24.02.2022
  368


Автор: Айгүл Кемелбаева

«Өлең деген – ұлтымның өзегі...»

Айтыстың өз дәстүрі бар – халықты қастерлейтін. Жыр көкпарына түсетін ешбір ақын мұны айналып өтпейді. Арнауда ұлтжандылық әсіре сезіліп тұруы артық етпейді:


Армысың, дулығалы батыр қазақ, Найзасының ұшына жау мінгізген.


 


Айтыс – ел үшін, «айтыс сүйген алаштың арқасында» ақын еркелеуге қақылы. Айтыс ауыз әдебиеті, фольклорлық үлгі болғанмен, жазба әдебиет, классикалық өлеңнен үйренуге бар, оны фон етіп шебер пайдаланады. Тілеген Әділев Дәулеткерейге:


Айтарыңды сен де елге ақтар енді, Түкті жүрек жігітсің, алтын көмей.


Қызықтап қыпшақ, найман қарап тұрсын, Қақтығысып көрейік арғын, керей, –


 


десе, бұл Абайдан жұққан перифраза: «Арғын, найман жиылса / Таңырқаған сөзіме».


Бұқар жыраудың сарыны, Сүгірдің мақамы, қазақта өткен небір ақындардың сөз қоры айтыс ақындарынан шығады. Тілеген Дәулеткерейге бір қызық марапат теңеу айтады:


Маралкөз, бұлбұл үнді Дәулет едің, Күлетін қарсыласқа миығынан.


 


Орта ғасырдағы парсы поэзиясы дәстүрінде билеуші шахқа әйел затына қолданылатын небір айшықты теңеулерді сарай ақындары қолданса, ол оғаш саналмайды екен, соған ұқсап кетті.


Қазыналы айналдым қарттарымнан, Шыңдары мәртебелі биік таудай.


Ақ жаулықты айналдым әжелерден, Әлдилері әлемді ұйытқандай.


 


Адамның   ата-анасын   құрметтеуі   халықтық   ұғымға   ұласады.   Дәулеткерейдің уызына жарып өскенін айтыста қызып отырған кілең жүйріктер растайды:


Егеухан анаң тойғызған Өлеңге сені жөргекте. Жалғыз өзің шаппассың,


Қалғандай жалғыз жер-көкте. Шап бергенге тап берсе,


Сол айтыс қызық көрмекке.


 


Бұлай жырлаған Маржан Есжанованың анасын айтқанына Дәулеткерей де разы:


Анамды айтып кеттің ғой, Қулықтан туған құбаша Ененің сүтін еметін.


Анамды айтып жатырсың,


 


Мәңгілік менің ақылшым Мейірім нұрын төгетін.


 


Дәулеткерейдің әкесі Кәп («Әке, сен аңғал екенсің, «қожа­на­сырлау» / Құлынға құда түсетін тумаған әлі») – ат арқасындағы на­ғыз қазақы тіршілікте өткен әке – ақын. Оразалының оған әкеңнің есімі қызық деп әзілмен тиісетіні бар. Анасы – ақын. Ошағында жыр оты лаулаған ақын баланың ата-анасы бірдей ақын болуы сирек.


«Шалқар» радиосының қайта ашылуына арналған айтыста Дәу­леткерейге Бақыт Жағыпарұлы артық айтпағанына алаш жұрты куә:


Сендей ұлды өмірге алып келген Мың тағзым Егеухандай анамызға.


 


Анасын ардақ тұтып, сүйген ұл қазақ қарындасын ерекше сыйлайды.


Қарындасқа қарайтын қорқау емен, Сенсің ғой Тарбағатай балапаны, –


 


дейді ол Сара Тоқтамысоваға. Қарындасты лайықты бағалау, оған басқаша қарамау мәрттік, баяғыда қазаққа тән дегдар мінез болатын. Сол дәстүрді жаңғырту керек. Өйткені Дәулеткерей Мейіржан Әлібековке айтқандай:


Құлан із тастағандай қырдан қашқан Бір ауыз сөзге қазақ семіретін.


 


Дәулеткерей «Өрттен шыққан ұшқындай / Өлеңді оттай шашатын» Оразалы Досбосынның беймезгіл қазасына айтыста жырмен жоқтау айтқан қазақ дәстүрінде:


Тірлікте баспаушы едің тексіздікке,


Мейірін тыңдарманның қандырушы ең...


 


Айтыста дер шағында тоқтай алу да оң:


 


Қадір қашпай тұрғанда тоқтайықшы, Әлі де кездесерміз, жер домалақ, –


 


дейді ол Серік Құсанбаевқа.


Сахнада солығын басқан жүйріктей дер шағында тоқтауды білген Дәулеткерейдің айтысты тастап, жазба поэзияға ауысқанына ел куә. Оның сырын ақынның «Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау / Дүр рухыма от берсін!» деп ғарыштық кеңістікті қалаған жүрегі біледі. «Бабын тапсам деп едім бабамдай жырдың» – үлкен поэзияға ауысуына еш таласымыз жоқ.


 


Бала күндерім – балауыз бақыт,


 


Баяның кеткен жырақтап. Қаймақ ерінге қара уыз қатып, Қаймана жылдар жұбатпақ.


 


Жұбаныштарым – жыр ағыстарым, Балауса белдің тұмасы.


Жанымның жазға құрақ ұшқанын Сарғалдақтардан сұрашы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу