Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  128


Автор: Абдрахман Асылбек

Балалар үйіндегі баланың арманы

Әлде, бірден асқанмын,
Әлде, екі жастамын.
Шыға келдім шырылдап,
Құшағынан басқаның.
Кезек-кезек қолға алып,
Аймалайтын толғанып,
Әке-шешем бар еді,
Қалған кезім оң танып.
Әке-шешем бар еді,
Тамылжыған таң еді.
Олар барда әр күнім
«Бесік жыры» – ән еді.
Шығып қалған тілім де,
Сондай күннің бірінде
Жұмбақ жайға тап болдым,
Ұқпай қалдым түгін де.
Мүлде бөтен баспана,
Кілең мендей жас бала.
Құшып-сүйіп, толғанып,
Аялайды басқа ана.
– Қайда, дейміз, мамамыз?
Аялаған анамыз?
– Келеді, – деп жұбатса,
Соған сеніп қаламыз.
Бірақ, ана келмейді,
Өз баласын көрмейді.
Тебіреніп, толғанып,
Өрік, мейіз бермейді.
Анамызды тосамыз,
Өксіп, әнге қосамыз.
Бірақ, ана келмейді,
Болғаны ма бос аңыз?
Алғаш бөтен үй көрдік,
Көп нәрседен имендік.
Балалардың үйіне
Бірте-бірте үйрендік.
* * *
Тәрбиеші анамыз
Болды нағыз панамыз.
Ұйып тыңдап сөздерін,
Айтқан тілін аламыз.
Анамыз еш жатпайды,
Бізді күтіп-баптайды.
Ісімізді әр жақсы
Мадақтайды, мақтайды.
Көйлек бүтін, тамақ тоқ,
Кірбің тартқан қабақ жоқ.
Жеттік жеті жасқа да,
Мектеп көрдік, сабақ деп.
Жақсы көңіл күйіміз,
Артық көрген сыйымыз.
Балалардың үйі енді
Өзіміздің үйіміз.
* * *
Қазақстан елім бар,
Ұлан байтақ жерім бар.
Барлығына қамқоршы,
Ел басқарған Ерім бар.
Қазақ деген халқым бар,
Ата дәстүр, салтым бар.
Егеменді ел болған
Әлемге аян даңқым бар.
Туған ана тілім бар,
Тілім болса – күнім бар.
Бір Аллаға берілген
Мұсылмандық дінім бар.
Жадыраған жаным бар,
Бойда ұлттық қаным бар.
Бірақ, бір зат жетпейді
Қазақ болып танылыр.
Талшыбықтай бұралған
Кеудем толы мың арман.
Бәрінен де бастысы,
Кетпейді ойдан бір арман:
Болса туған анашым,
Аймаласа баласын,
Болмас еді өмірде
Одан артық жан асыл.
Болса туған әкешім,
Әке деген – шат есім.
Тәрбиелеп баласын,
Берер еді мәпесін.
Кешпесем де жаман күн,
Күні-түні алаңмын.
Армандаймын болғанын
Мені туған анамның.
Екінші анам – ана тіл,
Ақыл кені, дана тіл.
Ана тілмен қашанда
Қатаяды қанатым.
Үшінші анам – Отаным,
Отан – менің шат әнім.
Туған жердің төсінде
Шын бақытқа батамын.
Осы менің үш анам,
Үш анамнан күш алам.
Болса аман үш анам,
Көкке самғап ұша алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу