26.02.2022
  170


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

ЕЛІМ-АЙ!

Күншығыстағы елдің Премьер-министрі Кити Миадзаваға журналис- тердің бірі: «Жапон халқының басты қасиеті неде?» — дегенде, ол: «Біз бірімізді-біріміз сөз айтпай-ақ түсінеміз», — деп жауап берген екен. Ал мен біреу өз халқым туралы осы сұрақты қойса, не айта алар едім деп ойланып қалдым.


Ұлт дегеніміз кездейсоқ адамдардың әлдеқалай жинала қалған тобыры емес. Ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, қуанышты, ренішті, жеңілісті, жеңісті бірге басынан кешірген, күнкөріс амалы, арман-тілегі бір, өздеріне тән әдет- ғұрпы, өмір тәжірибесі, дүниеге көзқарасы бар адамдардан тұратын ел-жұрт ұлтты қалыптастырады.


Оның өзара араласуға, ойын-тілегін ортаға салуға мүмкіндік беретін құралы — тілі, әдебиет пен өнері және тарихи тағылымы.


Жер үстінде бір тілде сөйлейтін жүз адам болса да, адамзат қоғамының жетістігі деп қараған абзал. Бұл — өмір, табиғат атты сәнді құбылыстың нәзіктігін, сан қырлы бояуы барын көрсетеді. Өзімізге ұқсас емес адамдар- дың кескін-келбетіне, сөз саптауына сүйіспеншілікпен, таңдана қара- уымыз керек. Ешбір тәжірибе, бізге бейтаныс көзқарас, біздікінен өзгеше дүниетаным ұмыт болмауға тиіс.


Еуропа жеке адамның құқығын қорғау керек деген байбалам салумен келеді. Мен: «Ең алдымен сол адамның елін, жұртын, халқын қорғау керек», — деп айтар едім. Жеке адамның талап-тілегі қоғам талабынан аса қоймаса керек.


 


«Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?


Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!» —


деп Абайдың өзі айтқан жоқ па еді?


Ұлт болған соң оның мүддесі, тілек-талабы, мұқтажы, арман көкжиегі болады. Кеңес дәуірінде «ұлтшылдық» деген ұғым құбыжықтай көрінді, ұлтсыздық пайда болды, ұлт мектептері зорлықпен тегіс жабылып, үстем тілде сөйлесуге көштік. Өз ұлтының арын, намысын, болашағын қорғаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқаев және Халел Досмұхамедов сияқты асыл азаматтар ұлтшыл атанып,


 


 


«халық жауына» айналды, ал жандайшаптар дәріптелді. Осыдан кейін «Біз не күн кештік?» деген сұрақ туады. Иә, біз неге ие болып, нені жоғалт- тық? Ұлттық сана-сезіміміз қай дәрежеде? Алда не күтіп тұр? Барар жол, ба- сар тауымыз қандай?


Ертеректе-ақ қазақтың кең даласына ұлы көршілеріміздің араны ашы- ла бастаған кезден бастап біз олардың назарынан шықпадық. Олар бізді көп жағдайда өзімізден артық білді. Мінез-құлқымызды, зейін-қабілетімізді, тұрмыс жағдайымызды, арман-тілегімізді, тұлғамыздың мықты, әрі осал жақтарын зер сала зерттеді. Іштерінде рахымы түсіп дос көзбен қарағандары да, мұрнын шүйіріп арам ниетпен, менсінбей, адам деп санамағандары да бар. Соңғылардың бірі — өзіміз орта мектепте оқып жүргенде құдайдай көріп, үлкен саяхатшы-ғалым деп таныған атышулы Пржевальский. Ол көшпенділердің өркениетті өмірге көше алатындығына күмәнданып қана қоймады, мұндай жағдай мүмкін емес деп үзілді-кесілді айтты. «Қойды итше үргізуге болмайтыны сияқты, өзінің табиғатында топас, жалқау, әр нәрсеге немқұрайды қарайтын көшпендіні жігерге толы өркениет адамына айналдыруға болмайды. Тіпті сахарасында өзінше «бақытты өмір» сүріп жатқан оларға өркениетті өмірдің керегі де жоқ», — деп соқты. («Русский вестник». Современное управление Азией, 1886 г. декабрь. — С. 476-481). Мұндай көзқарас кезінде Ресей империясында кең өріс алған болатын.


Атақты тарихшы Левшиннен бастап патшаның көптеген қолшоқпарлары қазақтарды кең далаға қашып келген Батыс Азиядағы түрік тайпаларының қоқыр-соқырлары, отырықшылыққа көндікпейтін ұры, әрі басбұзарлар деп біліп, бір сөзбен айтқанда, жойылуға тиіс нәсіл санағанын орыстың ұлы ғұламасы, академик В. В. Радлов ашына жазады, бұл пікірдің әділетсіздік екенін өзінің көзбен көрген мысалдарымен дәлелдеді (В. В. Радлов. Из Сиби- ри. — М., 1989. — С. 249).


Ф. Щербина деген зерттеуші («Киргизская народность в местах кре- стьянских переселений». СПб, 1905. — С. 5-6) қазақтардың он үш түрлі міні барын жазады. Олар: өтірікшілік, жайбарақаттық, арызқойлық, жала жабушылық, айлакерлік, мақтаншақтық, мылжыңдық, нәпсіқұмарлық, атақ- құмарлық, намыссыздық, жалған адалдық, жалған батырлық. Ал оның ойын- ша қазақтың жақсы жақтары: дін мәселесінде фанатизмге берілмей, өзге діндегілерге шыдаммен қарайтындығы, сауда-саттықта адал болып, сөзінде тұруы, ақыл-ой саласында білмегенін білгісі, көрмегенін көргісі келіп тұратындығы, арақ-шараппен әуестенбей мастыққа салынбауы, бала-шағаны


 


 


сүюі, қонақжайлылығы, үлкендерді сыйлап, ақсақалдарды құрметтеуі, соғыс емес бейбіт өмірді сүюі, табиғатпен қоян-қолтық болғандықтан, ақындық қасиетке ие болуы. Ол және бір назар аударатын мәселе — қазақтардың дені сау, өздері мықты келеді деп қорытады. Осы келтірілген мін мен қасиеттерді таразылағанда бірін-бірі жоққа шығарып, қайшы келіп тұрған тұжырым ба- рын да оңай аңғаруға болады. Өйткені, Ф. Щербина бір сөзінде «өтірікші»,


«адалдығы жалған» десе, екінші бір жерде «сөзіне берік, айтқанында тұра алады» дейді.


Әрине, зерттеушілердің көпшілігі біздерге өздерінің дүниетаным өресі- нен қарайды, сондықтан олардың пікірлері әрқилы.


Жоғарыдағы автор «қазақтардың жалған батырлығы» бар десе, орыс армиясы бас штабының капитаны Егор Казимирович Мейендорф өзінің


«Орынбордан Бұхараға саяхат» деген кітабында: «Бұл көшпенді халық (қазақтарды айтады — Ш. У.) азаттықты шексіз сүйеді, кімде-кім оған қол сұқса ата жауы санайды. Ержүрек, өзін емін-еркін ұстайтын қазақ 500- 600 шақырым жерде тұратын туысқанын, басқа рудағы досын көргісі кел- се жалғыз өзі бір сәтте жетіп барады» (М., 1975, 40-б.), — деп жазады. Ака- демик В. В. Радлов: «Алтай халықтарымен салыстырғанда бұларды (қазақ- тарды — Ш. У.) биікке көтеретін бір қасиеті — өзінің қадірін өзі біледі. Батырлығы, тіпті ерлігі серілікке ұласып жатқан рухы мол дер едім, бүгінге дейін бұл ерекшелікті қазақтардың барлық тайпаларынан көруге болады» (Аталған кітап, 355-б.). Ол осы еңбегінде: «Маскүнемдік деген залалды қазақтар білмейді», — дейді тағы да. «Олар егер көп ішсе, аз-мұз басқа шабатын қымыз атты ішімдікке ғана дағдыланған. Бір ретте мен қасыма ая- ғын зорға басып кіріп келген атқосшыма ұрсып едім, ол кешірім сұрап, мас еместігін айтты. «Тамақтан күпті болдым» деді ол. Шылым шегуді де қа- зақтар білмейді» (Аталған кітап, 336-6.). Қайран сол күндер-ай десеңші!


Ал бүгін олай деп айта алмаймыз. Жігіт пен қыздар ұялмай-қызармай қосылып арақ ішеді, шылым тартады. Аламан бәйгеге ат қосқандай, көп ішетін атақты елдер қарамызды көре алмай қалды. Жақында Мұқағали Мақатаевтың соңғы бір өлеңін оқып отырып көңілім босады.


Шарап десе шаттанып, құрақ ұшып, Болса өзімнен, болмаса — сұрап ішіп, Оралғанда үйіме, шешем тұрды:


«Тағы мас боп келді, — деп, — мына күшік».


 


 


Бастарында топан су, ақырзаман, Бас көтере алмады қатын-балам.


Бөтелкелес «достардан» басқа жан жоқ, Бөсіп кеткен кезімде мақұлдаған.


Енді әңгіме желісіне қайта оралайық.


В. В. Радлов қазақтар арасында қаншама тұрса да, бір дүниесі жоғал- мағандығын айтады. Бір жерде: «Қазақтарда ауру мен жүдеу жандар өте аз, таза ауада жүріп қуатты тамақ ішетіндіктен болар, кездесіп қалатын аурулардың түрлері де бірен-саран, қазақтардың көбі ұзақ өмір сүреді» (Аталған кітап, 252-6.), — деп жазса, тағы бір жерде: «Қазақтар сияқты әңгімешіл халықтың шешен келетіндігіне таңдануға болмайды. Көршілер- мен салыстырғанда қазақтар сөзге ұста келеді. Олар баппен еркін көсіледі. Сөзді меңгергендігі сонша, арасына өлеңдерді де келтіріп қояды. Байырғы әңгіменің өзін мақал-мәтелдеп, тақпақтап сөйлейді» (Аталған кітап, 332-6.). 1830–1831 жылдары поляк Адольф Янушкевич қазақ даласына сая- хат жасайды, ақындардың аға сұлтаны аталған Орынбай ақын мен Жанақ ақынның айтысын көзбен көріп, құлақпен естіп, осы ғажайып көріністі


таңдана суреттейді: «Айтыс басталды. Тылсым тыныштық орнады.


«Өзіңді-өзің таны!» (Дельфий қаласындағы Аполлон храмының кіре- беріс есігіндегі жазу).


Олимп ойындарындағыдай-ақ екі ақын бір-бірімен сайысқа түсті. Бірі шумақпен атқылай бастаса, екіншісі дереу жауап қайтарады, біріншісі батыл шабуылға шықса, екіншісі шебер қорғанады, жыр ұзақ сорғалады, айтыс бо- лып жатқан жерге ет салынған табақтар келмегенде, жыр тасқыны бітер ме еді, бітпес пе еді, оны кесіп айту қиын...


Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүние жүзі тағы және жабайы са- найтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой!


Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі топтың арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген шешендерге таңғалып, қол соққанмын. Ал бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жа- ныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен тәнтті етті!»


Бізге жылы көзбен қарап, жан дүниемізді барынша ұққан А. Янушкевич халқымыздың болашағын да сөз етеді. «Жо-жоқ! Имандай сырым. Тәңірім


 


 


бойына осыншама қабілет дарытқан халық — өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына күндей көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады.


...Өзіне менсінбей қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын алатын кезі келеді...» (А. Янушкевич. Күнделіктер мен хат- тар. — Алматы, 1979. — 82-85-66.).


1805 жылдары Маңғыстауға барған Рихард Каруц атты этнограф сурет- ші де қазақтар туралы әдемі естелік қалдырған. Ол да қазақтар арасын- да жүргенде бірде-бір дүниесі жоғалмағандығын, бірде-бір қайыршыны көрмегендігін, бірде-бір адамның жаман көзбен қарамағандығын жазады.


«Маңғыстау — балалардың жұмағы, — дейді Каруц. — Балалардың көп бол- ғандығынан сайын далада олар құрбыларын іздеп зар болмайды, ойын үшін жер кең және ата-аналарының мейіріне бөленген. Бұл жерде балалар үшін жерұйық іздеп жатудың керегі жоқ, аймақта олардың үстемдігі ғасырлар бойы жүріп жатыр... Он-он екі балалы әйелдер жиі кездеседі. Ауылда құ- жынаған балалардың у-шуы. Балалардың саны өскен сайын оларға деген ма- хаббат та еселене түседі».


Маңғыстаудағы қазақтардың денсаулықтары мықты болатындығын ол қатаң табиғатқа байланыстырады, олардың табиғи сұрыптаудан өтіп шың- далғанын айтады, сексен, одан да асқан жасқа келіп отырған көптеген шалдардың көңілді екендіктерін, бала-шағасының сый-құрметіне бөленіп отырғанын жазады.


Генерал-майор Броневский «Орта жүз қазақтары туралы жазбасында» біздің халықтың тікелей кескін-келбетіне назар аударады: «Қазақтар мықты жаратылған. Өздері ұзын бойлы, толықшалау болғанымен, қаққан қа- зықтай тік келеді, үнемі ат үстінде жүргендіктен аяқтары қисықтау, тістері өте-мөте ақ...».


Қазақтардың аруларын көріп ол таңғалады: «Әйелдердің ішінде ерекше сұлу ақ сарылары бар. Кескін-келбетінде бір міні жоқ-ау! Өңі ақ, оймақ ауыз, маржан тіс, сұлу мүсін, қара көзі шырақтай жанып тұрған перизатты, біздің сұлулармен қатар қойып тайталастыруға болар еді» («Отечественные записки», № ХІХ. — С. 211).


Жоғарыдағы біз сөз қылып отырған мырзалар қазақты тек қана мақ- тамаған. Мінез-құлқымыздағы, салт-дәстүріміздегі көлеңкелі жерлерді де сы- нап отырады. В. В. Радлов: «Өзің көп танымайтын қазақтың сөзіне сенуге


 


 


болмайды... Әсіресе жер жағдайын сұрасаң, барлық сұраққа тоқтаусыз жауап бергенімен, не туралы сұрап отырғаныңды қасақана түсінбеуі мүмкін.


Бірақ әңгімесінде алыс көршілерін рахаттана жамандап, ауылын, руын, өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады... Айлакерлік пен өтірікшілік жа- ғынан қазақтармен біздің сібірлік қазақтар ғана тең келе алады. Бұл жерде Сцилла мен Харибданың арасына түсіп қалмауға тырысу керек» (Аталған кітап, 33-б.).


Ғалым Каруцтың мына бір айтқаны да осы күнге дейін біз үшін мән- мағынасын жоғалтпаған сияқты: «Қазақтарда біздің ұғымымыздағы тазалық жоқ. Лас, кір-кір жерлерде болғанымды өкінішпен еске түсіріп, Еуропа- ның жұқпалы аурулары бұл жаққа жайылса көшпенділердің күні не болады деген қорқынышты ой мені мазалайды».


Айтса айтқандай, туберкулез ауруының кейбір облыстарда бүгін де кең етек алып отырғанын көнеден келе жатқан кемістігіміздің салдары деуге болады.


Қазақтар өз мінін өздері көрмеді деуге болмайды. Соның біріне ақын Мағжан назар аударған еді: «Ақыл қарында тұратындай-ақ, қарны буаз биенің қарнындай салбырап жатса, би болады-мыс, семіз болып пысылдап отырса, айбынды адам болады-мыс. Кейбір «мырзалар» сұлу боламыз деп жүргенде қиқаңдай ма керек, бұраңдай ма керек, қарап тұрсаң, жүрегің ай- нып, құсқың келеді. Осыларды көріп өскен қазақ баласының денесінде не сұлулық болады?! Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе, оған ауру жоламайды» (Педагогика. — Алматы, 1992. — 133-134-бб.).


Халқымыздың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру үшін біртұтас, жұбы жа- зылмас ел екенімізді таныту үшін ата-бабадан қалған жер байлығына, рухани байлыққа ие болу керек екендігін қазақ зиялылары жақсы түсінді.


«Ішіңе үңіл. Егер әрдайым тұңғиыққа бойласаң, түптің түбінде жақ- сылықтың сарқылмас қайнар көзі бар, сусында содан» (Марк Аврелий Антоний)


Дертке айналған бойымыздағы кемістіктерді ашып айтты. «Жұрттың берекесі кетуге себеп болған нәрсе — қазақта бірліктің жоқтығы, — дейді Әлихан Бөкейханов. — Бірлік жоқтан әр жанға еріп бытыраған, бірлік жоқ- тан қазақтың әрқайсысын әр жерден дұшпан ойбайлатқан... Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды. Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар, қыстыгүні


 


 


үңгірде жатып, өз аяғын сорған аюға ұқсас қой, қанша қомағайланса да сор- ғаны — өз аяғы» (Ә. Бөкейханов. Шығармалар. — А., 1994. — 121-б.).


Әлекеңнің осы пікірімен Ахмет Байтұрсыновтың айтқан сөзі де үндес:


«... біз, кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек».


«Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білім- ді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Не деген дана ойлар?! Бүгінде мағынасын, қажеттілігін жоймаған пікірлер емес пе? Ғылым, кәсіп, бірлік — Қазақстан сияқты алыптың нәр алатын терең тамырлары. Бүкіл республи- каны сауда алаңына айналдырып, тек алып-сатумен алысқа бара алмаймыз. Саудагерлердің еңбегі жаңа бұйым туғызбайды, саудагер бір нәрсені екеу қылып өсірмейді.


Білместіктің, надандықтың ең сорақы түрі — зиялыларды танымау, та- ланттарды қадірлемеу. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді қазақ. Тұлпарлар күнде туа бермейді. Жұлдыз боп жарқырап, түн көрпесін түріп пайда болады, халқының бақытына туады, халқының баға жетпес қазы- насына айналады. Мен жақында ғана жапонның дүние жүзіне аты жа- йылған «Сони» фирмасының іргетасын қалаушы Акио Морита мырзаның жазғанын оқыдым. «Жапонияның екі қаласы: Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталғаннан кейін еліміздің болашағы үшін барлық талант- ты адамдарды сақтап қалу мәселесі тұрды», — деп (ерекшелеген біз — Ш. У.) мәлімдейді. Бүгінгі күнде көп саладан дүниежүзілік деңгейге көтерілуі — жапон халқының өз зиялыларына, кемеңгер ғалымдарына ерекше жағдай туғызғандығының арқасы. Біз болсақ, кеңестер тұсында кемеңгерлерімізді құртып алдық.


Одан әріректе Біржанды, Абайды таяққа жығып, Шоқанды сайлауда құлатқан жоқпыз ба?!


Абайдың 1899 жылы Сенатқа жазған хатын халқымыздың тарихындағы қара таңба деуге болады. Ұяттан бетің қызарып, ызадан жүрегің сыздап, мына жолдарды зорға оқисың: «...Мұқыр болысының кектене жауыққан бір топ қазағы өршеленіп келіп маған тап берді... Олар мені жерге жығып салып, қамшымен сабай бастады...» Не қылған сұмдық!


Шоқан айтқан мына сөздің де жаны бар. Ол: «Жапа-жалғыз күресу қиын-ақ. Шындық қаншама қымбат болғанымен, заман сәулесін түсіріп тұрмағандықтан, көзге көрініп тұрған қателіктің өзінен арылуға болмайды екен», — деген еді.


 


 


Кереғарлық, әділетсіздік, көреалмаушылықтың себебін алыстан іздемей- ақ, көп бәленің ауылдан, ағайыннан басталғанын көруге болады.


Досбол би айтқан екен:


«Хан алдына барғанда, Хан тыңдады тілімді. Би алдына барғанда, Би таппады мінімді.


Өз ауылыма келгенде, Итке берсін күнімді».


Абайдың сөзі де ойға оралады:


«Арғын, Найман жиылса, Таңырқаған сөзіме.


Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне!»


Ал Ахмет Байтұрсыновтың өлеңінен тамшылаған қанды жасты көреміз:


«Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны, Маған ауыр осылардың бәрінен


Өз ауылымның «иттері» үріп, қапқаны!»


Мағжанның жыры да өкінішке толы:


«Не қылсам да түспеді Уысыма қуғаным.


Жібермеді, күштеді


Жақын бауырым — туғаным».


Ақын бұл жаман мінездің қызғаныштан, көреалмаушылықтан пайда болғанын айтады:


 


«Ақылы асқан данышпандар елінде Бағаланбай, қырын көзбен қаралар! Шетке даңқы, атағы асып кеткенде Қарсы болар ауылында ағалар».


 


 


«Нет пророка в своем Отечестве» деген Інжіл сөзі де бұл жерге тура келеді. Бұл жайдың көп халыққа тән екенін көрсетеді.


Әнші Мәдидің қалың Қаракесектің ортасында отырып: «Науқасым жанға батып жатқан кезде, болмады жан ашитын туысқаным», — деп зарла- уы, досынан дұшпанының көп болу сыры да іштарлықта жатыр.


Осы індет арамызда күні бүгінге дейін кездеседі десем, өтірікші атана қоймаспын. Бұдан бірнеше жыл бұрын біз туған ауылда әрі әнші, әрі жыр- шы досым Кәрімнің Сәбит Мұқановқа еріп жүргенін, ол кісінің жылы ілтипатына іліккенін қызғанып, ауылдың шолақ белсенділерінің оны таяққа жыққанын не дерсің?


Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өткен кезде кездейсоқ шетелден келген жерлестерімізбен автобусқа мінген едім. Сөздеріне құлақ түрсем, өзара қызылкеңірдек болып ұрысып отыр. Сондағы ат төбеліндей қазақ- тардың жамандағандары — таэквандо чемпионы Мұстафа Өзтүрік. Мен жағамды ұстадым, елінен шет жүрген адамдарға басқа көзбен қарайтын бол- дым, әлде маған бір жамандары кездесті ме?!


Шоқан, Абай заманында халқымызға «жығылған үстіне жұдырық со- ғылды». Ұлы империя арамыздан ши шығарып, аз нәрсеге таластырып басымыздың қосылмауын, бірлігіміздің болмауын мақсат тұтты.


1913 жылы «Айқап» журналының № 20 санында Қарасарттың ұлы Шардайдың «Қазаққа алалық қайдан келді?» деген мақаласы жариялан-


ған. Санкт-Петербургтің көпшілік кітапханасынан II Екатеринаның қа- зақтарға байланысты құпия Жарлығы табылыпты. Патша қазақ еліндегі әкімдеріне төмендегідей нұсқау берген көрінеді: (Қазақ елінің Ресеймен 250 жылдық бірге өткізген тағдырына байланысты болғандықтан, ұзақ болса да түгел келтіруді ұйғардық. — Ш. У.).


«1. Қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларымен қас етуге себеп болыңыз.



  1. Сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей талас- тырып, бірінің етін бірі жеуге сеп болардай іс қылыңыз.

  2. Қазақтың ел басыларын сұлтандармен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдармен араз қылыңыз; арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз.


Осылайша арасына от салып, береке-бірлігін алсақ, өзара азып-тоз- ғандықтарынан қазақ жұрты бөтен падишах қол астына көшіп кетерге дәр- мені болмас. Өз-өздері қырықпышақ болып қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін, күш алар үшін Ресей патшалығына жақын- дар, қорғалар. Сол уақытта Руссия хүкіметі араларына төре болып, билік ай- тып, ретіне қарай не ана, не мына жағын қуаттап тұру керек. Түрлі амалмен сұлтандарының күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келе- тін, кететін жері өзіміз болып, тілегенімізше қақпалап жорытамыз».


Бұл қаныпезер саясаттың ұзақ жылдар бойы табандылықпен іске асы- рылып отырғанын оңай аңғаруға болады. Сұлтан Барақтың Әбілқайырды өлтіру, Уәлиханның көзі тірісінде Орта жүзде Бөкейдің хан болып сайлануы сыртқы елдің айдап салу әрекеттерінің салдары десек орынды.


Кішігірім лауазымға таласудың өзі жылдар бойы елді жікке бөліп, па- рақорлыққа, арамтамақтыққа, ұсақтыққа тартпады ма?


Қазақ зиялылары бұл жайды білді, бұл жандарына батты. 1911 жылы


«Айқап» журналының бірінші нөмірінен мынадай жолдарды оқимыз:


«Қазақ халқындай мұқтажды халық Россия империясында бек аз. Жерден айырылдық, дін мекемелері жоқ, дунияуи күніміз қараңғы тұман.


Управитель, старшина, народный судья деген лауазымдар естен тандыр- ды, басымызды айналдырды. Өңкей надан халық бұл лауазымдар үшін малда- рын шашып таласты, ел пайдасын ұмытты».


Ұлы Абай елге келген кеселдің себебі мен салдарына тереңірек үңілді:


«Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға.


Күнде жақсы бола ма, Бір қылығы жаққанға? Оқалы тон тола ма, Ар-ұятын сатқанға?!


«Өлімнен ұят күшті» дейтін қазақ, «малым — жанымның, жаным — арымның садағасы» дейтін қазақ, «ар-ұятын сатып», осылай бүлінді емес пе? Әрине, отардағы елдің хал-жағдайы, күні осы еді. Шағын халықтың өз мем- лекетін құрып, оны орыс имперализмі шеңгелінен өз күшімен ғана қорғап қалады деп үміттенуге де болмайтын еді. Қазақ халқының қайтпас қайсар, ержүрек, табанды әрі саналы ұлдарының бірі Мұстафа Шоқаевтың Ресей- мен арақатынас туралы айтқан сөзі көңілге қонады: «Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда, жақсы халық және жаман халық де- ген ұғым жоқ, болмайды да. Халықтың («Ұлтшылымыз» қалай сөйлейді? — Ш. У.) бәрі бірдей, бірақ саяси тұрғыдан алғанда мәселе басқаша... Біз қазіргі заманғы саяси құрылысы өзімізден әлдеқайда озық, үлкен бір халықтың шеңгеліне түсіп қалдық. Ол бізден анағұрлым артық қаруланған-ды».


Күні кешеге дейін Ресей тек көршілері үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қауіпті ел болды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсон, 90-жыл- дары Кеңестер Одағынан АҚШ-қа оралғанда: «Өкінішке қарай, Ресей — күні бүгінге дейін Американы жойып жіберуге шамасы келетін бірден-бір мемлекет», — деген екен. Ресейдің бір кездегі Қорғаныс министрі Грачевтің


«ТМД дегеніміз — Ресей» деуі де тегін емес. Америка генералы У. Одом- ның айтуынша, Ресейдің әскери доктринасында бүгінге дейін империялық ойлау жүйесі сақталған.


Біз де сақ болуымыз керек. Халықаралық қоғамдастыққа сүйенбесек, жағдай әлдеқалай болмақ!?


Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев көп алдында сөйлеген бір сөзінде былай деген еді: «Талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткізіп жер бетінен құрып кетуге аз-ақ қалған қазақ халқы, тек бүгін ғана азаттық ауасын кеуде кере жұтып, өз мемлекетімізді құруға мүмкіншілік алып отыр». Ақиқат сөз.


Демек, біз тарихтың өзі алдымызға сыйға тартқан мүмкіншілігін дұрыс пайдалануға тиіспіз.


Казақстан алып-сатарлар мемлекеті болып өмірін сақтайды деген ой- дан мен аулақпын. Алдымен экономиканы өркендетейік, мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым өз-өзінен дамиды деген пікірге де қосыла алмаймын.


Маскүнемдікке, нашақорлыққа, ұлтсыздыққа, жезөкшелікке «цивилиза- торлар» әкелген кеселдің баршасына қарсы ұлт болып жұмылмасақ, хал- қымыздың рухани денсаулығын сақтай алмаймыз.


Біздің жерімізге де, өзімізге де ата-баба аңсаған тазалық, сүйіспеншілік қажет. Өткен данышпандарымыз айтқандай білім, кәсіпшілдік, еңбек- қорлық, игі істердегі бірлік керек. Бұл қасиеттерсіз гүлдену жоқ.


Қазіргі бір үлкен мәселе — жастарды тәрбиелеу. Бұл салада біз қойымыз- ды алдырып, қора салып жүрген сияқтымыз. Сөзімізді тірілтейін. Жуырда ғана Достық даңғылы мен Абай даңғылының бұрышыңда көлік күтіп тұр едім, автобустан түсе сала алты қазақ жігітінің төбелескенін көрдім. Алты деймін-ау, бесеуі біреуге жабылып, ішке тепкілеп, бет-аузын қан ғып кетті. Тұрған жұрт шошынып, үрпиісіп қалды. Тек әлгі жігіттерде қымсыну, қысы- лу жоқ. Жасаған айуандықтарына әдемі қылық көрсеткендей қарады.


 


 


Ол — ол ма? Алматыдағы бір қазақ мектебінің жанында он төрт-он бес жасар қыздардың жиналып, екі топқа бөлініп, араларынан жекпе-жек- ке қыз шығарғанына куә болдым. Бірі сары, бірі қараторы екі қазақ қызы бірінің шашын бірі жұлып, айтпаған сөзді айтып төбелескенін көргенде, төбе шашым тік тұрды. Шыдай алмай, қасына жетіп барып: «Бұларың не? Как вам не стыдно?» — дегенімде: «Старик, иди на ...!» — дегені. Сол күні ұйықтай алмай шықтым.


Бұрын «қызға қырық үйден тыю керек» десек, бүгін бүкіл ауылдың ша- масы келмей жатыр. Әркімнің қолтығында жүрген, шетел қонақүйлерін торыған бойжеткендеріміз көбейіп барады. Жұмыссыз сандалған жігіттердің де халі шамалы. Ел болып, халық болып қолға алмасақ, бала тәрбиелеуге жеке адамның, жеке отбасының шамасы келмей қалды. Атадан балаға мирас бо- лып қалған қаншама ұлағатты дәстүрді жоғалттық. Тәрбиелі ұрпақ — бақыт, көргенсіз ұрпақ — сорымыз емес пе?


Қазақтардың ішіне кірме болып отырған неміс пен кәрістердің жас ұрпақтың тәрбиесіне қалай көңіл бөлгенін көрсеңіз ғой. Немістер балабақ- шаларында тәрбиеші болатын адамдардың өзін тәрбиелеп жатыр.


Немерем оқитын Алматыда ашылған лицейге барсам, кәріс кластары бар екен. Тілдері мемлекеттік статус алмай-ақ, у-шусыз барлық пән кәріс тілінде жүреді екен, есіктегі жазулардың бәрі сол тілде. Ал қасындағы қазақ балалары оқитын жерден, өкінішке қарай, өзіміздің тілдегі жазуды көрмедім.


Ендігі айтарым: нені болса соны көптің, тобырдың ортасына салып талқылау береке бермейді.


Талантты, ойлы, зерделі маман адамдарымызды қадірлеп, солардың айт- қандарына құлақ түріп, ыңғайына жүрсек, қызғаныш, көреалмаушылықтан ауылымызды алыс қондырсақ — жақсылыққа апаратын тура жол сол дер едім. Өз халқымды ғана сүйем деген желеумен өзгелерді місе тұтпау, болмаса әлдекімге көзсіз табыну — ол да бір зор кесел. Бүкіл адамзат баласының ру- хани дүниесі бәрімізге ортақ. Оларды игермей, қажетімізге жаратпай және ата-бабаларымыздың жақсы қасиеттеріне толық ие болмай, оны әрі қарай


байытпай, іргелі ел бола алмаймыз.


Мүмкін, осындай жаңа биікке шыққан тұста, жапондықтардай біз де бірімізді-біріміз сөзсіз түсінеміз деп ұялмай айта алар едік. Лайым солай бол- са екен!


«Егемен Қазақстан», 7 мамыр, 1999 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу