Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  198


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МЕЙІРЖАН ӘЛІБЕКОВ айтысы

Дәулеткерей:
Ел едің кең жайлаған Кеңгірдегі,
Көңілімді ұлылыққа сендіргелі.
Жошы мен Алашадан бері қарай
Қанша ғасыр су ағып, жер гүлдеді?!
Ұлытау – Арқадағы тау тәңірі,
Жолбарыс жотасының теңбіл көгі.
Төрт босағаң секілді – төрт құбылаң –
Арқаның асқарлары, сеңгірлері.
Одақтың алтын салған сандығы едің
Әуелгі байлығыңмен мен білгелі.
Берекеңді қашырып безер қоғам,
Басыңа қанша зауал төндірмеді?!
Жезқазған облысыңды жапқан кезде,
Жаныңның жыртығынан жел гуледі.
Міне, бүгін қарыштап, қанат жайып,
Бағыңның қайта туды төл күндері.
Бақытыңды жырлауға ақын біткен
Жетіпті желмая жыр желдіргелі.
Қызырлы елге бас иіп мен де жеттім,
Қызыл тілден күміс жыр өндіргелі.
Ұлылықты Ұлытау дараласа,
Ердің құнын Едіге бағаласа,
Жеті Әулие жатқан жер, бекер ме едің,
Қасиет пен кие деп санамаса?!
Бағасын бөріліктің қорқау білмес,
Жарасын қасқыр өзі жаламаса.
Болмаса Бабыр бидің тағылымы,
Байлығыңнан пайда жоқ маған аса.
Тәңірім өзі берген ырысыңды
Ит жегендер иттей боп таламаса.
Қадіріңнің асқанын білер едім,
Қараша елді қаймана қанамаса.
Жемтік көрген құзғындай шыр айналып,
Жеріңе жезтырнақтар жоламаса.
Өйткені сен – қазақтың кіндігісің,
Бақытыңды Жаратқан жаңаласа.
Қасиетінің алдында Ұлытаудың
Алатау мен Қаратау – бәрі аласа!
Шортан ойды шоршытып тұнықтағы,
Көмбе көрсе, келісер күлік бабы.
Мейіржан, мен өзіңді білуші едім,
Тілің ширап, білімің шыныққалы.
Ағаңның алғысына бөленерсің,
Санаңның дұрыс болса сұрыптауы.
Албыраған жүзіңнен байқалып тұр
Балалықтың бал мінез қылықтары.
Бабыр бидің тойында көсіліп шап,
Көрінбесін тағаңның сынықтары.
Төрелігін халық пен қазы білер
Ақынның айтқанынан сыр ұққалы.
Оныншы жұбыңызға шығып тұрмын
Оқушымен оныншы сыныптағы.
Бос тартқан домбыраның бір ішегін,
Мейіржан – мерейі артық інішегім.
Баптаған бұл өнердің боз жорғасын
Қақпан ауыз, алмас тіл, қылыш ерін.
Өсіп-өнген баласың Жезқазғанда,
Ұлытау мекенің ғой ұлы сенің.
Қайла тілмен қажырлы қуатпенен
Кезек берсем, белгілі, кірісерің.
Жортқанда жолың болсын ал, бауырым,
Тапжылмай тыңдағанда тыныш елім.
Күре жолға шығыпсың күрең мініп,
Күреңбайдың салғандай күміс ерін.
Мейіржан:
Ақыры биіктерге талпынғасын,
Ақынның сөз бұлағы сарқылмасын.
Ассаламағалейкүм, ағайын жұрт,
Өзгеден биіксіңдер, нарқың басым.
Ең соңғы жұп деген бұл ең қиыны,
Шаппай қалу бірақ та ақынға сын.
Айтыстағы көрермен, шаршамасаң,
Кәнеки, шапалағың шатырласын.
Оныншы сыныптағы баламенен
Айтысып маңдайыңыз жарқырасын.
Оныншы жұпқа шыққан ақындарға
Он қазы он беруден тартынбасын.
Жезқазған алтын шыққан құтты өлке ғой
Ақынның бағалайтын алтын басын.
Ақынға берсең, Алла, намыстан бер,
Ел едік жолбарыс жон, арыстан бел.
Ұлытау ұлтымыздың ұясындай,
Үш жүзің басын қосып табысқан жер.
Сарыарқа ақындарын айтыстырып,
Жүйрігі аламанда жарысқан жер.
Жезқазған ғашықтардың мекеніндей,
Сүйгендер бір-бірімен қауышқан жер.
Мысалы, Бақытжамал апамызбен
Жүрсін ағам ең алғаш танысқан жер.
Осындай жезді аймақтың жұрты аман ба
Жезтаңдай ақындарын данышпан дер?!
Қазақтың Жезқазғаны тұрған кезде,
Берсе де, бармас едім ғарыштан жер.
Ақының ақ тілегін селдетуде,
Халықты өлеңімен тербетуде.
Бабалар он үшінде отау құрған,
Сөйлемесем, ұят қой он жетімде.
Үш ұйықтасам түсіме кірмес еді,
Айтыспақ түгіл, аға, келбетің де.
Сондықтан шошып қалған жайым бар ед,
Сонда да дайын тұрмын белдесуге.
Жас баламен айтысқа шыққан кезде
Болмайды менсінбей қап кері кетуге.
Өйткені, білесіз ғой баяғыдан –
Дәу түйе таяқ жейді тар көпірде.
Дәулеткерей:
Басында Ұлытаудың ұлар ма екен
Немесе шыңға біткен шынар ма екен?
Оныншы сыныптағы жас баламыз
Сарыарқада ен жортқан құлан ба екен?
Ағамды ағыл-тегіл терлетем деп,
Жас бала мына мені сынар ма екен?
Ағыл-тегіл терлетем деп отырғанда
Өзіңнің батпақ терің шығар ма екен?!
Мен бұған жауабымды жеке өрейін,
Ақын боп өрелі ойға өте бейім.
Дәу түйе таяқ жер деп тар көпірде,
Інішек, айтылмады-ау бекер ойың.
Бұл қазақ дәу түйені атан дейді,
Шалағай ойларыңды жекелейін.
Тізесінен ұрылған атан құсап,
Бұл сөзіңе қалайша шөкелейін?!
Тар көпірде нем бар ед атан болсам,
Одан да өткел тауып төтелейін.
Нар жолында жүк қалмас деген бар ғой,
Көпіріңмен қосып ап көтерейін.
Өзіңді бозмаяның ботасындай
Тұмсығыңнан тесіп ап жетелейін.
Інішек, еркін сөйле еліме тың,
Ел-жұртың өлең-жырға емінетін.
Құлан із тастағандай қырдан қашқан
Бір ауыз сөзге қазақ семіретін.
Өнерде өрелік жоқ дейді халық,
Жерің жоқ енді айтыстан шегінетін.
Шалағай ойларыңды пісіргейсің,
Баладай қотыр тайын тебінетін.
Арланның азуына түстім-ау деп,
Әсірелеп тұрсың ба мені де тым.
Ақын болсаң, шошыма атақтыдан,
Тіліңде шындық болсын өрілетін.
Мен қазымыр емеспін, ізімдегі
Құнанының құлағын кеміретін.
Мен саған бөтен адам емеспін ғой,
Аузын ашса, азуы көрінетін.
Ақиқатқа тіліммен түр-өңді сап,
Мейіржан, танытайық жігерлі шақ.
Өткенде театрға барып қайттық,
Ашылып өнерліге кілең құшақ.
Көргенім жайлы айтайын қаладағы,
Айқайыңа қосқандай сүреңді сап.
Қырық жыл жөндеу көрмей тұрған ордам –
Театрдың жағдайы жүдеу құсап,
Қожамқұлов атындағы алтын ордам
Жұтаңдығын көрсетіп түнерді сәт.
Қасындағы «Қазақмыс» жарқырап тұр,
Дара боп қыздар тоқыған кілем құсап.
Жадап-жүдеп жанында театр тұр,
Мәдениетке салынған шідер құсап.
Алдар Көсеге алданған бай секілді,
Серке атамыз сомдаған рөл құсап.
Мейіржан, бісмілләсіз жер таптама,
Жорға болсаң, шадырлап жортақтама.
Шынболат туған жерде өсіп-өнсең,
Шындықты айтар сәтте қорқақтама.
Байлығын бар қазаққа үлестірсе,
Жезқазған – әр қазаққа ортақ қала.
Бар халыққа несібе тең бөлінсін,
Кешегі Бабырлардың серті ақтала.
Маужырамай, мамырлап сөйлеші, інім,
Майға піскен тоқаштай томпақ бала.
Мейіржан:
Дәулеткерей біздерге аға болса,
Аға болса, жанымда пана болса.
Томпақ деп айтасыз-ау, жұрт алдында
Мен өзі көрінуші ем нар адамша.
Сөзімнің салмағыма қарағайсың,
Өзімнің салмағыма қарағанша.
Толықтың қарнын сипап жатқан жақсы,
Арықтың қабырғасын санағанша.
Ағайын құшақ ашып, шекпен жапты,
Өз жұртың маңдайыңнан өпкен жақсы.
Шошыдым дегенім ол жай әңгіме,
Әзілмен қабырғаны сөккен жақсы.
Сізбенен айтыссам деп армандаушы ем,
Сәті кеп арманыңа жеткен жақсы.
Танымал ақындардың біреуі едің,
Ағамменен айтысқан неткен жақсы.
Көрінген көк төбетке таланғанша,
Арланның азуында кеткен жақсы.
Жезқазған – жайма-шуақ елді мекен,
Өзенінің атауы Кеңгір екен.
Мен үшін Жезқазғанның шалшығы да
Өзгенің бұлағынан мөлдір екен.
Бұл айтыстың мен болам молодойы,
Ең үлкені Айтекеңдей дембель екен.
Ал біздегі командир – Жүрсін Ерман
Жұрт үшін аласармас сеңгір екен.
Сіз деген замдекансыз Алматыда,
Буынып келіп отқан белді бекем.
Оқушы боп айтыссам замдеканмен,
Негізінде, менікі ерлік екен.
Жас болсам да, жарқылдап, Жезқазғанда
Жеңістің туын көкте желбіретем.
Дәулеткерей:
Көп болса кәріқұлақ тыңдайтұғын,
Түрі бар Мейіржанның тынбайтұғын.
Туып-өскен бала боп Жезқазғанда,
Намысын туған елдің жырлайтұғын.
Оқушы боп айтысып замдеканмен,
Рухын көрдік біздер сынбайтұғын.
Арқардың асығындай бала екенсің,
Қалтамның қуысына сыймайтұғын.
Ақынға қоғам – өлең, адам – өлең,
Соны айтайық сындарлы санаменен.
Тұрғаның рас болып Сәтбаевта,
Жырладың Жезқазғанды шамаменен.
Берекені ту қылған Бабыр бидің
Асында енді айтайын адал өлең.
Басты ауыртып отырмай, бір сөйлейін,
Балақ түріп жүгірген баламенен.
Талайдың өрт түсірген өзегіне,
Жендеттей жеткізбеген кезеңіне.
Тал түсте адам ұрлап, кісі тонап,
Қоғамның ашаң жүзі безеруде.
Кімнің лаң салғанын айналаға
Елбасының жүрегі сезеді ме?!
Айтпасам, азаматтық арыма сын,
Бабыр бидің аруағы төзеді ме?!
Төрт босағаң, қасиет – киең қайда,
Айтып кеткен бірлікті, межені де?!
Рахат Әлиевті Құдай тапсын
Өзі террорист болған өз еліне.
Айналайын ағайын,
Келмеске кеткен заман ғой
Кенесарының хандығы.
Атажұрт үшін аһ ұрған,
Бірлікке елін шақырған
Абылай ғана мәңгі ұлы.
Кең дүние жалған-ай,
Кеңдігіңді қайтейін,
Қадам бассаң білінер
Дүниенің тарлығы.
Иесіне адал болғанмен
Қаншама төбет қарғылы,
Кімдердің бақ пен соры екен –
Кимдердің жүр ғой қолында
Халықтың алтын сандығы.
Заманбек өтті зар ішіп,
Алтынбек өтті қан ішіп,
Аруағы көрде табысып,
Қыршынынан қиылған
Азаматтардың тағдыры.
Алладан бұйрық, дегенмен,
Жалғанның ол да жарлығы.
Тұғырына қазақтың
Қарға мен құзғын, қарақұс
Қаншама ғасыр саңғыды.
Талтаңдай берсін қашанғы,
Пайғамбар баспен сыйлайтын
Әзірет Әлі емес қой
Күйеу балалардың барлығы.
Осымен енді тоқтайын,
Мейіржан, өзің жалғастыр
Бергі де менен арғыны.
Мейіржан:
Кестелі оюдайын көрпедегі,
Тілімен текті ақындар шер төгеді.
Ағасы, жырла десең, мен жырлайын,
Сөздеріңіз не деген көркем еді?!
Ұлытауды жырлағым келіп отыр,
Балаңыз маңдайынан тер төгеді.
Үш жүзің бауырыңнан нәрленгені,
Ұлытау ұлтымыздай еңселі еді.
Түйесін бір шөгермей өтпейді екен
Киесін білген қазақ ертедегі.
Тарихтың таста қалған іздеріндей
Мәрмәрінің түйірі мәртебелі.
Топыраққа айналып жатыр бүгін
Атыраптың айтулы серкелері.
Ұлытау, қарапайым қара түгіл,
Қойнына жасырыпты хан-төрені.
Бабатаудың етегін ен жайлаған
Бақытты жұртым қандай еңселі еді?!
Гималай – әлемдегі ең биік тау,
Аспантау деп аталған сол себебі.
Биіктік Гималаймен өлшенгенмен,
Ұлылық Ұлытаумен өлшенеді.
Сарыарқаның, байқасам, халқы қыран,
Болады осы жердің нарқы жыр-ән.
Жошы мен Алаша хан жатқан дала
Ешкімнің қаймықпаған қарқынынан.
Бұл жерде Байдалы мен Бабыр өткен
Халықтың биік тұрып жалпы ұлынан.
Айтыскер Болман менен Тайжан ақын
Ешкімге алдырмаған алқымынан.
Шындықты айтқан Шынболат Ділдебаев
Ажалдың құтылмаған салқынынан.
Асылдың сынығындай Әнуарың
Жасынның жыр тудырған жарқылынан.
Қырандай рухы биік Арқа жерін
Сақта, Құдай, қарғаның қарқылынан.
Ұлытау, сенің, тіпті, түйір тасың
Өзгенің артық боп тұр алтынынан.
Ағасы, осы маған мақамды бер
Немесе иектегі сақалды бер.
Інім деп маған ізет жасап жатсаң,
Шешіп ап иықтағы шапанды бер.
Атпалдай ағамыздың біреуі едің,
Мен сізді деп айтамын атан жігер.
Аға деп алдыңызға келіп тұрмын,
Бабыр бидей байыптап батаңды бер.
Дәулеткерей:
Бата бер деп хабарды мәлімдерсің,
Қасымда бір көсілген арынды ерсің.
Тілегім ақ батаға жарап жатса,
Өзіңе аталардың бағын берсін.
Кәкімбек атамыздай ақын болып,
Жақсыгелді ағамның әнін берсін.
Қасымда інішегім Мейіржанға
Тәңірім жақсылықтың бәрін берсін.
Кең жайлап Кеңгір бойын кенерелі,
Ұрпағың ғұмыр кешсін өнегелі.
Төртеуі құбылаңның түгелденсе,
Жаратқан Тәңір неткен шебер еді?!
Отырсаң берекеңмен бейбіт күнде,
Тәңірім көктен нұрын төгер еді.
Бабыр мен Қадыр, Шегір, Сандыбайдай
Төртеуің түгенделсін төбедегі.
Жезқазған – жезді аймағым, байтақ алып,
Халыққа енді құшақ айқаралық.
Бабамның асына кеп айтысқанда,
Даламның жусанындай жайқалалық.
Енді ешкім бақытыңнан айырмасын,
Жүрмеңдер несібені шайқап алып.
Құланың Сарыарқаға сыймай кетсін,
Ұларың Ұлытауға қайта оралып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу