Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  524


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН САРА ТОҚТАМЫСОВА айтысы

Дәулеткерей:
Тұрғанда тебінгіміз терге бөгіп,
Көрейік кеудемізді желге керіп.
Алқаңа ақын болып түсіп келген,
Арқада абаттанған төрден едік.
Тойында «Қазақ әдебиетінің»
Көрейін көркем өлең зерлеп өріп.
Алдыңа үшінші рет келгенімде,
Дүние бара жатыр дөңгеленіп.
Төгіп-төгіп тастайын, ал ендеше,
Жай келіп қайту үшін келмеп едік!
Бағыт біліп сөйлейтін бүгін епті,
Қырандай тіліп жатса үні көкті,
Қытымыр саясаттан қысым көріп,
Әдебиеттің әр қилы ғұмыры өтті.
Саясаттың салқыны тиген сәтте
Жазушының жүрегін тіліп өтті.
Ақындардың ауызын аштырмастан,
Арманын айға ғана іліп өтті.
Бүгінгі әдебиет бақыттырақ,
Біздерге кешегінің нұры жетті.
Кешегі қауырсынмен жазған жырлар
Қаламмен жазған жырдан құдіретті!
Бергенде өлеңіне Дәулет ерік,
Кеткендей сахнаға сәулет еніп.
Әдебиеттің тойы ғой бүгінгі той,
Қайыспай келе жатқан нар көтеріп.
Қазағым, өзің қандай қасиетті ең,
Сараны алып шыққан хан көтеріп?!
Сара:
Алла деп қыздарыңыз ән ақтарды,
Тарбағатай шыңынан қанаттанды.
Сіздермен қауышуға тым асықтым,
Тоса-тоса тауысып тағаттарды.
Жөн көрем найзағайдан қуат алып,
Жүзімді күн нұрына жалатқанды.
Айбарлы елдің қызымын ай таңбалы,
Ақ ниетпен қарсы алар әр ақ таңды.
Жақсы сөз – жарым ырыс, жақсы көрем,
Жаһанға жылы лебіз таратқанды.
Қаракөз қыздарыңыз қайта шықты,
Медет қып жалғыз ғана Жаратқанды.
Сан талай аламанда озған атың,
Ойың бар Сара қызды көзге алатын.
Қарындасың боламын мен де сенің,
Шығыстан шыққан күндей қозғалатын.
Өзіңіздей ағалар сирек қалып,
Айтыста қаптап кетті бозбала тым.
Алматыдай аяулы мына жерде
Самғатшы саумал жырдың сөз қанатын.
Азуы алты қарыс, аманбысың,
Айтыста дес бермейтін көкжал ақын.
Сіз неге бізге сонша үңілдіңіз,
Қалайша түсінеміз мұныңды біз?
Аузың астау болғанда, сөзің – саба,
Тілің піспек болғанда, жырың – қымыз.
Сол қымыздан өзіңе бір ұрттатып,
Айласын асырмақшы бұрымды қыз.
Қымызды сырлы ожаумен сапырғандай,
Сіз-біз десіп сыйлассаң, сіңімдіміз.
Масайып ояна алмай қалып жүрме,
Қарындастың құрығына іліндіңіз.
Дәулеткерей:
Тайың ем қанып ішкен тас тұмадан,
Мен қалай арынымнан бастыға алам?
Қарындас қапталыма жақын келіп,
Болып тұр мынау жалған жақсы ғалам.
Бозбалалар көбейіп тынышыңды алса,
Аға боп құшағыма қапсыра алам.
Жаратқанға сиынып шықтым дейсің,
Бар сенің ағаларың жақсы, жаман.
Қарындас, ештеңеден қорықпағын,
Ағаң боп қанатымның астына алам.
Елімнің жұмсақ тиіп алақаны,
Ақындар тілден өлең таратады.
Қарындасқа қарайтын қорқау емен,
Сенсің ғой Тарбағатай балапаны.
Сен болсаң Тарбағатай балапаны,
Алтайдың шуақты атсын ала таңы.
Екеуміздей қазақтың екі ақынын
Алқалы ел баптап әкеп жаратады.
Жаман ойы ағаңның жоқ, білесің,
Тәтті сөзің тек қана қаратады.
Алдыңда әлі талай сапар бар ғой,
Қарындас, жасырмағын атаннан бой.
Әдебиет тойы екенін ескерейік,
Қыстығып көмекейге қақалғанда ой.
Ұлы Мұхтар, Сәбит пен Ғабит – бәрі
Ардың жүгін көтерген атандар ғой.
Кеңестік Кербаланың шөліндегі
Шөлге шыдаған талай қатар бар ғой.
Мұзжарғыш кеме құсап рухты айтып,
Ілияс ұлы жазушы атанған ғой.
Кеңес кезде жазып берген «Алтын Орданы»
Ілияс Есенберлин нағыз қаһарман ғой.
Биіктен орындалса ұлт талабы,
Қалайша біздің өлең сырт қалады.
Сара қыз, қасымдағы қарындасым,
Күте бер сыбағаңды сырттан әрі.
Адал ниет ағаларға ақ сөйлегін,
Ұға білер қыз болсаң ұлт қабағын.
Әдебиет дейтұғын – ардың ісі,
Оған қандай сұқ көздер сұқтанады?!
Қазағым, өлең-жырдан айырмасын,
Қазақ болмай кеткен ғана мұрт қағады.
Қазақтың ұлтсызданған рухтарын
Тек қана әдебиет құтқарады.
Ақыным деген сөзге сай болайын,
Мен қалай жанарыңа байланайын.
Қазақтың арлы қызы бола білсең,
Абыройы жарқыраған айнадайын.
Қара өлеңнің тұнығынан қанып ішкен
Өзіңдей қарындастан айналайын.
Сара:
Айтыста сізді ерекше дараладым,
Жақсы жансың жайлаған жан аралын.
Білмеймін, мені көрсе бітті, бәрі
Ақылынан алжасады ағаларым.
Ағатай, өзің маған қорған болшы,
Жаныңызды келіп мен жағаладым.
Есірік көзден қашқан елік құсап,
Саяңды келіп сенің паналадым.
Сұғанақтың сұғынан сескенетін,
Шарасыздан шарқ ұрған шағаламын.
Жырымыз айтылсыншы көппен біздің,
Армандап алдарыңа жеткен қызбын.
Жұрнағым жалғас алып әр сөзімнің,
Жұмбағын сан мықтының шешкен қызбын.
Қамал боп алынбасқа бекінген соң,
Самал боп құлақтарға ескен қызбын.
Қолыма он үшімде домбыра алып,
Өнердің дариясын кешкен қызбын.
Тотыдайын түрленіп сахнада,
Жүрегін жігіттердің тескен қызбын.
Ағалардың сауытын сұрап киіп,
Аналардың салтына көшкен қызбын.
Не десең де алмаймын жағаңыздан,
Жасымнан аға сыйлап өскен қызбын.
Періште қанат пішінде,
Адалдық болсын ісіңде.
Шырылдап кете қоймаспын
Азулылардың тісінде.
Жалғыз аққудай боп келдім
Қаншама қыран ішінде.
Жаратқан Алла, медет бер,
Қанатыма дақ түсірме.
Дайын қызыңның бірі едім
Ұлт үшін у да ішуге.
Дәулеткерей:
Танытқан ақын едім жырдан да екпін,
Сән қылып, салтанатын құрған көптің.
Қарындас жылынады деп ойлаймын
Шуақты жырларына бұл Дәулеттің.
Көп қыранның ішінде аққумын деп,
Білмеймін, жанардағы мұңдарды өптің.
Азулының тісінде кетпеспін деп,
Шоғын салып жатсың ба думанға өрттің?
Қарындас, маңдайыңнан мен қақпаймын,
Саған азу көрсетіп тұрған жоқпын.
Төгілер елім үшін өр өлеңім,
Осы ғой көсегемнен көгерерім.
«Өнер алды – қызыл тіл» деген барда,
Тасқа да тілмен шеге шегеледім.
Аталардан басымыз артық емес,
Қазағымның жолына берер едім.
Бүгінгі ұлы тойда енді екеуміз
Ақын боп шығып тұрсақ, сенер елің.
Сарадай қарындастың биязы келген
Тек қана қылығына бөгелемін.
Сара:
Ардақты менің Алматым,
Артық ғой бізге қадірің.
Өзгеге айқын үлгің бар,
Басқаға болар тағылым.
Шежіресі мол ұлы елім,
Тереңге жайған тамырын.
Жан-жақтан келген ақындар
Төскейіңе танытып
Арғымақтың арынын.
Жүрсіндейін ағамыз
Ұйытқысы болған бәрінің.
Сол ағамның мен де бір
Бақшасына еккен дәнімін.
Алматыдағы аман бол,
Ағайын-туыс, бауырым.
Көзайым көрермендердің
Жарық қыл таңын, Тәңірім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу