26.02.2022
  289


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

«ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ»

Мәскеудің сәулет өнері институтында оқып жүргенімде сурет про- фессорының айтқан бір айшықты сөзі есімде қалыпты. Ол: «Адамның бейнесін салу үшін тым жақыннан қарамау керек. Жақын жерде отырсаң


 


ұсақ-түйекке назар аударасың да, тұлғаның тұтастығына, басты ерекшелі- гіне нұқсан келеді. Сондықтан суретті көзкөрім жерден салу керек», — деу- ші еді. Сол айтпақшы, тарихи тұлғаларға, болмаса уақиғаларға баға беру үшін де «көзкөрім жер» керек екен.


Бәрімізді дүр сілкінткен Желтоқсан уақиғасына да он жылдан артық уақыт өтіп кетіпті. Сол кезеңді мен көз алдымда тағы да бір елестеткім келеді.


1986 жылы Қазақстанға Орталықтың ұйғаруымен келе қалған жаңа


«көсем» Г. В. Колбиннің бір «даналық» сөзі есіме келеді. Бір жиында Кол- бин: «Ендігі жерде әрбір қазақ басшы орыстарға, ал орыс басшы қазақтарға қамқорлық жасауы тиіс!» — деп нұсқау берген еді.


Атқамінерлер ұран ғып ұстаған осы сөздердің түп-төркініне үңілсек, сол жылғы желтоқсанның ызғарлы суығын аңғарамыз. Шын мағынасы: «Сен өз тағдырыңды өзің ойлама, біз бармыз ғой, сол жетеді, әйтпесе өзің не істеп, не қойғаныңды білмейсің, «ұлтшылдыққа» да барып қалуың мүмкін» деген жорамал.


Желтоқсан уақиғасы тұсында Колбинді жазықсыз жәбір көрген, не істе- рін білмей сасып қалған адам болды деу — өтіріктің үлкені. «Нашақорлар, маскүнемдер, ұлтшыл экстремистер толқуы» деп жала жауып, алғаш бүкіл әлемге жар салған, бейбіт қазақ ереуілшілеріне қарсы орыс жұмысшыларын ұйымдастырып, қолдарына темір таяқ ұстауына жол берген, сөйтіп ұлт пен ұлттың қақтығысы дегізген де Колбин. Желтоқсан көтерілісін зерттеу үшін құрылған Американың Хельсинки тобының айтуынша («Бірлесу» газеті, 20 желтоқсан, 1990 ж.), Алматы қаласының Республика алаңына жиылған қолында қаруы жоқ, қаннен-қаперсіз тұрған он мың қазақ жастарына, елу мың солдат (армия мен ішкі әскерлер) және 20 мың қару-жарақты милиционер қарсы шыққан, арпалыс кезінде ерікті жасақшылар да қатысып, күректер, темір таяқтар, иттер пайдаланылған. Осы бір басым топқа, жексұрын, ая- усыз іс-әрекеттерге дем берген, басқаруда штаб бастығы болған Колбин екендігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Әрі барсақ, қылмысты іске рұқсат бер- ген М.С. Горбачев екендігі де кейін белгілі болды.


Қазақстанның жендеті болған Колбинді мақтап «Правда» газетінде (желтоқсан, 1990 ж.) Кожемяко дегеннің мақаласы шықты. Бұл газетте шындық қалмағанына өкіндік. Оның сөзіне сенуден қалдық, оқымайтын болдық. Осы жайлы өкініш-ызамен сөйлеген, ескі «правдист», қарт ақын Әбділдә Тәжібаев. 


 


Қағаз бетінде ғана емес, іс жүзінде егемендігі бар ел, ұлт, халық болып өз керегін сезбесе, оның ұл мен қыздары елінің, халқының қамын жеп, өтке- нін, бүгінгісін, ертеңгісін ой сарабынан өткізіп мұң-мұқтажын ойлай алмаса, олар ерікті деп, қолында бұғау, аяғында тұсау жоқ деп айта алар еді.


Өз халқының тағдырын ойламайтын пенде жоқ, әсіресе оның болмысы таразыға түскен шақта шет қалуға болмайды. Пушкинге «сен орысты ойла- ма, французды ойла», Шоқанға «сен қазақты ойлама, қалмақты ойла» деп қай ақымақтың аузы барады екен?


XIX ғасырдағы орыстың кейбір ойшылдары бүкіл славян халықтарының тағдырын ойлады. Орыс патшалығынан теперішті көп көрген халық — по- ляктар. Оларға Достоевкий: «Сіздердің славяндықтарыңыздан католик- тіктеріңіз басымырақ», — деп наз айтады. Пушкин де «Россия жала- қорларына», «Батыс славяндар жырлары» деген өлеңдерін тегін жазбаған. Біреуін тыңдап көрейікші:


О чем шумите вы, народные витии? Зачем анафемой грозите Вы России? Что возмутило вас? Волнения Литвы? Оставьте: это спор славян между собою,


Домашний, старый спор, уж взвешенный судьбою, Вопрос, которого не разрешите вы...


«Араласпаңыздар, өз тағдырымызды өзіміз шеше аламыз» деген ой тайға таңба басқандай көрініп тұр.


Айтайын дегенім, өмірі Қазақстанды көрмеген адам келіп қойын-қо- нышынан сан түрлі ұсыныстар шығып, осының бәрі сенің қамың дегенге кім иланады, салиқалы ой-пікір деп кім қабылдайды?


Бала кезімізде қай жолмен жүріп, кімге арқа тірерімізді білмей тұр- ған шақта аз халықтың болашағымен есептеспей, байырғы даму жолын місе тұтпай, күшпен шоқындырамыз — «соны жол» сілтейміз дегендер- ге, XIX ғасырдың тамаша публицисі, қазақ халқының, оның ішінде Шоқан Уәлихановтың адал досы Н. М. Ядринцев былай деген еді: «Жанқиярлық- пен өздерінің бауырларын сақтап қалуға тырысып, бар махаббатын, өмірінің бауырларын сақтап қалуға тырысып, өмірін халқының бостандық алуына жұмсайтын, тектес, қаны бір, халқының мінез-құлқы мен рухын білетін зия- лы, оқыған адамдарды өз ортасынан шығаруға тырыспай біз бұратана (сол кезде біздерді осылай атаған ғой — Ш. У.) халықтарға қол ұшын бере алар ма екенбіз?!) («Неделя» газеті, 1881 ж. №13).


Жүз жылдан астам уақыт кейін, арамыздан сан қилы мамандықтағы азаматтар: қарапайым еңбеккерлер, оқымыстылар, мемлекет қайраткерлері шыққан кезде, Қазақ атындағы республиканы басқаруға өзімізден кісі таппай, дәлірек айтсақ, қасақана көрмей, шеттен «губернатор» әкелгенін қайтесіз, қалай намысына тимейді?


Әнекей, келімсек Колбин айтқанының бірін орындамай, қапшық-қап- шық уәде қалдырып Байқоңырдан ұшқан ракетадай үлкен орбитаға шықты, біздің керегіміз сол ғана екен. Жалпы Қазақстанның нанын жеп, тұз-дәмін татып, қызығын көрген бөтен ұлттардың өкілдері көп. Солардың бірі, қазіргі құрметті зейнеткер, желтоқсан уақиғасы кезінде Орталықтан келіп, бір қазақ басшы азаматын қатыстырмай өзі билеп, өзі төстеген, үкім шығарған КОКП Орталық Комитеті бюросының бұрынғы мүшесі М. С. Соломенцев Қазақстанда кім ғана болып істемеді, облыста партия комитетінің бірінші хатшысы болды, республикада екінші хатшы болды. Көрсеқызар антын бұзар қылықтар да көрсетіп бақты. Оны жақсы білетін бір адамның айтуынша, елге шығып жүріп, бір қазақ шаруасының үйіне кірмей өткен. Ондай адам халықтың мүддесін қайдан біледі, қайдан жаны ашиды? Ортамызда жүріп тілімізді қадірлемесе, әдет-ғұрпымызды елемесе, ол қайдан дос бола алсын, ақ іске арқау бола алсын. Сондықтан да, Алматыдағы «Ер Төстік» атты қазақтың балабақшасына барғанда Соломенцевтің бірінші айтқан: «Жол- дастар, ұлтшылдық міне қайдан басталады?» — деген сөзіне таңдануға бол- майды. «Ұлтшылдық» демекші, бұл сөздің мағынасын қазақ зиялылары бір кезде басқаша ұғынған еді-ау. Ол өз ұлтыңды басқа ұлттан артық көру деген сөз емес, халқыңды сүю, оған бас-көз болу, болашағы үшін өзге елмен қатар күресу деген мағынаны береді.


Осы тұрғыдан алғанда, партия қаулысындағы «қазақ ұлтшылдығы» де- ген сөзге неге бет моншағымыз сонша үзілгенін түсіне алмаймын. Еріксіз есіме ақылды ақсақал Ғабиден Мұстафин айтқан: «Ұлтшылдықты жойып ек, ұлтсыздық пайда болды, енді сонымен күресуіміз керек», — деген аталы ойы орала береді.


Тағы бір мысал: Хрущев заманында Литва компартиясының бір хат- шысы, корольдер замок-сарайы Тракайды қалпына келтіргені үшін ұлт- шыл деген айдар тағып, қатаң сөгіс алыпты. Сол хатшы: «Халқымның тарихын қалпына келтіру талабым үшін осы сөгісімді ең үлкен награда деп білемін», — деген екен.


Әр кезде біздің республикамызды білем деп, оңды-солды сөйлейтін


«білгіштер», небір эксперттер көбейіп кетті. Сонау жылдары өткен КСРО халық депутаттарының ІV съезінде ленинградтық Денисов деген біреу бы- лай сілтеді: «...например, Казахстан, где казахи составляют меньшинство, вынужден либо проводить политику казахского протекционизма в ущерб другим народам, либо отказаться от защиты интересов казахов на союзном уровне... Говорю о Казахстане только потому, что много времени провел в нем и питаю искреннюю привязанность...» Не қылған былшыл — у мен балдың қосындысы.


Менің таңғалатыным, неге қазақ өз қамын өзі ойламасқа, неге үнемі қазақтардың санын аз дейді? «Пайғамбар» Солженицын да сол тұста өз ма- қаласында: «...Қазіргі таңда қазақтар республика халқының жартысына да жетпейді», — деген еді.


«Қазақтар, сендер азсыңдар» деп бетіне басуды қою керек» деп Шың- ғыс Айтматов та айтпап па еді? Гәптің неде екеніне үңілейік?


Осыншама жердегі қалың қазақ жұртының күрт азаюының бір-ақ себебі бар, ол — қолмен ұйымдастырылған аштық, жаппай қырғын, бір сөзбен айтқанда, — геноцид. Ғалым-демографтардың мәліметтері бойын- ша, 1915 жылы 5 млн. 350 мың қазақ болған. Ұлы Отан соғысы аяқталғанда 2 млн. 650 мың, ал Қазақстанның республикалық шекарасы шеңберінде небәрі 1 млн. 950 мың адам қалды. Бұл 2,5 млн-нан астам адам қырылды деген сөз. Егер мұншама халық тірі болса, олар өспес пе еді, ұрпақ жалғастырмас па еді? Қандай жағдай геноцидке әкелді десек, патшалық Ресей жүргізген жа- залау отрядтарының қан-жоса қимылынан бастап, Голощекин іске асырған


«Кіші Октябрьдің» жемісі Қазақстанда болып жатқан қырғынды Кеңес үкіметінің басшылары білмеді ме? Жоқ, білді. Еш шара қолданбады, көрме- ді. Бас көтергендерді қырды, жойды, жазалады.


1937 жылы кәззап Вышинский өткізген сот процестерінің хаттамасын- да мынандай жолдар бар:


«...Вышинский: Мен сізден сұрап тұрмын, 1935 жылы төртінші қабатта кездесулеріңіз болды ма?


Бухарин: Азамат прокурор, айтып отырмын ғой, саясат жөнінде бір ауыз сөз болған жоқ ол кезде...


Вышинский: Әңгіменің жай-жапсарын айта алмайсыз ба?


 


 


Бухарин: Алғашқы әңгімеде Икрамовтың жан күйзелісімен айтқан сыры жадымда қалыпты. Ол Қазақстандағы ел тұрмысы туралы ашынып айтты.


Вышинский: 1933 жылғы оқиға ма? Бухарин: Иә.


Вышинский: Икрамов, бұл жөнінде не дейсіз?


Икрамов: Қазақстандағы қалыптасқан жағдай туралы Бухарин дұрыс айтады. Әңгіме Қазақстан жөнінде болды. Жолда көргенімізді әңгімеледік. Вагон терезелерінен көргеніміз — сұмдық, шашылып жатқан адам сүйектері, жазықсыз жандарды қанға бөктіріп, бүтін бір халықты ая- май қырған планеталық опат оқиғаға әлі дұрыс баға берілмей келеді. Осыншалық кең ауқымды ұйымдастырылған Қазақстандағы жұт күні бүгінге дейін неге КОКП ОК-нің саяси бюросында, КСРО және рес- публика үкіметі тарапынан айтылмағаны таңғалдырады. Тіпті, адам- затқа қарсы бағытталған бұл қылмыс халықаралық соттың қарайтын тақырыбы дер едім».


Бұл айтылған сөздер ар-ұяты бар, ары таза адамның сөзі еді. Үлкен толғаныстан, ащы шындықтан туған ұсыныс ескерілмеді. Ақырында Икра- мовтың өзі де тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.


Өкінішке орай, «адамзатқа қарсы бағытталған» бұл қылмысты іске кеңес үкіметі тұсында әділ баға берілмеді. Егемендік алған кезде де бұл тақырып ауызекі әңгімеден аспай жүр.


Заман өзгерді, адам да өзгере бастады. Халықтардың сана-сезімі оянып, тәуелсіздіктің көк туы желбіреген тұста қазақ тарихы тезге мұқтаждық етеді. Тарихшылар белді бекем буып, дүмбілез беттерді жаңаша жазуға кірісті. Адам сенбес тұжырымдарды қайта қарап, соны деректер арқылы шындыққа қайшы жерлерін түзету үстінде. Кеңес тарихының ең ауыр қа- теліктерінің бірі — тар жол, тайғақ кешіп жүріп, басын бәйгеге тігіп елдің тә- уелсіздігі, бүтіндігі үшін күрескен ерлерді халықтың жауы деп санағандығы.


Империялық амбицияның перзенті аждаһа құлқынның құлы — таба- нының бүрі жоқ социологиялық дөрекі концепциялардың тууында ішкі заңдылық бар еді. Үнді халқының ұлы перзенті Джавахарлал Неру өз отаны- ның ағылшындар жазған тарихы туралы айта келіп, оның бас бағытының сөз боп отырған елдің мүддесінен мүлдем алшақ жатқанын ашып көрсетеді.


«Тарихты көбіне жеңіске жеткендер мен басқыншылар жазады, тарих олардың көзқарасының айнасы іспетті, одан қалса, жеңіс иелерінің жо- рамал ойларына қаттырақ көңіл бөліп, ақыры күштінің көзқарасы, сөзі үстем болады... қылмысты өз әрекетін ақтап, күнәнің бәрін қарсыла- сына үйіп-төгеді. Шындық шыңырау түбінде қалып, бетінде ұятсыздық аралас ашық өтірік жатады», — дейді (Дж. Неру. Открытие Индии. — Кн. 2. — 1989 — С. 67)


Бір кезде ғалымдар арасында үлкен айтыс туғызған мәселе — Қазақстан- ның Россияға өз еркімен қосылуы. Осы тақырыпта шындықтан үлкен алшақтық, жасандылық болды, тарихи фактілерді күні бұрын дайындалған қалыпқа зорлап тыққылау орын алды.


Қазақ КСР-інің 1982 жылы шыққан тарихында бар (ІІІ том, 40-б.):


«1731 жылы 10 қазанда А. И. Тевкелевті қазақ ру басыларының жиналы- сына шақырады, онда Әбілқайыр, содан соң Бөкенбай, Есет, оның тумасы Құдайназар мырза, ал олардан кейін тағы да 27 білікті қазақ феодалдары Кіші жүздің Ресейге өз еркімен қосылуы туралы юридикалық актіге қол қойды», — делінген. Мұхамеджан Тынышпаев пен Ибраһим Шәмшетов- тың зерттеулерінде көрсетілгендей осы жерде шындыққа жартысы ғана айтылған. Елші Тевкелев қазақ жерінде болған кезінде, атап айтқанда 1731 жылдың 3 қазанынан 1733 жылдың 13 қаңтарына дейін, күнбе-күнгі ал- ған әсерлерін хатқа түсіріп отырған. Онда аталмыш 10 қазан күнгі оқиға бы- лай сипатталады: «Бізге не үшін келдің?» — деген ру басыларының сұрағына Тевкелев: «Әбілқайырдың өтінішімен императрица Анна Ивановнаның бодандыққа алдық деген сенім қағазын әкелдім», — деп жауап беріпті. Осы сөзден кейін ру басыларының біреуі: «Бізге ақылдаспай, не себептен Русия- ға бодан болғың келді, енді бостандықтан айырыламыз», — деп Әбілқайыр- ға тап береді. «Хандардың ел ағаларымен ақылдаспай іс істемейтіні ежелгі дәстүріміз емес пе еді, неге бұздың, мұны өлім жазасы ғана ақтай алады... Тевкелев әскерімізді көруге келіп отыр, кейін соғыспақ ойы бар», — дейді («Казахско-русские отношения в XVI–XVIII веках». — А., 1961. — С .53).


Айтса айтқандай, Тевкелев тыңшылық жұмыспен де айналысқан. Оған келтірілген құжаттағы (86-бет) мына сөздер куә: «Қырғыз-қазақ ордасында болған кезде тәржімәші Тевкелевтің байқауынша, қырғыз-қазақтар зеңбі- рек құймайды екен, оқ және қолданбайды, мылтық жасамайды. Соңғыны Хиуа мен Бұхарадан қой мен жылқыға айырбастап алады екен. Оқ-дәріні әркім өзі жасайды, соғыста көбіне білтелі мылтықты пайдаланады».


Осы уақытқа дейін дос санап келген Тевкелев туралы сөз болғанда, оның ең алдымен Россия империясының мүддесін көздеген алаяқ дипло- мат болғанын, керек болса шен-шекпен үшін халықтың қанын төгуге дейін барғанын ұмытпауымыз керек. Ол 1735 жылы башқұрт халқының отар- лаушылыққа қарсы күресін басуға қатысып, әскери отрядтармен бірге 5 де- ревняны, 50 мыңдай адамды құртқаны үшін бригадалық генерал атағын жоқ па? Қазақстанға алғаш келгенде небәрі тілмәш болатын (ҚСЭ).


1783 жылы ІІ Ираклий патшаның сұрауымен Грузия Россияның қол астына кіргенде «Георгий трактаты атты келісімшарт жасаған. Келісім бойынша Грузияның ішкі дербестігі толық сақталып, сырттан біреу соғыс ашса, жәрдем беріп, қорғауға уәде берілген келісімнің құпия тарауында Гру- зияда қанша орыс әскері болатынын — саны кесіліп айтылған. Әрі-беріден соң грузиндердің бас бірлігі сақталуы қаралып, ақыл-кеңес арқылы ІІ Ирак- лий патшасы Соломонмен татуласқан.


Ал біздің Құран ұстап, хан-сұлтандар берген анттарда екі жаққа бірдей міндет жүктелмейді, тек қазақтарға көп талаптар қойылып, «патша ағзамға пайда келтіріп», «жан-тәнімен қызмет етуі үзілді-кесілді талап етіледі. Ал қазақтар үшін қандай жақсылық болады, міндет атқарылады, ол жағы айтыл- майды. Бұл документтерді бірін-бірі сыйлайтын, бостандығын, тәуелсіздігін қадірлеп, арақатынаста теңдікті көксеген терезесі тең елдердің арасында, екі жаққа да тиімді жүргізілген келіссөздерден туған еді деуге болмайды.


Енді берілген анттың халықаралық право тұрғысынан қаншалықты легитимді (латынша — заңды — Ш. У.) документ екендігін қарайық. Бір ғажабы, Әбілқайыр ханның 1742 жылдың 23-30 тамызындағы ғаһадна- масы (присяжной лист — Ш. У.) Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның (1740 жылдың тамызы шамасы) алған ант мазмұны, бір-екі сөйлемдері ғана болмаса, бәрі бірдей, сөзбе-сөз қайталанып отырады, бір қалыптан шық- қаны көрініп тұр.


Өкінішпен айтарымыз, орысша және мұсылманша текстердің аутен- тично (мазмұнды бір) болмауы. Кейбір сөз тіркестерінің орысшаға аударғанда өрескел бұрмаланғандығы ерекше назар аудартады. Мысалы:


«ант айтамын… иахшы қабыл алып, тыңлаушы пенде болып бойын сұнарға» деген сөйлем орыс тіліне: «обещаюся и клянусь… послушным рабом и подданым быть»» — деп тәржімаланған (ерекшелеген біз — Ш. У.).


Ойбай-ау, пенде болу мен құл болу бір ұғымға сыймайды ғой.


Халықаралық келісімдерде екі тілдегі құжаттың мағынасы бұрмалан- бауы қатты қадағаланады. Сөз болып отырған ойдың бұрмалануы кез- дейсоқ емес. Келтірілген құжаттар қуанышты табыс емес, орасан зор жеңіліске ұшырап, бас бостандығынан айырылып, капитуляцияға ұшырап,тізе бүккен елге қойылатын талап пен үкімнен хабар береді. Патшаның көкірегінде шынайы дос қылу емес, отарлау, құл қылу ниеті айдан айқын көрініп тұр.


Кеңес үкіметі кезінде ойдан шығарылып, қолдан жасалған ұран — Ресейге еркімен қосылу жайлы А. И. Герцен Лондонда шығатын «Колокол» газетінде былай деп ашық жазады: «Бүкіл даланы казак-орыстар Жармақша (Ер- мак — Ш. У.) жаулап алады. Аңғалдықпен полковник Слуцкий «мәдениет елшілері» деп атаған қазақ даласындағы казак-орыстар Ертістің арғы бетіне зорлық-зомбылық жасау, жергілікті халықты тонау үшін аттан- ды» (Прибавочный лист, 1867 жыл, 1 тамыз).


Тонап қана қоймай, қазақтар иеленген шұрайлы жерлерді тартып алу аяу-


сыз жүргізілді. 1986 жылы патша өкіметі қазақтардың «артық жерін есепке алуға» Ф. Щербина басқарған айрықша комиссия шығарды. Комиссия үш жыл бойы он уездегі 20 млн. десятина жерді «зерттеп», 10 млн. десятина- сын көшпелі халықтың шаруашылығы үшін керексіз деп келімсектердің пай- дасына шешті. Егер қоныстанушыларға арналған учаскелер жинақы, әрі бір жерде емес деп танылса, қазақтарға бастапқыда қалдырылған жерлер дереу тартып алынды. Рас, мұндай кезде, өз жерлерінен ығыстырылған қазақтарға басқа жер не ақша берілуге тиіс болатын. Оны орындау қайда: қағазда ғана жазылып, орындаусыз қалды. Қазақстандағы казак-орыстар өзен бойлай орналасып, ежелгі тұрғындарды жағалауға 10 шақырым жерге дейін жо- латпады. Қазақ шаруларының шетінен жұтап, тепкі-теперіштен көз ашпа- уы, қазақтар мен казак һәм қоныстанушы орыстардың арасында ұлтаралық дүрдараздықты қоздырып, ушықтыра түсті.


Сібірді ұзақ жылдар бойы зерттеген тарихшы және этнограф Павел Иванович Небольсин былай деп айғақтайды: «Қазақтармен көрші болған Орал казак-орыстары мұсылмандарға, әсіресе, қазақтарға адамшылық көзбен қарамайды. Олар үшін қазақтарды алдау-арбау, масқара ету, қысым көрсету, аяусыз жаныштау оп-оңай. Орал казак-орысы қадым за- маннан қазаққа мүлік ретінде қарап, баюдың көзі деп білді, оны ешқашан адам қатарына қосқан емес, күні бүгінге дейін өзінің жерлесіне бауыр- лықты қимай, жау көзбен қарайды» («Русский вестник», 1860 ж. №11 «Сая- хат шеккен казактар» атты мақала).


Қазақтарға іргелес қоныстанған келімсектер-қарашекпенділер де жақ- сы мінез көрсетіп, тың жерді еңбекпен, маңдай термен игеруге тырыспады. Түркістанның генерал-губернаторына (1868 ж.) жазған хатында генерал


 


Колпаковскийдің өзі: «Жетісуға алғашқы қоныстанушылар шақыру, бол- маса жеребе арқылы келді. Ылғи — үйсіз-күйсіз, оңбаған мінезді, үкіметтің тегін ақшасымен, қазақтардың дап-дайын арығы және жайылымына ауыз ашқан тобырлар еді», — деп жазады.


«Торғай облысының келімсектері-арендаторлары» деген кітапта (СПб., 1977) Куфман деген автордың: «Келімсектердің арасында өткені қараңғы адамдардан бастап, қайыршы және түрмеден қашқан каторжник- терге дейін болғандықтан, ірі бейбастық пен қылмыстардың болып тұрға- нына таңғалуға болмайды. Әсіресе, жерлерін тартып алғаны үшін барым- та жасаған қазақтарды қостанайлықтар аямады. Ұры ғой деп күдіктенген қазақтарды дарға асты, құдыққа тастады. Ал тіпті жайбарақат кетіп бара жатқан бейкүнә ұсталғаны да аз болған жоқ.


Бір жолы барымташыларды жасырдың деп, уездік сот Сейдалиннің өзін қорасының ішінде өлтіре жаздады», — деген жолдарын оқимыз.


Жүз жыл кейін, тың игеру науқаны кезінде Н. С. Хрущев: «Бұл аймақты патша көп жыл бойы өзінің патшалық әдісімен адамға толтыра алмаса, біз мұны советтік әдіспен іске асырдық», — деп даурықты. («Казправда» газеті, 1963 ж., 21 қыркүйек). Патша мен Хрущевтің әдісінен айырмашылығын байқай алмадық. Келушілердің көбі үйсіз-күйсіз қара табандар болды, со- дыр, тентек, сотталғандар да кездесті.


Жыртылмаған жер қалмады, ата-бабаларымыздың зираты да трактор ас- тында қалды. Келе сала ежелгі елді мекен, жер аттарын өзгертіп Новопо- кровка, Тимирязовка, Бородино, Ермак деген аттар пайда болды. Бұл жер- де халық бар екен-ау, сыйлайықшы, мұқтажын ескерейікші деген ой мила- рына кіріп те шықпады, өздерін адам аяғы баспаған айға барып қалғандай сезінді. Тың игеру «эпопеясын» да қайта қарайтын кез жетті, пайдасы көп болды ма, зияны көп болды ма, қолмен ұстап, көзбен көруге болады ғой. Біз өткенді айтсақ, кейбіреулер «әлдекімдерді қоздырып, ескі тарих- ты несіне қопара береміз» дейді. Неге қопармасқа? Біріншіден, бұрынғы азап жолына түспесек екен дейміз, ескі қателіктің қайталанғанының несі жақсы? Екіншіден, ғибрат алатын іс-қимыл болса, неге оны әрі апармай-


мыз, жалғастырмаймыз, жақсылыққа жақсылық жимаймыз?


Әттең, жақсылық түгіл қиындықтың өзін ұмытып кетеміз. Бір басқан жерімізден он рет жүріп, жіберген қателіктерге дүркін-дүркін оралып оты- рамыз.


 


Ресейге І Николай патша өлгеннен кейін, оның орнына ақын В. Жу- ковскийдің тәрбиесін алған ІІ Александр таққа отырған кезде көп жеңілдік келген.


1861 жылы крепостниктік жүйе жойылды, түрлі реформалар белгіленді.


«Азаттық», «еркіндік» деген ұғымдар жиі пайдаланылып, «жариялылық» деген сөз тұңғыш рет сол кезде туады. Журналистер, жазушылар, тарих- шылар, ғалымдар өз ойларын ашық та, жұмбақтап та еркін айта бастады. 1859 жылдың аяғында Шоқан Санкт-Петербургке келеді, сол жылдардың әсерінен туған мақалаларын оқысақ, япырмау, мынау бүгін жазылған жоқ па деп қаласың.


Мысалға жүгінейік: «Өзінің дара ұғымымен қалыптасқан әдет-ғұрпы бар сауатсыз көшпелі халық, қазақ түгіл, осы күнге дейін орыстарға да түсініксіз түрлі баспалдақтары, жол-жарасы, шытырман кеңселік аттары бар бюрократиялық Орталыққа кенет, күтпеген жерден бағындырылды», — дейді Шоқан. Күні бүгінге дейін барлық басылымдарда «орталық», «әкім- шілік-бюрократтық жүйе» деп айғайлап жатқан жоқпыз ба?


Шоқанның тағы бір сөзі бар, мұны орысша келтірейік: «Формализм и бюрократическая рутина обуславливали собой один только застой и непод- вижность и служили до сих пор китайской стеной для всякой полезной об- щественной деятельности, останавливая свободное течение тех всечастных и вседневных преобразований и улучшений, которых требует живая на- родная сила. Чтобы привить какое-либо преобразование и чтобы потом сохранить его, необходимо, чтобы реформа эта соответствовала мате- риальным нуждам и была бы приспособлена к национальному характеру того общества, для пользы которого она предпринята. Всякие нововве- дения вне этих условий может быть безусловно вредно, и как явление ано- мальное может порождать одни неизлечимые болезни и аномалии».


Не қылған көргендік, не қылған біліктілік?!


Меніңше, Шоқанның осы айтқанында, тап қазір, ұлтаралық қарым- қатынастың дертке шалдығуының себеп-салдары жатыр, көптеген қабыл- данған заңдардың неге жүзеге аспайтындығын жақсы дәлелденген. Бұл пікірден кейін Шоқанды ең күшті реформаторлардың бірі деп атауымызға толық болады ғой деймін.


Не керек, сол XIX ғасырдың аяғындағы өзгерістер диктатураға барып тірелді. Аз-маз босатылған билік тізгінін бәрібір II Александр қатты-ақ ұстады: Польша көтерілісі қанға боялды, Чернышевский, Михайловтар түрмеге жабылды.


Мұны неге айтып отырсың дейсіз ғой? Тәуелсіздікке байланысты бізге де ой еркіндігі келді, жалтақтауды, сыбырлауды қойдық. Бір күрделі нәрсе туралы әр түрлі ойлар болады екен, бөлісеміз, «сен басқаша ойлайсың» деп сөкпейміз. Үнемі осылай бола береді ме екен?


Жіберген қателіктерімізді қайталап жүрмейміз бе? Кең-байтақ жеріміз бар, аяғына дейін ие болсақ қой. Саяси әуре-сарсаңға түскен алып көрші- леріміз бар, олардың мінез-құлықтары қалай болмақ, бізге деген көзқарас- тары бірқалыпты бола ма? «Бір кемедегінің жаны бір» дегендей, меніңше, болашағымыз күн шуағындай жарқырап тұрған жоқ.


Қазақ халқының кемеңгер ұлы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаев- тың айтқан тамаша сөзі бар. Ол: «Біздің республикамыздың ұлан-ғайыр жері табиғи асыл қазынаға толы. Жер құшағындағы байлық дәулетті бо- лашағымыздың кепіліндей. Сол байлықты ақылмен игеру халықтың әл- ауқаты мен мәдени деңгейінің көтерілуіне, дамуына жол ашады», — деген еді.


«Ақылмен игеру», ие болу мәселесі қалай болмақ? Кеңес үкіметі тұсында 20 млн. гектардан астам жер соғыс ведомостволарының қарамағында бол- ды.


Кеңес Одағындағы жеті жүз он бес ядролық жарылыстың төрт жүз алпыс жетісі Қазақстанда Дегелең деген жерде, ұлы Абай елінде өткізіліпті, соның жүз жиырма төрті жер үстінде, үш жүз қырық үші жер астында жарылыпты. Нарын құмында 29 рет ядролық жарылыс болған, 24 мың ракета сыналып, әскери техниканың 177 түрі сынақтан өткізілген. Күні кешеге дейін құпия болып, халықтың тағдырымен санаспай, ескерту, қамқорлық дегенді көр- мей күн кештік. Құпия қалалар, құпия зауыттар салынып, қоршаған орта ла- станды. Экономикалық мүмкіншілігі мол Жапония дүниежүзілік соғыстағы жарылған екі атомдық бомбаның зардабымен күні бүгінге дейін күресіп келе жатса, мың хиросималық бомбаның зардабын тартқан елдің тағдыры не болмақ? Ұрпаққа әсері болса, келешегімізді қалай жарқын елестете аламыз? Жерімізге көз алартушылық та әлі біткен жоқ.


1990 жылы қарашада Омбы қаласында Сібір казактарының Одағы құ- рылды, жиынға Петропавловск, Павлодар, Оралдан казак-орыстар қатысып, мынадай арыз айтылды: «Особенно тревожно звучали выступление каза- хов, живущих на территории Казахстана, которые поведали собравшимся о проявлении национального экстремизма к русскоязычному населению со стороны отдельных регионов республики» («Литературная Россия», №47, 1990 г.). Тағы да жала, үйреншікті қалыптасқан айып.


«30 маусымда 1990 жылы Мәскеуде казак-орыстардың Одағы құрылды, Декларация қабылданды. Орал, Сібір, Жетісу казак-орыстары бұрынғы ие болған жерлеріміз қайтарылсын деген талап берілді». («Литературная Россия», №50, 1990 г.). Неге ескі жараның бетін ашады, неге полициялық жаугершілік жүр арқалаған, патша сыйға тартқан казак-орыстардың бұрын- ғы артықшылықтарын қалпына келтіруге әрекет жасалуда? Қолдап жүрген кімдер, неге? Бұл әрекеттер Солженицыннің бізді «кочевое стадо» деп кеміткен ойымен ұштасады.


Қазірге сепаратистер біздің халықтың жуастығы мен момындығын өз мақсаттарына пайдалануға тырыспақшы. Олардың атам заманнан күні бүгінге дейін сақталған қазақ халқының жері туралы, оның мәдениеті, тарихы, тілі туралы үстірт әрі өктем пікірлеріне наразылық білдірмеуге болмайды. Біздің ата-бабаларымыз мұраға қалдырған елді мекеннен ығысты- рып шығаруға бағытталған іс-әрекетке тек қана көз тігіп, қол қусырып отыра алмаймыз.


Құдайға шүкір, ғасырлар бойы халқымыздың басын торлаған бұлтқа қарамай, небір марқасқа азаматтардан, халық көсемдерінен тірідей айырылсақ та, бас сауғалап жан-жаққа аусақ та, ақыры қаз тұрдық. Қайта өр- леу дәуірін бастан кешудеміз. Жер үстінде санымыз қазір 10 миллионнан асты. Білімді, талантты, түрлі мамандықты терең игерген ұл-қыздарымыз бар. Қазақ елінің тұңғыш президенті Н. Ә. Назарбаевтың игілікті іс-қимы- лы арқасында Халықаралақ қауымдастықтың қазақ жерінің шекарасының тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендігін сақтау туралы берген кепілдемелері — көңілге медеу. Елбасының сөзімен айтсақ: «Қазақ ұлтының бүгінге дейінгі қат-қабат тарихының басты мазмұны — азаттық үшін күреске сайып келеді. Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің сан ғасырлық шежіресі бар, талай теперішті көрсе де, жайсаң жанын, әсем әнін, күбірлеген күйін, әдемі әдет-ғұрпын, тілін таза сақтаған ұлтымыз бар».


Біздің туымыз тәуелсіздік, тілегіміз — бейбітшілік, тыныштық. Халқымыз ұлтаралық жарастықты, сыртқы дүниемен өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыра алса ғана өзінің өркениетті мемлекетіне ие болады.


«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Әрине, әркім тек жеке басының қамымен ғана болса, ақылдыны тек ағайыннан іздесе, алысты болжай алма- са, жақынды көрмесе, жақсыға қуанбаса, маңдай терін төкпей бақытқа ие болғысы келсе, елім-жұртым деп белі қайыспаса, көлденеңнен келген көк аттының олжасы болмаса қайтеді?!


Ар-ұят, намысы бар, еңбеккер ері, ақылды басшысы бар, сана-сезімі мол адамзат баласына берері көп ұлт болып сақталу — үлкен мақсат. Әр халықты сыйлауымыз керек, дегенмен «Еңкейгенге еңкей, басың жерге жет- кенше, шалқайғанға шалқай, басың көкке жеткенше» дейді халық мәтелі. Өз қадіріңді біліп, әркімнің алдында бүгежектемей, Бауыржандай тік жүргенге не жетсін!


Сөз соңында айтарым, біз өзімізді қадірлесек, іргелі ел, саналы халық- пыз деп санасақ, ұлттық сана-сезіміміздің оянғаны шын болса, 1916 жылы, 1932 жылы, 1937 жылы қырылған адамдардың құрметіне үлкен Мемориал ескерткіш салуымыз керек (менде оның нақтылы жобасы да жоқ емес), ол атылған, шабылған, аштан қырылып, көбі көмусіз қалған қазақтар ескерткіші болсын. Мемориал біздің ар-ожданымыздың Меккесіне айналып, жас ұрпаққа тәрбиені осы атаусыз бейіттің басына гүл шоғын қоюдан, басы- мызды сол жерде дәйім иіп жүруден бастауымыз керек. Бір күнді белгілі бір қайраткердің атылған күні ме, болмаса аштықтан ең көп қырылған күн бе, қазақ халқының қаралы күні деп жариялау орынды. «Өлгеніңді еске алмай, тіріңді жарылқамайсың» дейді қазақ атамыз.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу