Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  187


Автор: Абдрахман Асылбек

Бала мен жылан

Бесікте жатыр бал бөбек
Балбырап таңның нұрымен.
Аялай тусті ән бөлеп,
Ананың әлди жырымен.
Айналып, құшып, толғанып,
Төнеді ана, өбеді.
Біресе шешіп қолға алып,
Біресе қайта бөледі.
Бөбегі шексіз мәз болып,
Езуін әсте жимайды.
Жаны бір жайлау жаз болып,
Анаға бақыт сыйлайды
Бөгелді ана бір кезде
Жұмысқа барар шақты ойлап.
Ал сәби тыста бұл кезде
Сылдырмақ қағып жатты ойнап.
Қашанда батыр ол деген,
Қауіпті сезбес салты бар.
Тоссаң да қылыш көлденең,
Күлімдеп қана талпынар.
Шырылдап кенет қарлығаш,
Айнала ұшты сәбиді.
Ағызып көзден қанды жас,
Бейшара неге налиды?
Әлде бір қатер бөбекке
Төтеннен тура төнді ме?
Осыны көріп көмекке
Қияннан ұшып келді ме?
Жоғары-төмен шарқ ұрып,
Қарлығаш тыным таппайды-ақ.
Сәбиді жатқан талпынып,
Кетеді кейде қақпайлап.
Баланың бірақ онымен
Секілді ешбір ісі жоқ.
Сылдырмақ қағып қолымен,
Алданып жатыр кісі боп.
Осы кез жылжып жылан бір
Бесіктің келді қасына.
Қарады көзбен буалдыр
Аланың төніп басына.
Алдымен балғын бөбектің
Жатқанын жалғыз аңдады.
Сонан соң үнмен бөлек тым
Ысылдап келіп арбады.
Сәбиді осы қалпында
Шағады-ау, енді шағады-ау.
Анасы байқұс артында
Аңырап, зарлап қалады-ау!
Біртіндеп жайлап жақындап,
Жылжыды жылан ысқырып.
Тақымдап ажал, сақылдап,
Көрсетпек қазір күштілік.
Жалақтап тілі, шабақтап,
Шағады-ау, енді шағады-ау!
Анасы байқұс алақтап,
Аңырап-зарлап қалады-ау!
Қарлығаш оқыс қанатпен
Қағып кеп кетті жыланды.
Дегендей жауыз:
– «Қап, әттең!
Бүгіліп белі бұралды.
Сол замат сәби бұрылып,
Қызықты басқа ұмытты.
Құлпырып тұрған кұбылып,
Шап берді «шұбар шыбықты».
Табылды нағыз «ойыншық»,
Етеді оған кім күмән.
Секілді ширақ мойын жіп,
Шиыршық атты сұм жылан.
Қылқынта қылша мойыннан
Ұстаған екен сәби дөп.
Босана алмай қолынан,
Ышқынды жылан зар илеп.
Мәз болып бұған бүлдіршін,
Сылдырмақ қылып сабады.
Мұншама күшті кім білсін?
Талықсып жауыз барады.
Жорғалап жылжып жеткенде
Ойлап па еді мұндай деп.
Біршама мезгіл өткенде,
Қуарды жылан қурай боп.
Осыны сезіп қарлығаш
Шарықтай ұшты аспанға.
Сайрады бейне сандуғаш,
Салтанат тілеп жас жанға.
Жүгіре шығып далаға,
Шошыды қатты анасы.
Жыланды шұбар қара ала
Умаждап жатыр баласы.
Артынан барып байқады,
Жыланда жан жоқ – өліпті.
Таңданып басын шайқады,
Мұны кім бұрын көріпті.
Бесікте жатыр бал бөбек
Балбырап таңның нұрымен.
Аялай түсті ән бөлеп
Ананың әлди жырымен.
Зұлымдық өрге баспады,
Адалдық алға бастады.
Арайлап ашық аспаны,
Жайнады сәби жас жаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу