Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  910


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ДӘУРЕН СЕМБАЙ айтысы

Дәулеткерей:
Деп айтсам, ағайын-жұрт, шабыт кеп тұр,
Айтысқа қарақұрым халық кеп тұр.
Жүрсіні жоқ айтыста – Құсанбаев,
Айтыстың бөлектігі анық боп тұр.
Дәурені жүріп тұрған бұл ағасын
Дәурендей бір інісі тауып кеп тұр.
Атылмаған мылтықтың оғындай боп,
Мен білмейтін балалар қауіп боп тұр.
Жеребемен анықтап жұбымызды,
Бағымыз аквариумда балық боп тұр.
Жүрсіні жоқ айтыста жюри де көп,
Бұл өзі артта қалар тарих боп тұр.
Азатпын деп айғайлаған қазақ үшін
Шәкәрім шапағаты жарық боп тұр.
Бісміллә, сөз бастайын асқақ әнмен,
Менде жоқ сайысудан жасқанар жөн.
Қара Ертіске кеп қондым қасқалдақтай,
Қасқайып күн шыққанда қасқа белден.
Көріп, міне, көңілім бір марқайды-ау,
Алтайдың ақ шыңдарын аспан емген.
Ассалаумағалейкум, ақ жарқын ел,
Тарихын тауға қашап, тастан өрген.
Сырттан келген жауыңды сырттандай боп
Қабанбайдың рухы жасқағанмен.
Ағайын, мен де талай алқаңа кеп,
Оралханның тойында дастан өргем.
Шәкәрім қажы тойы құтты болсын,
Бақытыңды бағала басқа келген.
Ұлт иманын іздеген қажы атамның
Ішінде іңір сөйлеп, ақшам өлген.
Алланың ақыреттік Құранының
Ақиқатын жеткізген ақ сәлеммен.
Ғұлама ғалымға кеп тоқталамыз,
Ақындықты Абайдан бастағанмен.
Тіреп тұрып атса да ту сыртымнан,
Қарсы келген ажалға қас қағар ма ем?!
Ал, Дәурен, жолың болсын, айналайын,
Кездестім өзіңдейін жақсы адаммен.
Атаңның тойына кеп асыр салып,
Ақын болсаң, ақ сөйле, асқа келген.
Қызырдай әулие екен шалдарымыз
Қызылдың қырғынынан масқара өлген.
Нар тұлғасын қазағым жарқыратты-ау,
Алтын басын құдыққа тастағанмен!
Бүгінгі мынау шығыста
Айтатын сөзім анық-ты.
Ақын едім ежелден
Арнасы баяу қалыпты.
Дәурендей інім қасымда
Дәл келіп орын тауыпты.
Шәкәрімдей бұл тойда
Айта алса екен ақындар
Қазақ үшін «үш анықты».
Тәңірім өзі қолдаса,
Кедергі ешбір болмаса,
Қазақтың жолы жарық-ты.
Ал, Дәурен, енді сен сөйле,
«Атылған оқ даңқты,
Атылмаған оқ қауіпті».
Дәурен:
Қызыл тілді болдырмас жорға қылсақ,
Жақсы өтер айтыс деген жолдағы шақ.
Соншама сасқалақтап не көрінді,
Мені түсірмек едің ғой торға тұсап.
Шумағыңнан шатаса бердің неге,
Дұғасынан жаңылған молда құсап?
Бісміллә, бойдан қуат арылмағын,
Мен бүгін бәйге атындай бабымдамын.
Жаратушым, жалқы Тәңір, жебегейсің,
Сейілсін санамдағы зарым қалың.
Қалқып ап ұшпақ едім зеңгір көкке,
Қамтымақ пиғылым жоқ қарын қамын.
Алтайдай алып тауға ат тіредік,
Басамыз деп бабалар орындарын.
Шәкәрімдей ұлыны ұлықталық,
Әр дәуірде жалғасын әр үнді әр үн.
Көрермен, келді алдыңа Шәкәрімнің
Сақалына татымас сары ұлдарың.
Ұлыңның ең жаманы мендей болса,
Арда Алаш, болмас еді сорың қалың.
Тілеулес тектілерім, есенсіз бе,
Тілемес тынысымның тарылғанын.
Көп сәлемдесудің де қажеті жоқ,
Көзімнен түсінеді ел бәрін-бәрін.
Адам ақын жырынан от алмас дәл,
Сөзімнен ой түйіндей жатар жастар.
Бәріміз мына өмірдің мейманымыз,
Әр басқан қадамына жасар жоспар.
Аманбысың, аяңдап бұл фәниден
Бақиға бара жатқан сапарластар.
Айтыста ақтарылса сырдың бәрі,
Білінбес көкіректе кірбің бары.
Қайран баба, қаймана қазағымның
Тыйылды ымырасыз ырбыңдары.
Алайда көрмей кеттім деп өкінбе,
Ұлы ұрпақ ұмытпайды үлгіңді әлі.
Сенің елің әлемге әйгіленді,
Жатқа танып жұмыр жер тұрғындары.
Сенің елің – сөздегі сайыпқыран,
Төл тарихын тірілткен құрдымдағы.
Сенің елің – патшасы поэзияның,
Бұрынғы әннен өзгерек бүгінгі әні.
Бүгін, баба, бәйтерек болып өсті
Кеше өзің егіп кеткен жырдың дәні!
Ұл емен айтыс шартын ұғынбаған,
Көмбеге қайтсем де елден бұрын барам.
Армысың, Дәулет аға, қарсыласым,
Арзан сөз ауылына бұрылмаған.
Үй іші, мал-жан тегіс аман шығар,
Сен десе боп жүреді інің де алаң.
Аяқ алыс, жүрек қағыс орынша ма,
Жан ең ойы он түрлі, тілің – жалаң.
Бәрін қойшы, дайындығың қалай өзі,
Бір пәле шығарарсың, түрің жаман.
Алпыс алты айлаңның айтыстағы
Нешеуін қолданбақсың бүгін маған?
Десе де үміт гүлін солдырмаймын,
Дәлелдеймін, дәп бүгін болдырмаймын.
Бұл кісі дегеніңнің кілті аспанда,
Берекені бұзбау ғой – мол бір қайғым.
Бүлініп қал, сынақта сүрініп қал,
Оған бола өкініш отын жандырмаймын.
Аңырып қал, сөзіңнен жаңылып қал,
Оған бола қайғымды зор қылмаймын.
Мүлде жанба, осы жолы жүлде де алма,
Оған бола өзекті талдырмаймын.
Желігіп қал, соңында жеңіліп қал
Деп сізді қарғайтындарды оңдырмаймын.
Дәулеткерей:
Мен бүгін домбырамды шертіп тұрмын,
Шәкәрім, өлең жайлы ерте ұқтырдың.
Өлеңнен жаңылдың деп Дәурен інім,
Менің бұлттай қайғымды серпілттірдің.
Шумақтан жаңылардай не көрінді,
Демеспін сенен бүгін қорқып тұрмын.
Жаңағы өзің айтқан жалғандағы
Мен дағы біреуімін зор тұтқынның.
Алтайға келмегелі жеті жыл болды,
Сондықтан шабытыммен шалқып тұрмын.
Алтайдың ақ бас шыңын көрген кезде,
Сезімімді тыя алмай толқып тұрмын!
Алаңсыз айтады ғой ағаң өлең,
Сен дағы жүгірерсің шамаменен.
Керуеніңді түзерсің өлеңдегі,
Алдыңда өткендерге қарап ерен.
Асып-таспай өтерсің өнер жолда,
Халқың өзі беретін бағаменен.
Дәурендей інішекті жолықтырсам,
Айтармын ақылменен саналы өлең.
Батпырақтап батпаспын мен батпаққа,
Балақ түріп жүгірген баламенен.
Қара Ертіс, көк мұхиттың кенересі ең,
Қарт Алтай, қазағымның керегесі ең.
Шалдардың рухани азаттығы,
Қате емес, жауға атылған жебе десем.
Арқырап Арқа жақтан неге келдім,
Сіздерді қуанышқа бөлемесем?
Қанды қырғын көрсеткен қазағыма
Кесірлі кер қоғаммен ерегесем.
Қажыны «халық жауы» атандырып,
Қарақшыдай шығарған төбеге сен.
Шәкәрім қажыны атқан қызыл үкімет,
Өзіңе кеткен шығар бөлек есем.
Ал енді Ақыт қажыны Қытай атты,
Тарихты таразылап, төрелесең.
Кекті өлең айтып жатсам, айып етпе, ел,
Демеспін енді ешкіммен төбелесем.
Жиырма бес жаста әжем жесір қалған,
Мен де «халық жауының» немересі ем!
Дәурен отыр дәуірді құлатардай,
Ұлы болмассың, халыққа ұл атанбай.
Қалмасын сенің жаңа көктемдегі
Жырдай нәзік бүршігің гүл ата алмай.
Осқырынып қарама бұл ағаңа,
Құлағынан үріккен құла тайдай!
Дәурен:
Қолына түскен кезде кемеңгердің,
Мен де өзімдік шамамды дәлелдермін.
Құлағынан үріккен тайдай деп айтасың,
Бар жырын ұғынғандай көрерменнің.
Тай деген құйрығынан үркуші еді,
Құлағынан үріккенді сенен көрдім.
Ал, баба, ащы айтылар сырымды көр,
Ызадан у тамызар тілімді көр.
Шынында біздің жағдай мәз болмай тұр,
Солақай саясаттан сүрінді ел.
Білесің, ауру қалса да, әдет қалмас,
Қылмыс қөп тірлігіңнен түңілдірер.
Тілді, дінді жаттауды мүлде қойдық,
Ібіліс іліміне ілінді ел.
Сен сыйлаған Абайды біз қорладық,
Бәрін жоққа шығарып білімділер.
Ұлт рухын жоқтайтын тарландарға
Тәсіл қылдық тар жерде сүріндірер.
Әлі бар Қарасартовтай қандықолдар
Тектілерді табытқа тығып жүрер.
Алла, әйтеу, түбін қайыр қылсын деймін,
Жандар көп жауыздықтың тілін білер.
Иен жерде құдыққа көмбек түгіл,
Үйіңде атып кетеді бүгінгілер.
Шындық айту шайырдың міндеті де,
Барымды айтпай біте ме шыр бетіме?!
Жығылғанға жұдырық жасағыштар
Ақиқат үшін бөлмес тілді екіге.
Білерім, Тәңір ынсап берсін деймін
Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне.
Сіз де енді жамандықты жаншып айтып,
Жақсылықты менімен бірге тіле.
Ал сіздер бір қол соғып қойыңыздар
Дәукеңнің кезек алу құрметіне.
Дәулеткерей:
Сен мені жеңемін деп серт еттің ғой,
Қаулатып өлеңіңді өрт еттің ғой.
Тай деген құлағынан үрікпейді деп,
Менің айтқан сөзіме селк еттің ғой.
Мен білсем, тай-құнанның құйрығына
Шелек байлап үйренген тентексің ғой.
Арманың жеткендей ме айға кілең,
Дәурен інім, айтысқа қайралып ең.
Рухымыз зау көкке жоғарылайды
Шалдар өзі көтерген байрағымен.
Алдыңда алқа топта ақындарың
Сөйлесін қызыл тілдің қаймағымен.
Білесің бе, Дәурендей ақын інім,
Мен талай аламанда сайланып ем.
Дегелең, Мыржықтайын тауларға кеп,
Қозы жайып, Қобыландыда қой бағып ем.
Үржар мен Тарбағатай, Ақберліде
Тастүлек құсың болып айналып ем.
Артымнан өзіңдейін інім ерсе,
Көңілмен масаттанып, жайланып ем.
Алтайға келген кезде толғанғандай,
Туған жерге кіндіктен байланып ем!
Бұйырса, алдарыңда жыр құраймын,
Түсіп ап сорабына дүлдүл ойдың.
Шәкәрім бабам тойы боп жатқанда,
Шықпасын қызыл тілден мұңлы қайғым.
Алыпты ту сыртынан атқан жандар
Халықты дей алмайды бір құраймын.
Қазақтай қайсар туған ағайынға
Көзі түзу болса екен бір Құдайдың.
Халықпен бірге жасар асыл өнер,
Туған жердің тобылғы тасы да өнер.
Қазағым, өткен жолды қозғағанда,
Көзіңе запыранның жасы келер.
Дәурендей жалындаған жас жігітке,
Талант та тау суындай тасып өнер.
Тағы да ары қарай тыздаяқта,
Жабағы тайдың тері ащы келер.
Дәурен:
Тәңір-ау, жолды да оңғар, тілді де оңғар,
Сөзді де оңғар, сөзімнен сұмдық аңғар.
Біз барамыз балықтай бастан шіріп,
Намысқа назар салмай нұрлы жандар.
Жемқорларың жеп жұрттың несібесін,
Момын елде молайды мұңды жандар.
Өңшең қазақ өз тілін өгей көріп,
Түкті де тындырмады түрлі заңдар.
Жетімдер үйі деген жын атады,
Жүгінерін білмейді кімге ұландар.
Қарттар үйі дегенің қарақұрым,
Бұған бас қатырмайды тірлік оңдар.
Қыздар да шарасыздан тәнін сатты,
Бұл қасірет етеді кімді заңғар?
Әттең, бұнымен күрескен ешкімі жоқ,
Әншейінде самғағыш нұр қырандар.
Қаптады ғой қоғамда бастарына
Ақ құйсаң да шықпайтын сұр жыландар.
Осылай ойдың кенін қазғанда ұлы,
Шығады ақыл ақының аз қалдығы.
Аузыма тілім сыймай сөйлегенмен,
Жалған емес балаңның жазған жыры.
Сөккенмен, сенен ұлы ел жоқ маған,
Тек мансаптың болмайық азған құлы.
Мақсатым – жігеріңді жырмен жану,
Тумаса екен туыңның тозған күні.
Қалғыған рухыңды оятса екен
Санаңа сіркіреген сөз жаңбыры.
Мен сенің көнбеспін де күштеуіңе,
Тек өкінбен өзіңе түскеніме.
Тасбақалық жүрісті танытпастан,
Қыран болып айтыстың ұш көгіңе.
Сенген қойым сен болсаң дегізбестен,
Тәмам елді тәнті етіп істеріңе.
Сөзіңізге қарап, сенбей жүрейінші,
Сау адамның тамағын ішкеніңе.
Дәулеткерей:
Бауырым, қылмадың-ау пенделік шын,
Жыр-көкпарды алдыңа өңгеріпсің.
Шәкәрім мен Абайдың жырын оқып,
Тіліңе қазақы рең, өң беріпсің.
Әрине, өкінбейсің шыққаныңа,
Ағаңның қапталына тең келіпсің.
Қара өлең мен айтысты қайдам, інім,
Кекеп-мұқау өнерін меңгеріпсің.
Тәтті өлең таңдайыңды құрғатады,
Жақсы ақын ағайынды жырғатады.
Бәрібір ұрпағына өнеге ғой
Кешегі ақындардың үлгі атағы.
Бауырым, байқап сөйле бұдан былай,
Әр әзілдің түбінде зіл жатады!
Еңсемді ел алдында мәрт ұстармын,
Мен талай аламанда тартысқанмын.
Арланның апанынан шыққаннан соң,
Ініне көз салмаспын әр тышқанның.
Дәурен-ау, жолың болсын айтысқанда,
Алдыңнан кездеседі шарпысқан мың.
Сен жалаңбұт жүргенде, бұл Семейде
Сенен бұрын серттесіп айтысқанмын.
Бұл інімнің жанары күлімдесін,
Жырын ел жауқазындай гүлім десін.
Менің інім, айтатын ақиқатқа,
Жүрегің қақ жарылып тілінбесін.
Шәкәрім қажы тойы – бірлік тойы,
Ешқашан берекеңіз бүлінбесін.
Шәкәрімнің өнерін берсін саған,
Тағдырың қарауылға ілінбесін.
Ағайынның алдында ақ тілегім,
Ешқашан төрт тұяғың сүрінбесін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу