Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  109


Автор: Абдрахман Асылбек

Жолаушы

Еш нәре жоқ ойымда, жайбарақат жол еді,
Жолсерікпен шәй ішіп отырғаным сол еді.
Өте бердің қасымнан қас-қабағың қиылып,
Отқа түскен торғайдай кетті жүрек жиі ұрып.
Одан әрі не күйде екенімді білмедім,
Іздедім бе әлде бір танысудың ілмегін.
Ақтарылып ыстық қан арнасынан ақылдың,
Атып тұрып, өзіңді шәй ішуге шақырдым.
Рахмет дедің сен жымидың да жай ғана,
Сенің балғын нұрыңнан балқып кетті айнала.
Талай-талай арудың тәтті әуенін тербеп ем,
Тербегенмен, тап сендей тәңірісін көрмеп ем.
Жататұғын купеңе кірдім бірге ілесіп,
Ақтарылды айрықша ағыл-тегіл жыр есіп.
Арғымақтай арынды қалауымша көсілдім,
Бұрыштағы ағаңды байқамаппын, кешіргін.
Төгілдім мен тағы да ашып жырдың қақпағын,
Ағаңды да аялап, асыра кеп мақтадым.
Жібергенім соншалық сұлу сөзбен ырза қып,
Бұрын естіп-білмеген көрсетті ол мырзалық:
Тастап бізді оңаша, шығып кетті бөлмеден,
Аласұрдым адамша сахарада шөлдеген.
Ай мен күнін алдыма ақтарғандай аспаным,
Керегі жоқ дедім мен бір өзіңнен басқаның.
Көктеменің гүліндей жұпар атып жас тәнің,
Уылжыған ерніңнің балын сора бастадым.
Сөзбен айтып жеткісіз рахатқа баттым мен,
Тұла бойың өртеніп, күйіп бара жаттың сен.
Кенет ұйықтап тұрғандай әлде неден қысылдың,
Қысылдың да, кеудеңнен ақырындап ысырдың.
«Мың бір түнде» жырланған аруындай
Мысырдың,
Мәрмәр тұлғаң маужырап, мың құбылдың, мүсіндім.
Сенен басқа өмірде болмас сірә мұратым,
Содан кейін сақайып, сапарыңды сұрадым.
Сөніп бара жатқандай үміт отым-шырағым,
Тасқа тиіп ақ маңдай, тізеңе кеп құладым.
Танысуды тамаша тамамдаған бір күнмен,
Бұл тағдырдың қайрымсыз қаталдығын кім білген?
Жол айрығы амалсыз арамызды айырмақ,
Пойызымыз қалсайшы кемедей бір қайырлап.
Қас қылғандай, Құдай-ау, берген бе әсте тілекті?
Темір тұлпар гүр етті, от жүрегім дір етті.
Ақтық рет аймалап балғын жұмыр білекті,
Қарғып кеттім вагоннан, жамылып түн-түнекті.
Айдай сұлу аруым бара жатты алыстап,
Қала бердім мен оған жан-тәнімді табыстап.
Қашан енді қайтадан көңіліміз табыспақ? –
Релістің бойымен өміріміз жарыспақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу