Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  172


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

КЕНЖЕБАЙ ЖҮСІПОВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Кенжебай:
Сөйлесе сырдың сүлей Кенжебайы,
Мен едім туып тұрған күн мен айы.
Әбеке, шапаныңыз құтты болсын,
Сіз боп тұрсыз бұл қазақтың Атымтайы.
Жетеді бір басыңыз атағыңа,
Жақсы адамды көп ерттің қатарыңа.
Бағаналы елінен жауып жатқан
Жүрсінге құтты болсын шапаның да.
Күдікті бір іс боп тұр байыптағанға,
Айып болар көріп тұрып айтпағанда.
Кешегі көп кісілер орнында отыр,
Сонда ағайын түнде үйіне қайтпаған ба?
Айтқанда әр сөзімді нықтап алам,
Табылар, бәлкім, мені құптамаған.
Айтыс десе таңғы төртке дейін қазақ,
Білеміз, еш уақытта ұйықтамаған.
Алайын амандасып алып-ты елмен,
Осы өлке талайларға шабыт берген.
Сызылтып сырнайменен Сырдан салса,
Нартайға Тайжан еді-ау бағыт берген.
Бір жасап келе жатыр өнер көппен,
Осы жолға талай кісі терін төккен.
Тайжаннан Нартай бабам дәріс алса,
Артында бұл жалғасып бізге жеткен.
Алла деп Сарыарқаны бетке алдың ба,
Дауылдатып, Дәулеткерей, кеп қалдың ба?
Қарайсың маңғазданып жан-жағыңа,
Сол жағымда кім отыр деп қалдың ба?!
Шашыңды тақырлатып алыпсың ғой,
Шиеліге сұлу іздеп барыпсың ғой.
Бандыны қуатұғын Хамит болса,
Айнымай Құдіреден қалыпсың ғой!
Дәулеткерей:
Жарқылдап жұрт алдында жүздеріміз,
Ақ сазандай ой болсын сүзгеніміз.
«Құдіреден аумайсың» деп айтасың,
Көп екен мен туралы тізгеніңіз.
Жұрт алдында әңгіме бастай салып,
«Шиеліден іздепсің қыз» дедіңіз.
«Бандыны қуған Хамитты» жазып кеткен
Сәкеннің соңындағы іздеріміз.
Сәулетті ер Сәкен туған Сарыарқада
Дәулеттен Құдірені іздедіңіз.
Қызылорда шәрінен келіп тұрған
«Қызылдың сілімтігі» сіз бе едіңіз?!
Тұмсығыңды тесіп ап жетектейін,
Соңымнан ал, Кенжеке, сіз де еріңіз!
Ер жігіт елі үшін ту алады,
Найзасын намысына суарады.
Бағаналы Бабырдың бұл тойында
Қатайтып келіп тұрмын бұғананы.
Жезқазған, мәртебеңіз биіктесін,
Мешіттей менмұндалап мұнаралы.
Кенжебай өлең бастап бергеннен соң,
Жырымды ұсынайын сыбағалы.
Жердің атын – байлығы, қазынасы,
Елдің атын ер жігіт шығарады.
Жақсылардың жарқылы сіздерсіздер,
Асыл тастай шайылған тұмадағы.
Есікке сыймай тұрған халқымыз бар,
Мешітке келген жұрттай жұмадағы.
Көріпкел әулиенің әулетісіз,
Төрттен түсе беретін құмалағы.
Қазақта туыстықтың атауы көп,
Ер жігіт үш жұртымен сыналады.
«Қазақмыс»-қа Құдайым қуат берсе,
Қазақтар да қалбаңдап қуанады.
Ким мен Юн, Огайдай мықтыларың
Әлі талай бакшаңды суарады.
Огайды қазақшалап «Ағай» дейтін,
Армысың, кәрістердің құдалары.
Кенжеке, ал бастайын тынысты өлең,
Мандымаймыз майтабан жүріспенен.
Бағаналы Бабырдың ұрпағы едің,
Ешқашан жөнсіз жерге кіріспеген.
Қыста Қызылордаға барғанымда,
Деп едің маған үш қап күріш берем.
Ал енді бабаңыздың бұл тойында
Уәдеңді орындауды дұрыс көрем.
Күрішіңді бере алмай жүрген кезде,
Деп жүрме Жезқазғанда мырыш берем.
Ойда жоқта оянып жомарттығың,
Жарылқап тастап жүрме күміспенен!
Кенжебай:
Ақынға қиыннан сөз тап дейтін ек,
Біз сені Дәулеткерей Кәп дейтін ек.
Қазақ боп туылғаның жақсы болды-ау,
Болмаса Дмитрий Пак дейтін ек.
Күріш берем дегенім себеп болды-ау,
Елге айтқан бұл дағы бір дерек болды-ау.
Мұнда кеп мырыштан да бер деп отсың,
Құдамен ақылдасу керек болды-ау.
Дәулеткерей сөзін нықтап ұштайды екен,
Намысына тисе шабыт қыспай ма екен?!
Сол кәрістер менен гөрі саған жақын,
Керей мен корей деген ұқсайды екен!
Дәулеткерей:
Дәл бүгін өссін, аға, бақ-талабың,
Кеудеден ақмаржан жыр ақтарамын.
Керейден корей іздеп неғыласың,
Сенің мына сөзіңнен сақтанамын.
Дәулетті Дмитрий қылып қойсаң,
Селкеусіз сезіміммен бапталамын.
Мен өзі керей де емес, корей де емес,
Қазақ боп туғаныма мақтанамын!
Кенжебай, шабытыңды шыңдап алсаң,
Енді бір әңгіме айтам, тыңдап алсаң.
Қытайда неше миллион қазақтар бар,
Осындай тарихтан үлгі ала алсаң.
Моңғолда қанша қандас, бауырың бар,
Сағынышпен көзіңді сулап алсаң.
Түркияда қаншама керейлер бар,
Осыған көз жасаурап, мұңдана алсаң.
Еуропаға тараған тағы керей,
Қазақтың бар байлығын құндап алсаң.
Шеттегі қандастардың бәрі – керей,
Соларға құдіретіңді бұлдап алсаң.
Сен болсаң, корейлермен құда болып,
Бұл жерде жақсылықты жырлап алсаң.
Құдалармен ақылдасу керек дейсің,
Сенің жаңа айтқаныңды тыңдап алсам.
Күрішке солар ие, Сырға барсам,
Күміске солар ие, Қырға барсам.
Кенже аға, саған ешкім қой демейді,
Ініңнің бұл сөзіне илана алсаң,
Корейлердің барлығын жарылқамай,
Шеттегі керейлерді жинап алсаң!
Ал енді әңгіме айтсақ мәмілелі,
Жұлдызың талай топта жанып еді.
Кенже аға, әңгімеден ауытқыма,
Тақырып бұл айтыста – Бабыр еді.
Бабырдан қалып кеткен тағылым мен
Айтарым ел мен жұртқа тәлім еді.
Айтатының болса егер жалғап жібер,
Айтақыннан кейінгі кәрі бөрі!
Кенжебай:
Қазаққа бұйырса екен қазына-құт,
Дәулеткерей ойын айтты азынатып.
Әзілдесіп отқанда ағайынмен,
Қос құданы жібермейік ажыратып.
Сөйлейін жақындатып араларын,
Ұлы тұлға Бабыр болар бабаларым.
Бейсен аға, ұрпағыңмен мың жасай бер,
Бақытты өмір сүрсін балаларың.
Не көрмеген сан ғасырда байтақ елім,
Келеді келсе өлең айта бергім.
Бейсеннің баласына рахмет,
Мыспен қосып қызыңды алса қайтер едің?!
Жырлайтын жан едік қой ұзақ таңға,
От ақындар ой айтқан барып ханға.
Өлгенінше айтысад деп, Жүрсін ағам,
Айтыстағы жазып қойшы ата заңға.
Білемін Дәулеткерей сенетінін,
Шабыттанса, барлығын жеңетінін.
Айтақын мен біз кетсек сахнадан,
Білмей тұр өзі осында келетінін.
Жан едің асыл сөздің алмасындай,
Ас берген бұл Алашым бар асылға.
Дүрілдетіп, дауылдатып тағы сөйле,
Кешегі шайырлардың жалғасындай.
Шамамның келгенінше бағалармын,
Қиналмай айтатын сөз таба алармын.
Хан, батыр, би мен болыс басын иген
Қадірін біліп қазақ аналардың.
Бидаштай би ағаммен мақтана алам,
Абайсыз абақтыда жатқан адам.
Заманында Бұзау болыс барын салып,
Ақмешіт түрмесінен ақтап алған.
Қарасай кімнің кімге болысқанын,
Жақсылардың қиын жолда тоғысқанын.
Тәуір ісін үлгі етейік, бүгінгі жас,
Сол ісін Бұзау сынды болыстардың.
Дәулеткерей:
Арқада тектілігін танытты Ерден,
Ақынға сіздерсіздер шабыт берген.
Бабыр баба, рухыңнан айналайын,
Залға осынша халықты алып келген.
Той бергенің дұрыс бопты, Кенжебайдың
Шежіресін есіне салып берген.
Жезкиік мекен – жезді аймақ,
Көрінермісің көзге әйбат?!
Жылғасын тартқан көнеден,
Бабырдай бабам тойында,
Көріпкел – әулие, көреген,
Ақындардың тілдерін
Хақ жаратқан жебеген.
Бабырдай бабам өсиет
Қылып кеше айтқандай,
Қазағым, бүгін қандайсың,
Елдікте жүрсің егемен.
Жезқазған жұрты, жайнай бер,
Ақындар, тойда сайрай бер,
Өздеріңе әрдайым
Тәңір нұр құйсын төбеден!
Айналайын ағасы,
Ақынның бірі өзіңсің
Сырдан келген жетелі.
Жезқазған мен Ұлытау –
Ұлылардың мекені.
Ақындарыңа қол соқсаң,
Шабыты келген тұлпарың
Зырылдап алдыңнан өтеді.
Кенже аға, біраз айтыстық,
Қайшыластық, тартыстық.
Мынау ыстық сарайдан
Сыртқа шығып екеуіміз
Салқындасақ не етеді?!
Кенжебай:
Айтуға бабаларды жалықпаппыз,
Шежіреден біраз нәрсе танып қаппыз.
Білек жуан батырлардың арқасында,
Бүгінгі ұрпақ еш нәрседен тарықпаппыз.
Көзі ашық, көңілі ояу көкелерден,
Кімнен кім туылғанын анықтаппыз.
Ретін тауып бүгін айта алмасаң,
Демей ме ел білгеніңді ағытпапсыз.
Бер жағыңмен әңгіме ғып отқаныңмен,
Тақырыпқа сіз де өлең бағыттапсыз.
Бабыр баба асында шаба алмасақ,
Басын да әкеміздің жарытпаспыз?!
Біреулер бүркемелеп ап қалса да,
Қаншасы бар, ал біразы атты алса да.
Еңбегі талай ердің еш кетпеп пе ед,
Елім деп ерге отырып аттанса да.
Атанып аспандағы алғашқы ұшқыш,
Еш дұшпан құтылмаған сақтанса да,
Бұлқышев Баубекті жұрт біле ме екен,
Бұл «заман біздікі» деп мақтанса да?!
Білгенге бабамыз да бөтен емес,
Ұлытау ұлы болып жатталса да.
Бабыр бабам беліне таққан кісен
Жұмабектің Мұхитында сақталса да.
Қыпшақтан шыққан батыр Аманкелді
Елінен батыр деген атты алса да.
Нарбозыңның саф арынан соққан мылтық
Сауыт сөгер қанша қабат қапталса да.
Дәу атам түйе палуан Жәкей еді,
Бәрін жыққан, қай жиынға ап барса да.
Мың өліп, мың тірілген қазақ едің,
Тексіздің тұяғында тапталса да.
Бабыр жоқ, бүгінгілер толып жатыр,
Атасынан баталы тақты алса да.
Бағаналы балаларына жарасады,
Бабырмен қанша ғасыр мақтанса да!
Дәулеткерей:
Көсегеңіз көгеріп көктесе екен,
Қабырғаңды енді ешкім сөкпесе екен.
Шежірені жақсылап айтып берген
Кенжеағамды қандай адам шектесе екен?!
Үш жүзді берекеге шақыратын
Ұлытау бірлігіңнің Меккесі екен.
Кешегі Бабыр баба тағылымы
Тезге салып тентекті тектесе екен.
Қанын, тегін сатпаған қайран билер,
Құдайым күнәмізді ептесе екен.
Бабырдың болашақта ұрпақтары
Кәрістерге жиен боп кетпесе екен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу