Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  171


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН АРМАН БЕРДАЛИН айтысы

Дәулеткерей:
Шешені қызыл тілмен бал сапырған,
Сайранда сал-серісі ән сапырған.
Армысың, Көкшетаудың көшелі елі,
Қырманда қызыл бидай дән сапырған.
Тұғырын туған ұлдың биіктетіп,
Алғыс алып жатырсың барша ақыннан.
Бағыңа Мәліктейін батыр туып,
Жауыңа қабыландай қарсы атылған.
Ұлтын сүйген ұлыңның намысымен
Хас дұшпанның сүйегі қаусатылған.
Түу баста Абылайды хан көтерген,
Айнымай атасына тарта туған.
Бір ұлы тоқсан жасқа келген кезде,
Бұрымы туған жердің тарқатылған.
Төреңдей төбеңе хан көтердің-ау,
Берендей қансонарда аңшы асынған.
Көңілің аласұрып отыр ма, елім,
Толқындай толастамай жартас ұрған.
Ал енді ақыныңа ақ жол тіле,
Жыр-сыбаға – қазы мен қарта ұсынған.
Уыздай ұйып тұрған ел екенсің,
Мәртебеңді Мәліктің даңқы асырған.
Батырдың найзасына басын сүйеп,
Ақынның жырыменен жан шақырған!
Айналдым туған атамекенімнен,
Тойға шашу шашайын сетер үнмен.
Жыр-қымызға сапырып ұсынайын
Шелек толы әкелген шекерімнен.
Қасқа тай қазанатқа айналғанда,
Азаматқа мың тағзым ете білген.
Қасиетіңді арттырған жұртың барда,
Көкшетау, бақ кетпегей етегіңнен.
Соғысқа аттанғанда әр солдаттың
Тағдыры беттескендей жеке өліммен.
Торқалы батыр тойы құтты болсын,
Намыстың найзасынан от өрілген.
Немістің атқан оғын төспен қағып,
Жеңістің тұғырына көтерілген!
Батырдың мерейімен ел жасарған,
Басқанға шүкір дейсің оңға шаруаң.
Екі ақынды айтыстырып отырғанмен,
Есті сөзге бас иер ел қашаннан.
Армысың, Арман ақын қапталдағы,
Өлеңіңде айшықты зер қашалған.
Аңсыраған арландай сен отырсаң,
Құшақ жайсын дәл мендей жолдас алдан.
Азуы алты қарыс ақын болдың,
Күн дидарлы Көкшеге олжа салған.
Ер болғасын сөйлерсің енді іркілмей,
Кер жорғасын кежімдеп жолға салған!
Арман:
Болғанда өзің Дәулет, өзің Керей,
Қоймассың өз атыңды көзірлемей.
Ұйқасыңды ұғынып үлгермедім,
Асықпай айтпайсың ба, безілдемей.
Мәліктей жолын жалғап нар атаның,
Аузыма алты Алашты қаратамын.
Көк туын Көкшетаудың желбіретіп,
Бәйгеге тұлпарымды жаратамын.
Шапалақ боп ұлыңа шабыт берсін
Маңдайымнан сипаған алақаның.
Ағайын, өздеріңнің аңсап күткен,
Мен болам жаңа атқан дара таңың.
Өрмелеп көк төріне күн боп шығып,
Өзіңе шуағымды таратамын.
Қияңнан қыран болып қалықтасын
Ұяңнан түлеп ұшқан балапаның.
Тәңірім тапжылмайтын төзім берді,
Сөйле деп Біржан баба сөзін берді.
Мәреге бір-ақ аттам қалған кезде
Қайрайын қажымастан өзімді енді.
Ағайын, қиқу салып қойыңыздар,
Оятып қалғып кеткен сезімдерді.
Ауылдастың тайы озсын деген сөзді
Естеріңе салатын кезім келді.
Сыймаған жан емеспін терісіне,
Масаттанған да емеспін жеңісіме.
Мен кеше алдарыңда айтысқанда,
Тап болдым Оңтүстіктің перісіне.
Түгел он, жалғыз тоғыз алып едім,
Бір ағамның сыймай қап кебісіне.
Қол сынса, жасырылар жең ішінде,
Сағым сынып кетпесін ел ішінде.
Інің ем ақ құшағы ашылған кең,
Жақсының жақсысына бас ұрған ем.
Алдына ағайынның кеше шығып,
Айтысып, ақтарылып ашылған ем.
Айтысып Жарқынбектей жалтырбаспен,
Басқа да мін мен сынын жасырған ем.
Құдайым қабыл қылып тілегімді,
Әйтеуір, бүгін шықтым шашы бармен.
Жайлайсың Көкшетаудай төрді кейде,
Өзіңді айтыстағы белгі дей ме?!
Моңғолиядан келгенде бізде тұрған
Деп Өскемен жүрегі елжірей ме?!
Онан кейін көшіпсің Астанаға,
Бұл тағдыр сандалтады ерді кейде.
Әйтеуір, тұрақ таппай мынау ағам,
Бір күні адресін белгілей ме?!
Иманғали үй беріп Алматыдан,
Жалауың сол жақтан да желбірей ме?
Қажылыққа жуырда барып келдің,
Сайтаныңды періштең жеңді дей ме?
Моңғол мен қазақ жерін тауысқан соң,
Меккеден бір үй қарап келді дей ме?!
Дәулеткерей:
Арман-ау, бұл сөзіңнің бәсі болсын,
Айтылған әңгімемнің расы дерсің.
Балапаны бұл елдің болғаннан соң,
Қонар жерің Оқжетпес тасы болсын.
Кеше бір тақырбаспен айтыстым деп,
Әңгімең ары қарай ашық өрсін.
Шаш пен қаста, бауырым, нең бар еді,
Айтысқан ақыныңның басы болсын.
Осынау өнер деген жолда құтты,
Өткізіп алмайықшы қор уақытты.
Арманда кетеді екен ақын деген,
Жалғанға кімдер жұмақ орнатыпты?
Ақындарын әкімге жаутаңдатып,
Талай талант жүрегіне шер қатыпты.
Ал әкімі ақынын құрмет тұтып,
Аяласа, ел дейді ең бақытты.
Алматыға көштің деп айтып жатсың,
Саған сауал қоюға ол да түрткі.
Қызметке шақырып, пәтер беріп,
Имаш ағам сәлемін жолдатыпты.
Сонан соң мен де көштім Алматыға,
Тапсам деп Алатаудан зор бақытты.
Шақырғанға бармастан, шалқаятын,
Мені кім деп ойлайсың сонда тіпті?!
Нан тауып жеп жүргесін төл өнерден,
Құдайым қуат берсе, бөгелер ме ем?!
Құлқынның құзырымен жүрер болсам,
Ұлтымның ықыласына бөленер ме ем?!
Білесің, пенде деген құс секілді,
Несібін әрбір жерден тере келген.
Асылды айтыс деген сыйламасам,
Басымды домалатар өлең өрден.
Анда-мында көштің деп кінә артасың,
Оған менің көңілім жоқ елерген.
Сөзімді құптамасаң онда, Арман,
Үлгі алмай-ақ қой менің өнегемнен.
Алматыда тентек болған Баянғали
Айналып Көкшетауға неге келген?!
Қазақтың ән салғасын даласында,
Бақытын теңеуші едім бар асылға.
Алдымен Алматыда білім алғам,
Жетісу – жеті өзеннің сағасында.
Онан соң Астанада қызмет қып,
Тапқан байлық – достарым бәрі осында.
Күреңтөбел күндерім кісінеп жүр
Емен-жарқын Есілдің жағасында.
Берекелі сыйлассақ болар ма еді,
Бейіт пенен бесіктің арасында!
Мәліктей Зерендінің зерделі ұлы,
Қаймана қазақ үшін еңбегі ірі.
Соғыста қазақ атын аспандатқан
Бауыржан батыр бабам – телқоңыры.
Достықтың даңқын ту ғып ұстап өткен,
Білінбей тірісінде пенделігі.
Адамдық қалыбынан айнымастан,
Төменге сүйремеген төрдегіні.
Үлгісін кісілік пен кішіліктің
Көненің қарттарынан көрген ұлы.
Сол батыр ата туған топырақтан
Намысты туған ердің сен де бірі.
Ал, Арман, ата даңқын аспандатып,
Айтайық жарқыратып елге мұны.
Жұртыңа тәбәрік бер мына тойдан,
Шабыттың үрлегенде жел көрігі.
Береке-бірлік беріп тірілерге,
Тәңір, өзің жарылқа көрдегіні.
Арман:
Есілдей ел алдында есіліңіз,
Байқайық сөзіңіздің кесімін біз.
Көсемдей көсіліңіз ел алдында,
Шешендей шаршы топта шешіліңіз.
Көкшелік ағайынның көңілі кең,
Жақсыға жабылмайды есігіміз.
Бұл жерде Мәлік бабам туып еді,
Ұмытпай ұлықтаймыз есімін біз.
Батырмен жерлеспін деп мақтанамын,
Бір жерде тербелген соң бесігіміз.
Бабама тартып туған бала едім,
Азуым батып кетсе, кешіріңіз.
Жанымнан шоқ іздесең, от табасың,
Ал енді маған қарай оқталасың.
Көше берген ұнаса, өз еркің ғой,
Оған менің ешқандай жоқ таласым.
Бір әкім арқа қағып, үй берді деп,
Сыйы мен сияпатқа тоқ боласың.
Ағеке, өз басыңды күйттей бермей,
Оралманның ойлап қой көп баласын.
Әр жерде бір тұрақтап жүресің ғой,
Көңілің сол бір жерге соқпағасын.
Қонысың құтты болсын дегім келсе,
Бір түнде жиналып ап жоқ боласың.
Әр әкімнің соңынан көше берсең,
Бір күні біреуімен сотталасың.
Қосылып сарбаздардың легіне,
Батырым шуақ шашты түнегіңе.
Қан майданнан қайтпаған батыр бабам
Алты Алаштың айналған тірегіне.
Беренім, өренім деп Жамбыл бабам,
Батырдың жігер қосқан жігеріне.
Үш айда мұражайы жаңартылды,
Батыр жайын паш етіп күллі еліме.
Есті әкім Есенбаев ақша бөліп,
Ел-жұртымды жеткізді тілегіне.
Елбасы мұражайды ашып беріп,
Батырдың тағзым етті ұлы еліне.
Мұражай, мектеп, көше, ескерткіші,
Мәңгілікке солмайтын гүл егуде.
Мәліктің жарқылдаған өр бейнесі
Халықтың сақталады жүрегінде.
Көкшетау ырыс толған қамбасы бай,
Қадірің қалың елге хан басындай.
Көркімен көз тартатын Көкшетауым,
Алламның қолмен басқан таңбасындай.
Көкшетау – сал-серінің ақ бесігі,
Үрдісі үзілмеген сан ғасырға-ай.
Сарқыты осылардың мен боламын,
Аптыққан асау өзен арнасындай.
Ағайын, тілеуімді тілеңіздер,
Мен болам үмітіңнің жалғасындай.
Себебі, бөтен елдің қаршығасы
Болмайды туған елдің қарғасындай.
Дәулеткерей:
Домбыра шанағындай бебеулесем,
Төріңде жаңбырдай жыр төгем десем.
Інім-ау, мен шөліңді қандырар ем,
Шыңырау құдығындай шегендесең.
Оралман саған да ортақ, маған да ортақ,
Қайғысына ортақтасып көрем десең.
Анда көштің, мында көштің деп айтасың,
Ал менің уәжіме сенем десең,
Келер ем қасиетті топыраққа,
Көкшетаудан да үй алып берем десең.
Абыройлы жігітпін қызметте,
Жаңағы айтқан ойыңнан көнермесең.
Қазақ үшін дайынмын қай іске де,
Мойыныма қамыт сап жегем десең.
Қажырымды халқымнан аямаймын,
Соңымнан соқа салып жер өңдесең!
Анадан арда туған ақтабан ер,
Жаратып ақтабанды баптаған ел.
Қазаққа зауал төнген сол заманда
Адамдық арына мін тақпаған ер.
Атақты «отыз жеті» ойранында
Ешкімге қара күйе жақпаған ер.
Қитұрқы саясатқа сыр берместен,
Арамдықтың ас-суын татпаған ер.
Саясат қысым жасап қысса дағы,
Сыртынан тірі жанды сатпаған ер.
Сол батырдың тойында тоқайласқан,
Шарапаты тасыған шаттанады ел.
Дәріптейін тіліммен күмбез жасап,
Мәліктейін ұлыңмен мақтана бер.
Адамдық ардың туын тік ұстаған
Иманы атамыздың Хаққа дәлел.
Ал бүгінгі қоғамда құбылмалы,
Имансыз сатқындардан сақтана көр.
Осыны айтып, Арман-ау, мен тоқтайын,
Тізгініңді жіберіп аттана бер.
Арман:
Мен едім көкшетаулық ақын бала,
Сайраған сандуғаштай сахнада.
Көкшетаудан бір үй бер деп айтасың,
Ол біздің қолымызбен сатыла ма?
Осында қаламыздың әкімі отыр,
Көзінше кеп осылай атыла ма?!
Сен түгілі өзімнің баспанам жоқ,
Осы жолы бермесе әкім аға!
Көкшетау жаны жомарт, құтты мекен,
Жомарттықтан оны ешкім ұтты ма екен?
Баян ағам бір машина мініп келді,
Деп едім гаражына тықты ма екен.
Бойында он кісілік өнері бар,
Айтыста, сірә, біреу жықты ма екен?!
Ағамның машинасы көбейген соң
Біреуін ағасына тікті ме екен?!
Бісміллә, домбырамды қолға алам,
Әр басқан қадамымды оңда, Аллам.
Толғанда тоқсан жасқа батыр бабам,
Жан болмас өр ерлікті толғамаған.
Сайраймын сандуғаштай сахнаңда,
Сақтаса Хақ Тағала тордан аман.
Ағайын, қысыңыздар тақымыңды,
Шығып тұр ат жаратып жолға балаң.
Отанын қорғап қалған бабам құсап,
Намысын туған жердің қорғап қалам.
Дәулеткерей:
Сақтанып отырғам жоқ мен Арманнан,
Сөйледім бісміллә деп жол алғаннан.
«Тақымыңды, ел, қыс» дейсің қайта-қайта,
Шапқың кеп отырса да сонан да әрман.
Намысыңды қорғаймын дейсің тағы,
Жоқ шығар намыс өліп, жоғалған жан.
Намысыңды жат жұрттан қорғаймын деп,
Қорғағың кеп отыр ма оралманнан?!
Көргенде Көкше елінің қызыр кейпін,
Тұлпар ма жал-құйрығы сүзілмейтін?!
Арман-ау, атасына тартып туған,
Серілік салты сенен үзілмейтін.
Мен емес басқа ақындай сахнада
Шыға сап бойдақтарды тізімдейтін.
Бірақ та сенің орының бөлек еді,
Баласы мен өзіне қыз іздейтін.
Еленіп жатқан кезде ер істері,
Қазылсын ойларымның кеніштері.
Мәлік атаң тойында сахнада
Сенің құда түскенің теріс пе еді?!
Оңтүстік қызын тегін беремін деп,
Жарқынбектің жөн болды-ау келіскені.
Көкшетау, келіндерің құтты болсын,
Қырық жетіңді алмайтын өрістегі.
Ата жолын білетін Арман барда
Атастырып қойдыңдар періштені.
Қасиеті тозбаған ел екенсің,
Күміс тақа секілді кебістегі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу