Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  228


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

АРМАН БЕРДАЛИН МЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Арман:
Алла деп жанды иманға жерік қылдым,
Жаныма жақсылықты серік қылдым.
Ұл едім тәубесінен жаңылмаған,
Тәубемен төрт құбыламды берік қылдым.
Аруанадай Алматым, аманбысың,
Еріксіз мені өзіңе еліктірдің.
Ішімнен кәлимамды үш қайталап,
Ентелеп есігіңнен еніп тұрмын.
Ассалаумағалейкүм, Алматым,
Биіктік қадіріңді сен ұқтырдың.
Алатауға жолдаған аманат қып
Көкшетаудың сәлемін беріп тұрмын.
Аламанға қосатын астымдағы
Құлан жыр, құлагерге сеніп тұрмын.
Біржанның үнсіз қалған домбырасын
Қолыма алып алдыңа келіп тұрмын.
Армысың, астаналық Дәулет деген,
Басынан бақ, аузынан ән кетпеген.
Абылайдың ордасынан келіп едім,
Даласының шетіне жау жетпеген.
Меніменен айтысқан талай ақын
Сахнаға сау келіп, сау кетпеген.
Дәулеткерей десе де дегендей-ақ,
Дәу балықтай екенсің ау жетпеген.
Алатау, асқаралы асқарымсың,
Мен әлі жырламаған дастанымсың.
Өмірің кексе ақынның бәрін көрді,
Көңілін енді мендей жасқа бұрсын.
Мен шықтым Дәулеткерей ағамменен,
Бұл айтыс өте шығар қас қағым шын.
Көрейін бір айтысып сенімен де,
Тәуекел, көз шықпаса, бас жарылсын.
Дәулеткерей:
Жұртыма жұпар шашып жалбыз жырмен,
Тіліммен табиғаттан жәудірді үзгем.
Тәңірге тәубеңді айтқан қазақ едің,
Жүрсең де қанды қасап, қарғынды ізбен.
Батыр – елдің қорғаны, ақын – ары,
Сапарлас болдың талай сан жұлдызбен.
Сан ғасыр азаттықтың ақ жолында,
Талқысын аямады тағдыр бізден.
Өз есімін ұранға айналдырып,
Ел үшін жау шебіне жалғыз кірген.
Ер бабалар рухы емес пе еді
Қазақтың тамырына қан жүргізген?!
Аталардың аруағы деп білемін
Желтоқсанда кеудеңе жан кіргізген.
Баба тойы құт болсын баршаңызға,
Керемет ататұғын таңды ілгізген.
Райымбек деп кеп қалдық Астанадан,
Ұлтыма ұран тастап балғын жүзбен.
Айтыстың теңізінде Сүйінбай мен
Құлманбет, Жанақ, Түбек, Жамбыл жүзген.
Сол бабалар рухы жар болса екен,
Аруағы Алтайдай тең зәулім құзбен.
Армысың, дулығалы батыр қазақ,
Найзасының ұшына жау мінгізген!
Тойына келіп жеткен хас батырдың,
Арманжан, сен де бірі ең жақсы ақынның.
Көкшеде ауызданған көкжал құсап,
Айтыста талайлардан таспа тілдің.
Сау келіп, сау қайтпаған деп айтасың,
Келмейді оған да енді бас қатырғым.
Қауымға қалжың айтып қалжырамай,
Барында ақ сөйлейік баста ақылдың.
Ұлы тойда жырларсың шын ерлікті,
Парасатын танытып патша тілдің!
Арман:
Қазақтың қандай байтақ далалары
Ап берген ұрпағына бабалары.
Аңсаумен азаттықты олар өткен,
Жандарының жазылмай жаралары.
Қолға келген азаттық арқасында
Қазақтың топ жаруда даралары.
Елім деп ер үстінде елеңдеген
Батырлардың берілді бағалары.
Тәуелсіздік арқасы деп білемін,
Біріксе ағайынның аралары.
Ағайын, бірлік деген осы болар,
Жиылса алты алаштың даналары.
Үш жүзге толған батыр тойына бұл
Үш жүздің басын қосты балалары.
Қосылып қайғымызға тағы қайғы,
Ойласаң, бәрі уайым, бәрі қайғы.
Жеті түнде адасқан жастарыңыз
Таба алмас жарық жұлдыз, жарық айды.
Батыстың киносымен ауызданған
Жастарың сезінбей жүр жағдайды.
Батырлар жырын мүлдем оқымаса,
Қайдан білсін Райымбек, Абылайды?!
Олар үшін Вандам мен Терминатор
Жадынан өшпей мәңгі жалындайды.
Олар үшін Джеки Чан жекпе-жекте
Жеңетіндей Қарасай, Ағыбайды.
Осындай шала ұрпақ өсіп келед,
Өзінің түп тамырын танымайды.
Жастарың иттің күнін кешіп жүр ғой
Ішіне жақтырмаған сары майды.
Дәулеткерей:
Тұлпарың тұрған кезде тағалаулы,
Ар көрме ақылдыны ағалауды.
Қара қазан, сары бала қамын жеген
Ұлағат ұлықтауың бабаларды.
Алтын басын аталар бәске тігіп,
Танытқан қас дұшпанға шамаларды.
...........................................................
Көрген ғой жортуыл мен аламанды.
Ал бүгін біздер айтқан өлең-жырмен
Тәрбиелей алсақ қой балаларды.
Ұлт әнін айтып өтсін ақыретте,
Ұрпағың боп кетпесе қара қанды.
Тәуелсіз Қазақстан, тәубеңе кел,
Назары бар әлемнің саған ауды.
Алла жазса ақиқат айдындағы,
Ақ кемеге алыс емес жағалауды.
Тәңір аққа бастасын жанымызды,
Аңыратпа ақ жаулықты аналарды.
Елім-ай деп зарлатпа енді елімді,
Қаратауға шөгеріп қара нарды.
Берекесіз болма, елім, бес күндікте,
Жоңғарлардан жер аты ғана қалды!
Алмалы ару қала сымбатты бой,
Айтыстың теңізінде тулаттым ой.
Қонаевты тұлға деп айтқызбаған
Кесір күндер келмеске шым батты ғой.
Қылышынан қан тамған қызыл үкімет
Адымыңды аштырмай шырмапты ғой.
Сондай сойқан заманда Мұқағали
Бабалардың құлағын шулатты ғой.
«Райымбек» деп ұрандап дастан жазып,
Ұрпағына баба үнін тыңдатты ғой.
Қасқа айғырдың баласы қасқа туса,
Мәскеуден қорқып сонда қылмақ па үрей?!
Қазақтың қасиетті даласына
Жылқы менен доңызды бір бақты ғой.
Әулиені әспеттеген ұлы ақынға
Саясат Ленинді де жырлатты ғой.
Ата қазақ аруағын аманаттап,
Келешектің намысын шыңдапты ғой.
Мұқаңның тұлпар жыры бабында әлі,
Хангелдінің күреңіндей күнқақты ғой.
Туған жердің батыры мен ақыны үшін
Бір уыс топырағы қымбатты ғой!
Осылай, елім десең, жиі егіл сен,
Түзерсің домбыраңның тиегін сен.
Алмалы әсем бақты ару қала,
Райымбек жатқан өлке – кие, білсең.
Бабалардай тарихта атың қалар,
Отаныңды дәл сондай сүйе білсең!
Арман:
Жырыңнан нөсерлеген жауын қайда,
Бойыңдағы бір кездегі дауыл қайда?
Ағасы, мүлдем күлмей отырасың,
Жағдайыңыз ал енді ауырлай ма?!
«Ауру адам күлмейді» деуші ед қазақ,
Осы сенің бір жерің ауырмай ма?
Тілеген тілге қуат, жанға төзім,
Ел отыр бізге сүзіп залдан көзін.
Сен Астана болғанда, мен Көкшетау,
Қай мықтысын, ал енді, таңда өзің.
Екеуі де Ақмола облысы,
Айт, кәне, болса егер жалған сөзім.
Екеумізге айтысу қиын боп тұр,
Қарғаның шұқымайды қарға көзін.
Мен сенің облысыңның орталығы,
Маған қарсы айтатын бар ма сөзің?
Дәулеткерей:
Келеді, інім, енді жайнап түсің,
Тұғырға отырмайды ел байлап құсын.
Дауылымды сұрайсың, жауынымды,
Саған батып кетпесін де қайрақ тісім.
«Бір жерің ауырмай ма?» деп сұрайсың,
Сөзімнің астарын сен жайлап түсін.
Немене, Райымбектің бұл тойында
Күлдіріп, «клоун» қып қоймақпысың?!
Жұртымның жырлап жатсаң келешегін,
Жырыңмен өтеп елдің берешегін.
Сен Ақмола болғанда, мен Астана,
Ескегімді өзіңмен тең есемін.
Қайсымыз мықтымыз деп сұрап жатсың,
Сен қандай мықтылықтың өресі едің?
Өзіме-өзім баға беретіндей,
Сен айтқандай ауру емес едім.
Астана – бар қазақтың астанасы,
Сонда Ақмола мықты демес едім!
Арман:
Мақтадың, Дәулет аға, Астанаңды,
Бастаған болашаққа бас қаламды.
Астана – Отанымның алтын тәжі,
Тәж қисайса, тіршілік тас қараңғы.
Заман да осы жерден басталады,
Сол жерден алып жүрсің, рас, бағаңды.
Ордасына ендің ғой от алып шын,
Ошағынан, әйтпесе, қаспақ аңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу