Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  307


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ ПЕН МЭЛС ҚОСЫМБАЕВ айтысы

Мэлс:
Ағамыз – күн болғанда, ақ таң – жеңгей,
Оларды айту қиын мақтан көрмей.
Айтыстың абыройын асыратын
Ақ сауыт, ақсақалды қарттар келгей.
Мен өзі кемпір-шалдың баласымын,
Солардың батасымен шапқан желдей.
Шұрқырап құлындары келген кезде,
Ентігін еміреніп басқан көлдей.
Қоныстың шекарасын белгілейтін
Болыстың сандығында жатқан мөрдей.
Алтынның сынығындай алмасатын,
Жақсылардың соңынан жастар келгей.
Ағайын, аман-есен өрдіңдер ме,
Арнайды талай ақын дастан мендей.
Азайсаңдар, абыржып қаламыз ғой,
Біз дағы қалдық па деп тастанды елдей.
Енді бүгін ешқайда кетпеңіздер,
Той қызығын соңында тосқан жөн ғой.
Армысың, Дәулеткерей, арғымағым,
Есіміңді дәріптеп қосқан жөн ғой.
Түскен соң өлең сөздің майданына,
Лайым, несібеңді ақтан бергей.
Аруаққа сиынып бір көрейін,
Қалмаққа таңғы ұйқыда тап бергендей.
:Дәулеткерей:
Сөйлесе, Мэлс ақын таңдайланбақ,
Айтатын әлеуметке әнді ойланбақ.
Мысалға келтіреді көп әңгіме,
Пернеге басатұғын жандай бармақ.
Қалмаққа таңғы ұйқыда тап берем деп,
Сондағы тап бермегің қандай қалмақ?
Бісміллә, елім күндей ерке күлсін,
Пернесі домбырамның оң терілсін.
Ассалаумағалейкүм, арда қазақ,
Көңілің көркем жырға көмкерілсін.
Арлан ақын Мэлс те ат үстінен,
Көкпарыңа тастаған серкені ілсін.
Батырлықты дәріптеп ақындықпен,
Ұлдарың серттеріне семсер ілсін.
Махамбеттің тойында маңғаз елім
Шаттықтың шалқар күйін шерте білсін.
Шапалақтап отырсаң, ақыныңның
Екі ауыз өлеңіне ел семірсін.
Марғасқа Махамбеттің айтысында
Таңдайдан жыр, маңдайдан тер төгілсін.
Ақсұңқардай бұрғасын шыңға бетті,
Қара өлеңмен қылайын ырза көпті.
Қара ниет пиғылы патша ағзамның
Қазағымның қадамын шырмап өтті.
Кешегі кер заманда, ел қамауда
Ерлерімнің қылышы қында кетті.
Қарғыланған төбеттей елді талап,
Бір сатқынның бәлесі мыңға жетті.
Ұлыңның тұрпатынан тұлға кетті,
Сұлудың құлағынан сырға кетті.
Арбалмаған алаштың нары қалмай,
Тал қалмаған талайлар суға кетті.
Жұлын құрттай жұлынып ердің басы,
Туырлықтай далаңды тулақ етті.
Өз несібең бұйырмай өз аузыңа,
Сары табақтың сарқытын құл дәметті.
Марғасқа Махамбеттей маңғазына
Айтақпен үрген иттің тырнағы өтті.
Отаншылдың сезімі тұншықтырды
Отаршылдық дертінен туған өртті.
Қаймана қазағымның қасіретін
Қан жылаған жүрекпен жырлап өтті.
Ақыра арыстандай айға ұмтылып,
Қапыда қара жерді құндақ етті.
Халқымның пейілі ғой ең тұнық нұр,
Сондықтан менің көңілім желпініп тұр.
Жайықтан келген ақын жанымда бар,
Дегендей осы айтыстың сертін ұқтыр.
Отаршыл озбырларға қарсы шапқан
Батырлардың рухы серпіліп тұр.
Арыстарын аспанға ел көтеріп,
Қуаныштан көзіне көл тұнып тұр.
Махамбет ақындардың сұлтаны еді
Қалатын жырларынан жөңкіліп қыр.
Ораза айы – сұлтаны он екі айдың,
Жүректерге иманын толтырып тұр.
Ақын тойы оразамен орайласып,
Қос сұлтанның жұлдызы тең туып тұр.
Құлай сүйген құлының құрметіне
Құдай өзі ретін келтіріп тұр!
Алланың пәк пейілі құранда аппақ,
Ықыласты пендеге сыр аңдатпақ.
Ал, Мәке, бүгінгі ізет бізден болсын,
Бәйгеге тұлпарыңды тұмарлап шап.
Үзеңгі қағыстырып отырармын,
Қыңыр сөйлеп кетпесең сыңаржақтап.
Абыл, Ақтан, Нұрым мен Қашағандай
Аталардың аруағын шын ардақтап.
Пір Бекет деп сөз бастап жүрген ұлсың,
Бабасының есімін ұрандатпақ.
Толарсақтан қан кешкен батырлардың
Шын ерлігін ұрпағы тұрар мақтап.
Махамбеттің айтысын қыздыршы енді,
Асқар тауды басса да мұнар қаптап.
Қызыр қонған батыстың ақыны едің,
Қызыл тілден ұшырған қыран баптап.
Мэлс:
Дегендей сайысып бір көрші екеуің,
Белгілі сол сөзден-ақ көрші екенің.
Әрі інім, әрі шәкірт деп атаған
Сезбедім сіздің сөздің ерсі екенін.
Қалмақты мысал үшін айтып едім,
Олардың білесің ғой елші екенін.
Қандай қалмақ деп сұрайсың мына менен,
Қай қалмақтың паспортын көрсетемін?!
Халайық екеумізді күткен шығар,
Ағаш та жаңқалаған түптен сынар.
Дәулеткерей, алдыңда шай құюлы,
Мөлдіреп тұр ғой, әне, сүтпен сыңар.
Ұзақтау толғағаның қандай жақсы,
Сен дағы ақын емес іштен тынар.
Өзіңнің сөздеріңе қарағанда,
Кассетаңның бір жағы біткен шығар.
Дәулетжан айтысқанда аспандай ма,
Әуелден сөйлемейді бастан майда.
Жеребе екеумізді тоғыстырған,
Осындай әдетті де тастау қайда?
«Жақсы сөз – жарым ырыс», түсінемін,
Ырыс та ынтымақтан басталмай ма?
Дегенмен, қорқамын көп мақтаулардан,
Көп ішкен адамдар да мас болмай ма?
Мұныма мына тұрған қосылар ел,
Алдымен ақын туған осылар – ер.
Батыры ақын, ақыны батыр болған
Қазақтың қасиетті топырағы – ер.
Сіз бен бізді жаратқан әуел бастан
Топырақтың алдында тосыла көр.
Жаныңның жарақатын жазам десең,
Арыңның әділ таза сотына бер.
Құдайым, ең алдымен адалдықты,
Домбыра ұстап жүрген досыма бер!
Өлеңнің дариясын көрем десең,
Қосымбай деген шалдың қосына кел.
Дәулетжан, әрі қарай арқырайын,
Ойланып қалған бізден шошынады ел.
Бірдеңе десем тағы ренжисің,
Айтыспасаң, айтыспай отыра бер.
:Дәулеткерей:
Таратып әрі қарай әкет аңыз,
Жұртқа біз жыр-сыбаға асатамыз.
Кассетаң біткен шығар деп бір айттың,
Оған қалай енді сын жасатармыз.
Өзіңізге шәкірт боп жүргеннен соң,
Сіздікіндей бітпейтін кассетамыз.
Халқымның бар еді ғой затында ерлік,
Біз бүгін ақиқатқа жақын келдік.
Мэлс аға, өзіңе іні болып,
Алдына елдің талай тату келдік.
Айтайын енді еліме сүйіншілеп,
Екеуміз талай топтың сапын көрдік.
Жатқа тізгін бергенде жетпіс жылдай,
Арып-ашып азапты тақым көрдік.
Дінің аман жүрекке тұнбағасын,
Құбыладан жаңылған кәпір болдық.
Оңдырмай от көсеген көсеу құсап,
Қазақы салт-санадан тақыр болдық.
Әйтеуір, көз жасымды Құдай көріп,
Қолға тізгін тигесін батыл болдық.
Өткен күнге салауат біздер айтып,
Азат таңның нұрымен әтірлендік.
Астанада оқушылар сарайына
Махамбет бабамыздың атын бердік.
Болашақ жастарымыз рухтанып,
Махамбеттей болса деп мақұл көрдік.
Храпунов қиса егер бір көшесін,
Ұлы тойда болар ед татымды ерлік!
Ал, Мэлс, айтысқанда шабытпен кел,
Жетеді ақиқатқа халықпен жол.
Кеудеңде тұнған жырдың ұясы бар,
Атадан асып туған даңқты ерлер.
Атырауда Махамбетке айтыс қылмай,
Өзіңе сызып алдың қауіп шеңбер.
Егер де дұрыс пиғыл танытпаса,
Әкімдердің қылығын әдіптеңдер.
Алысқа қарайтұғын қыран құстай,
Батыста бар еді ғой байыпты ерлер.
Махамбетке қимаған байлық құрсын,
Басқаның есебінен байып па еңдер?!
«Құдайдан айналайын мұнай берген,
Мұнайдан айналайын Құдай берген!»
Деген сөз Мэлстікі анық деңдер.
Өнегелі іс қылмаса байларыңыз,
Немене, ықыласқа жарып па ең дер?
Алтын сандық үстінде отырғанмен,
Кілтінен айырылып қалып па еңдер?
Мэлс:
Азаттыққа қол жеткен
Теңдік деген осы ғой.
Сол теңдікті жырлайтын,
Өлеңнің салып өрмегін
Өрлік деген осы ғой.
Батыс пенен шығысты
Бөліп, Дәулет, сөйлейсің,
Кемдік деген осы ғой.
Махамбеттің бұл тойы
Алматыда өткенге
Қалың халық қуанды,
Кеңдік деген осы ғой.
Бір қазақтың бір қазақ
Бітпеген ісін бітірсе,
Елдік деген осы ғой.
Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар,
Талаудан татқан дәмі бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар,
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар.
Махамбет айтқан өлеңде
Өткен менен кеткеннің,
Бүгінге дейін жеткеннің,
Ойласаңдар, бәрі бар.
Батырлардың ішінде
Қайыңы бар, талы бар,
Айғыры бар, нары бар.
Үбі батыр бастаған,
Тәни балуан қостаған,
Ғайса, Амантайы бар.
Тұлпарын мініп, ту алған
Және Шөмен байы бар.
Хан ордасын қоршаған
Шұбатылған шаңы бар.
Исатайды туарда
Нағимадай шешеміз
Жылан жұтқан екен деп
Айтатындар әлі бар.
Сол жыланның жартысын
Түгел құспай құсыпты,
Бұл сөздің бір мәні бар.
Батыр туған баласы
Бастаған ісін бітірмес,
Халық айтса, қалт айтпас
Деген сөздің жаны бар.
Ішкі орданың сол кезде
Жәңгір деген ханы бар.
Тақылдаған татардың,
Қақылдаған қалмақтың,
Шақылдаған кәуірдің,
Ойласаңдар, бәрі бар.
Шыманұлы Орманның
Шөке деген лаңы бар.
Дәулеткерей:
Қолында хас батырдың садақ ойнар,
Хас шебердің қолында қалам ойнар.
Ер Исатай батыр мен дүр Махамбет –
Бұтағына бұлт қонған қарағайлар.
Мэлс аға, айтпағым мынау еді,
Адамға көрсетпесін заман айбар.
Елдігінен айналдым қазағымның,
Ақын емес едің ғой жаман ойлар.
Махамбеттің бұл тойын жасап жатқан
Отан партиясында Нар ағай бар.
Амангелдіге Құдай қуат берсін,
Жинаған жауқазыннан арадай бал.
«Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін»
Дегенді айтқан данышпан, дана Абай бар.
Жұтқаны білінбейтін жұлын құрттай
Көбейіп кетпесе екен Қарабайлар.
Жасырмай айтар болсам бар шыныңды-ай,
Ысиды тамырымда қан суымай.
Экология өртінің өршіп кетіп,
Каспийдің бар аймағын шарпуын-ай.
Балтырдың сыздағаны ештеңе емес,
Қадалған қақ жүректен шаншуын-ай.
Көр қазғандай көл түбін үңгіп жатқан
Келімсектер кеніңді аршуын-ай.
Тіршіліктің тамырын қияды екен
Теңізге тамып кеткен тамшы мұнай.
Базарын мұнайыңның басқа көріп,
Азабын тартып жатқан Алшыным-ай.
Алматыға Мэлс келді деп
Сарайда талай сайраған.
Сырлы да сұлу сөздерін
Сіздерге арнап сайлаған.
Сол Мэлсті тыңдауға,
Қарттарым, аман келдің бе,
Мұрттарын жырмен майлаған.
Әжелерім, армысың,
Ақ жаулығын байлаған.
Ағаларым да, бармысың
Халықтың қамын ойлаған.
Жеңгелерім де, келдің бе
Құшағында ағаның
Ақ сазандай ойнаған.
Құрбыларым да бар ма екен,
Қиылып қасы жайнаған.
Мэлс ағам – арғымақ,
Табаны тастан таймаған,
Ақ Жайықты жайлаған.
Айтысам деп Мэлспен,
Мен де келдім, ағайын,
Қараөткел деген шаһардан,
Хан базары қайнаған.
Бәрін айт та, бірін айт,
Рамазанның айында,
Махамбеттің тойында,
Бір ғанибет емес пе
Сіздермен бірге тойлаған!
Жаратқан ием, жебегін,
Пендеңе тисін көмегің.
Сүгірдейін жыраудың
Сарқыты, Мэлс, сен едің,
Шекерге толған шелегің.
Асықпағын, тұра тұр,
Кезегіңді беремін.
Айдын шалқар көл едің
Арнаның соққан кемерін.
Махамбеттей бабаңнан
Қалған да сырлы жебе едің.
Ай, мен, мен едім, мен едім,
Сарыарқадай көлемім,
Еліме берген өлеңім –
Бұршақты жырлы көгенім.
Мэлс ағам – желмая,
Соңында буыршын мен едім.
Шәкірт болып жүрген соң,
Томпаңдап еріп келемін.
Мэлс көкем қасымда,
Ақылға бай кемелім,
Маржанды мұхит тереңім.
Ізіңнен еріп жүрген соң,
Ғибратыңды да теремін.
Жеті өзеннің бойында,
Махамбеттің тойында,
Баршаңызға шашу ғып
Осындай жырды төгемін.
Мэлс:
Айналайын Дәулетжан,
Айтысқанда нөпірсің.
Басыңнан сенің бұл ағаң
Қалай бүгін секірсін?
Тойып алып өлеңге
Ұрпақтары кекірсін.
Сүгірдің салып-ай сөзіне,
Өзің де ұқсамай өзіңе,
Алдарында халқымның
Концерт қойып отырсың.
Алдыңда сенің отырған
Салқар да салқар, салқар ел.
Сол салқардың ішінде
Бүгінгі мына айтыстың
Құланы менен маралын,
Жүрігі менен шабанын
Қиядан көріп, байқар ел.
Айналайын Дәулетжан,
Махамбет пен Исатай –
Солар туған заманның
Сырын ашып жырласаң,
Қасы болған Жәңгірдің
Сынын ашып жырласаң,
Мынау отырған ағайын
Алғысын саған айтар ед.
Дәулеткерей ініміз,
Оралханның тойында,
Өскеменнің бойында
Салқын тиіп қалғанда
Мұңайыпты байтақ ел.
Айналайын келінжан,
Қазір естімесең де,
Хабардан кейін көрерсің.
Дәулет үйге барғанда,
Бір кесе шай бергенше,
Екі кесе сорпа бер.
Аузы да күйіп қалмасын,
Сорпа берсең, орта бер.
Содан кейін жазылып,
Шапқан ізің қазылып,
Маңдайыңнан бу шығып,
Таңдайыңнан жыр шығып,
Тағы айтысқа тарта бер.
Дәулеткерей:
Сүгірдің салсам әніне,
Талантымның қыр беті.
Залда отырған ағайын,
Осы айтысқа кеп қалса,
Махамбетке құрметі.
Дәулеткерей ақынның
Бұл термелеп кеткені,
Мэлстің салған міндеті.
Концерт қойдың дейсің ғой,
Тағы да айттың басқасын.
Мэлс ағам ойынан
Ол сөзді сыпырып тастасын.
Сахнаға шыққанда
Термелеуден қашпасын.
Мен Мэлске шәкіртпін,
Ізін оның басқасын.
Термеледім осылай,
Оның талантынан асқасын.
Қазақы қан ойнаса тамырыңда,
Ақылға сезіміміз бағынуда.
Дәулеткерей термелеп кетті ғой деп,
Мэлс аға, малынба әрі мұңға.
Мен сізге мынандай бір әңгіме айтам,
Талғажау болар, бәлкім, тағылымға.
Арқада Сандыбайдың Ердені өткен
Баланған бір басының бағы мыңға.
Үш жүзге сауын айтып Ерден батыр,
Сарыарқаның сән құрған сауырында.
Ас беріп жылдығына Сандыбайдың,
Ат шаптырған Ереймен бауырында.
Ас деген аттынікі дегендейін,
Ойдан, қырдан қазақтар ағылуда.
Үш жүзден келген барлық дүлдүлдердің
Мойнында тұмарлары тағылуда.
Аламанның ақ шаңы көрінгенде,
Бәйге күткен бапкерлер сабылуда.
Сол кезде мынадай бір жайт болыпты,
Ол да мысал болады мән ұғуға –
Ерденнің көк байталы бірінші кеп,
Үш жүзге тұлпар болып танылуда.
Құттықтаған қазақтар қаумалап кеп,
Ерденге екі бастан жағынуда.
Жанарынан жас бүркіп сонда Ерден,
Түсініксіз түсіпті қамығуға.
Оқиға болған кезде бесін еді,
Ерденнің өзгеріпті хош реңі.
Бұл жайды түсінбеген басқа халық:
«Басқа неге тепті, – депті, – несібені?»
Жүрегі қан жылаған қасіреттің
Жұмбағын Ерден былай шешіп еді:
«Уа, халқым, Сандыбай – менің әкем,
Бір жыл бұрын бақиға көшіп еді.
Үш жүзге сауын айтып ас бергіздім,
Өйткені барлық қазақ досым еді.
Сол асқа қарақұрым жұрт жиналып,
Менің мынау мейірім өсіп еді.
Ақындарын әкеліп айтыстырып,
Аттарын аламанға қосып еді.
Ұлы жүздің немесе Кіші жүздің
Аты келсе деп көңілім тосып еді.
Бірақ менің байталым келгендігі
Көңілімді су сепкендей өшіреді.
Әкемнің даңқы алысқа кетпей қалды-ау,
Астан күткен арманым осы ма еді?
Бәйгені өзім тігіп, өзім алсам,
Бұл жайды аруақ қалай кешіреді?» –
Деп Ерден көзінен жас парлатыпты,
Сол әңгіме түсіп тұр есіме енді.
Ең алғаш мен айтысқа шыққанымда,
Тұсауымды осы Мэлс кесіп еді.
Махамбетке арналған бұл айтыстың
Бәйгесі мәртебесін өсіреді.
Сол Ердендей ірілік таныта алсаң,
Реті келіп-ақ тұр осы жолы.
Мэлс:
Қара өлеңді ақтарсам,
Қаймағын одан, ағайын,
Қалқып алған жақсы ғой.
Ағайыныңның алдында,
Өлеңіңді төкпелеп,
Аңқып алған жақсы ғой.
Шабыт келіп отырса,
Шалқып алған жақсы ғой.
Ерден жайлы аңыздың
Айтып өттің сұлбасын,
Аталардың артында
Нарқы қалған жақсы ғой.
Аңызбен басты қатырмай,
Бос сөзіңді сапырмай,
Қолдан келсе, бәйгені
Тартып алған жақсы ғой.
Аз сөз – алтын, көп – күміс,
Айналайын Дәулетжан,
Аз сөзіңнен айырып,
Қатық алған жоқсың ғой.
Исатай мен Махамбет,
Кенесары, Науырызбай
Заманынан сөз қозғап,
Шабытыңды, дегенмен,
Шақыра алған жақсы ғой.
Енді біздер тұрмасақ,
Мына ағайын өкпелер,
Сахнаны бір өзің
Сатып алған жоқсың ғой.
Дәулеткерей:
Мэлс-ау, неге маған бөтен дейсің,
Жай кезде інім дейсің, көкем дейсің.
Ағайынның алдына келген кезде,
Өзің жақсы сезімді сетерлейсің.
Дәулетті іске алғысыз қылып тастап,
Жалғыз өзің шауып-ақ өтердейсің.
Бұл бәйгені алмасаң осы жолы,
Атқа мініп, аттандап кетердейсің.
Мұныңды, Мэлс аға, жақсы дейін,
Әзілге ағам менің тапшы дейін.
Ініңде ілгеріге басып келед,
Демесең бір өзіңіз «жатшы кейін».
Сатып алған жоқпын ғой сахнаны,
Сен дағы тізгініңді тартшы дейін.
Мэлс аға, тұра тұр, қоштасайын,
Алдыменен еліме бақ тілейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу