Көремісің анау зәулім қақпаны?
Тосылмайық,
Ұмтылайық жауға енді,
Біз болсақ та аңдығаны-баққаны.
Бара жатыр күн ұяға батқалы,
Бойыңдағы намысыңды жақ, кәне.
Бұлқынбасақ, бақыт өзі келе ме,
Бүгінгі күн атар жеңіс ақ таңы.
Анау шошақ – Рейхстаг күмбезі,
Күмбезі емес – Фашизмнің мүрдесі.
Тап үстіне жеңіс туын қадайық,
Бұлт серпіліп,
Күлімдесін күн көзі! –
Деді-дағы, оқша атылып тұрды өзі,
Танымастай кетті өзгеріп мүлде өзі.
Гриша да тұра ұмтылды қақпаға,
Екі талай сүріп өмір, сүрмесі.
Жасқаншақтық ер жігітке жарай ма?
Нағыз батыр ажалыңа қарай ма?
Астан-кестен,
Тарсыл-гүрсіл,
Көк түтін,
Түсініксіз –
Не боп жатыр маңайда?
Өлім сеуіп, тұзақ құрған талайға,
Тамұқты бұл кім теңемек сарайға?
Рақымжан құстай ұшып келеді,
Жету керек,
Жету керек қалайда!
Оқ дегенің жан-жағыңнан борап тұр,
От дегенің жалын шарпып орап тұр.
Көсілетін, кешіретін кез емес
Қимылыңды, күйбіңіңді олақ бір.
Қаһар қысқан күншығыстық «қонақ» бұл,
Келген емес кету үшін тонап бір.
Елдің кегі, жердің кегі қуғаны,
Ей, жауыздар,
Есің болса, соны-ақ біл!

3
Жарылғанда бомба ма, әлде снаряд,
Екі жігіт қалды қайта құлап-ақ.
Бас көтеру мүмкін емес мұндайда,
Алғы жаққа қарайды еппен сығалап.
Оқ астында амалсыздан тұралап,
Екеуі де жатыр әрең шыдап-ақ.
Рақымжан толқып кетті бір мезет,
Сансыз сурет ақыл-ойын сыналап:
«Қазір, міне, жиырма бір жастамын,
Осы жаста өтті ауырлық бастан мың.
Ата-анамнан тым ертерек айрылып,
Қайғы буып, қабағымды ашпадым.
Деген шақта адам бола бастадым,
Тұман торлап, тұнжырады аспаным.
Көппен бірге қан майданға аттанып,
Кітабымды қаруға айырбастадым.
Опасыз жау басып кіріп жеріме,
Ойран салды бейбіт жатқан еліме.
Қан сасыған қайықтарын сүңгітті,
Қызғыш пенен аққу қонған көліме.
Ашу-ыза жетіп әбден шегіне,
Қылышымды қайрап елдің кегіне,
Сұм дұшпанның тартқызғалы сазайын,
Кіріп кеттім кызу ұрыс шебіне.
Бірге туған аға, інім жоқ еді,
Бірақ, менің жанашырым көп еді
Кетіп бара жатқанымда майданға,
Ағайындар: «Жеңіспен қайт» деп еді.
Осы бір сөз мені дәйім демеді,
Осы бір сөз мені дәйім жебеді.
Отан үшін отқа түсіп, оққа ұшып,
Еңіреп туған ерлер жауын жеңеді.
Опасыз жау оңай олжа көздеді,
Олар кімге ұрынғанын сезбеді.
Бірлік деген ұлы тірлік алдында
Қанша мықты болғанымен төзбеді.
Жау шегінді – Жеңілісі тездеді,
Талқандадық, Арқандадық кезбені.
Өз жерінде түсті өздері көріне,
Тонамақ боп жүрген кезде өзгені.
Рейхстаг – жаудың соңғы тірегі,
Қас дүшпанның кесілді бар тілегі.
Тығылғандар тіреседі беріспей,
Бірақ, олар жеңілгенін біледі.
Туған елдің темір топшы түлегі
Тайсалмайды,
Оқ жаңбырын түреді.
Түреді де, түтін жапқан сол үйдің
Төбесіне жеңіс туын тігеді!
Партбилетті алғанымда тап бүгін,
Шалқар болып шалқып еді-ау шаттығым.
«Енді нағыз азаматсың, батырсың,
Жарайсың!» – деп, жауырынымнан қақты кім?
Қып-қызыл боп ұясына батты күн,
Шынымен-ақ басылмақ па аптығым?
Сонда менің кім болғаным, Отаным,
Рейхстагқа ту тікпесем нақ бүгін?»
Рақымжан тұра алға ұмтылды,
Кеудесінде асау жүрек бұлқынды.
Бранденбург қақпасынан өткенде,
Қарауытып кетті көзі біртүрлі.
Гриша да қатарласа бір кірді,
Алғаш біраз екеуі де іркілді.
Сәлден кейін Рақымжан ес жиып:
Ілейік те, – деді, – енді бұл туды.
Бедірейген түсі суық тас қамал –
Көрген адам тұрпатынан жасқанар.
Осы жерде жоспар құрып отырды-ау,
Жер жүзіне өлім сепкен «қасқалар».
Енді өлімді өздері де жастанар,
Қап кешікпей бейбіт өмір басталар.
«Талқандалды Германия фашистік!» –
Деп, әлемге таратады ТАСС хабар.
Зор қақпаның маңдайшасын белгілеп,
Ту тігетін нағыз кезең келді деп,
Рақымжан қолындағы орамын
Қасындағы Гришаға берді дөп.
Иығына отырғызып енді кеп,
Жоғарыға көтерді оны ер жүрек.
Рейхтің ақ туының орнына
Қызыл жалау қоя берді желбіреп.
Ақыры сол алакеуім ақшамда-ақ
Ура! Жеңіс! – Деген сездер аспандап,
Екі батыр бірін-бірі құшақтап,
Қуаныштан тұрды көзден жас парлап.
Біздің ерлер нән қақпаны ашқанда-ақ,
Аяқ асты қалды алтын баспалдақ.
Бейбіт өмір тап сол сәттен басталды-ақ,
Бар ма, сірә, бұдан қымбат, асқан бақ?
Жеңіс күні неткен бақыт күн еді?
Жеңіс үні неткен шаттық үн еді?
Қарлығашы болып осы жеңістің,
Қызыл жалау қараңғыны түреді.
Қуаныштан қарс айырылып жүрегі,
Адам біткен бір жылап, бір күледі.
Ауыл емес,
Аймақ емес,
Ел емес –
Бүкіл әлем осы күлді тіледі.

4
Женіс – бақыт!
Жеңіс оңай келген жоқ,
Алаулады,
Ақтық оты сөнген жок.
Ақ тілеумен аттандырған ананың
Көбі ұлын,
Көбі жарын көрген жоқ.
Азаматтар қолдан намыс берген жоқ,
Жер қаптырды дұшпандарын мерген боп.
Қан майданда құлағанмен боздақтар,
Ерліктері ел есінде –
Өлген жоқ!
Тірілері жасап қайта тірлігін,
Түріп жатыр тыныштықтың түндігін.
Шаңырақтан шаттық шапақ төгіліп,
Құшағында күлімдейді нұрлы күн.
Еңбекте де көрсетіп күш бірлігін,
Майдангерлер ер атанып жүр бүгін.
Қаныменен қорғап қалған Отанды
Азаматтар –
Аттары аңыз, жыр бүгін.
Көре қалсаң, құрақ ұшып тұрады,
Көңіліңді бірден баурап, бұрады.
Жауды қалай жеңгендігі жайында
Қызық-қызық әңгіме-дүкен құрады:
Қазағымның мақтанышы, жыр-әні,
Жарқын бейне жайраң қағып жүр, әне,
Алғаш болып Рейхстагқа ту тіккен
Қошқарбаев –
Халқымның шын ұланы! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу