Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  185


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

СЕРІК ҚҰСАНБАЕВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Серік:
Қарайлап қалың елдің қабағына,
Алтайдың ат байладым алабына.
Айтысқа шырай берген ақындардың,
Гүл бітіп, құт дарысын қадамына.
Ормандай ордалы елім, аманбысың,
Табынған Оралханның талабына.
???????? ?? ???????? ??????????,
??????? ????? ?????? ??????????.
?? ????? ????????? ??????-????,
??????? ??? ??????? ??????? ??-???
?????? ?????? ???? ???????
???????? ?????????? ??????????.
Қыздарың өр Алтайдың маралындай,
Ұлдарың туған жердің қамалындай.
Ел кезіп желмаямен кетсем-дағы,
Жерұйық дәл өзіңдей табамын ба-ай?
Төріме тағзым етіп иілейін
Қабанбай нағашымның садағындай.
Қарайлап қалың елдің тілегіне,
Бір жол бар мәңгіліктің түнегіне.
Алды жаз, арты ақпан алдамшы өмір,
Пәниде пенде соны біледі ме?!
Келместің көшіменен кеттің, аға,
Сыйғызып ел тілегін жүрегіңе.
Әрине, аһ ұрасың, қиналасың,
Айылын ажал арсыз жимағасын.
Осылай құлазиды іні көңілі,
Жоғалтып қапияда сыйлы ағасын.
Қазақтың жібек баулы қыраны едің,
Қайтейін маңдайыма сыймағасын?!
Қабырғам қайғы жұтсам сөгіледі,
Көл болып көздің жасы төгіледі.
Артыңнан аза тұтты аяулы елім,
Жас сәби бесіктегі не біледі?!
Өксіген өр Алтайды жұбатам деп,
Ертісің әлі күнге егіледі.
Өлеңнің бірге міндік арбасына,
Сол арба шығарса да жар басына.
Кім кепіл әлдеқандай күн туғанда,
Жігіттің пенделікке бармасына?!
Сенімі бұл ағаңның сең бұзады
Өзіңнің жерге қарап қалмасыңа.
Ендеше, бісміллә деп белдесіп көр,
Қапыда түсіп қалмай жамбасыма.
Кеудеңде бабалардың рухы болсын,
Қоң етін кесіп берер қандасына.
:Дәулеткерей:
Армысың, өскемендік өскелең жұрт,
Ортаңда орайласқан кешке келдік.
Алтайым – шығысымда алтын қақпа,
Секем жоқ сел алса да сескенерлік.
Армысың, семсер тілді Серік ақын,
Айтыста беделің бар бес дөнендік.
Ініңнің іргесіне қоңсы қоңсаң,
Бағаңды түсірмеспін еш төмен қып.
Ғасырдың тоғысында той қылсаңдар,
Қоғамдық қолдау екен қош көрерлік.
Тойыңнан ақындарды қалдырмауың –
Бойыңнан қазақылық көшпегендік.
Жаратқан жар болса егер, келбетіңді
Қуат бар қызыл тілде кестелерлік.
Аруағын Орекеңнің аунатпасам,
Бұл жерге келгенім жоқ босқа өлең қып!
Айтыста көтерілді бүгін байрақ,
Сөйлейін ынтымақты ырымға ойлап.
Жаулардан жаман ниет болмасын деп,
Қабанбай кеткен аппақ туын байлап.
Алтайдың толықсыған ақ сезімі
Жатқандай Үлбі, Ертіс суыңда ойнап.
Алашқа сауын айтып той қылған ел,
Келбетің келісті екен бүгінгі әйбат.
Күлтегін қолтаңбасын тасқа басқан,
Түркі елім ту көтерген тұғырлы аймақ!
Ағайын, алақаннан от алайын,
Алтайдың алтын кенін қопарайын.
Ақ Ордам қарт Алтайға сәлем айтты,
Бозінген сағынышы ботадайын.
Есілден алып келген өлең-жырды,
Ертістің ернеуіне қотарайын.
Ұлы адам ғана айтады ұлысқа ақыл,
Ойшылдың көкірегінде ырыс жатыр.
Ойшылдық пен ойсыздық – екі нәрсе,
Әркім айтқан сөз болмас күміс бақыр.
«Неге біздер осы» деп Орекең де,
Тірісінде тигізбей туысқа тіл,
Жалғанның базарынан шаршаған соң,
Алламның мазарында тыныш жатыр.
Кеткендей толып бүгін заман зарға,
Қарыс баса алмаймыз қадамды алға.
Ер састы, етек басты күн өтсе де,
Тұлпар тірлік тасырқап табандауда.
«Неге біздер осы» деп ойлануға,
Құдай ақыл бермеп пе еді адамдарға?!
Ау, Секе, сіз де біраз егілдіңіз,
Жырыммен дем алыңыз самалдауда.
Талантты пұлсыз беріп, құнсыз алса,
Құдайдың құдіретіне шараң бар ма?!
Алтайым таңға тұтқан таудан басқұр,
Бұл айтыс – бабамыздан қалған дәстүр.
Мен сенің түсе қойман жамбасыңа,
Апанға тығылмайды арлан қасқыр.
Серік:
Көгінен қазағымның жыр кетпейді,
Біздің ел таланттарын құрметтейді.
Ақ туын Қабанбайдың өзің айтқан
Ұрпағы мына отырған кірлетпейді.
Ініме батырмайын тіземді мен,
Маржан қып сөздің ойын тізем, білем.
Әлгінде өзің айтқан арландарды
Шығыста соғып алған үзеңгімен.
Ағаңмен айтысам деп сайланғасын,
Қиялың сары даланы сайрандасын.
Айтыста талай сөйлеп иі қанған
Қызыл тіл құдай берген байланбасын.
Болғанмен өзің балғын, сөзің – сақа,
Ақынның бірі едің айлаң басым.
Қонады сөз – таңдайға, бақ – маңдайға,
Бақыттан бірақ басың айналмасын.
Бақ деген жылап қайтар, күліп келер,
Мен емес болжау жасап күдіктенер.
Және де қара ниет Қарабайың
Мен емес жеңге қанжар тығып келер.
Сыр бермес, сырттан мінез ағаң едім,
Қолқасын, қолқаласаң, жұлып берер.
Дәулеткерей:
Тобыңа түсіп жүрген талаптанып,
Мені де Алтай тауым жаратты анық.
Мен дағы бұл алқаға бөтен емес,
Алтайдан ұшқам қарақанаттанып.
Арланды соғады деп үзеңгімен,
Ағамыз алқалы елді қаратты анық.
Ағасы, неге сонша шіренесің,
Үзеңгібауың сегіз қабаттанып?
Рухын өрелі ел жұтатпапты,
Өсер ер аға-інісін мұқатпапты.
Ынтымақ ырыс алды болсын деумен,
Құдайдан Құран сынды кітап қапты.
Ағасы, айбалтаңыз кетілмесін,
Балтаң өткір болғанмен, бұтақ қатты.
Мен енді қарап өтем шашыңызға,
Алтайдың асқарынан асыңыз да.
Маңырақ жотасының арқарындай
Шаңырақ бөркіңіз бар басыңызда.
Қазтаңдай Серік, тағы қаңқылдашы,
Қаздаңдай басып келген қасымызға.
Серік:
Өлеңді баста десең, бастайын да,
Абыржып көп алдында саспайын да.
Кешегі Ақан сері құласындай
Адымды алшаң-алшаң тастайын да.
Аузыма өзің салып кеттің, інім,
Әңгіме ел алдында шаш жайында.
Қалайша саған бүгін іш тартпайын,
Алайда шылбырымды ұстатпайын.
Байқаймын шашыңыз да күзеліпті,
Қысқарған жер-жердегі штаттайын.
Дәулеткерей:
Ағамыз ақындықта арлан бөрі.
Айтады сахнада жалған нені?!
Бөрілер сағалайды түз даланы,
Қашады тайсақтаумен таудан көбі.
Жеңгеміз мұртыңызды қырдырғанда,
Немене, секем алып қалған ба еді?!
Серік:
Өзіңдей інілермен мақтанамын,
Көсіліп шабар болса, шаттанамын.
Төріне туған жердің келген кезде
Кеудеден ақ маржан жыр ақтарамын.
Ініге ілтипатпен қарасам да,
Өзіме әріптес деп сақтанамын.
Мұртымды қырып тастап келдім, інім,
Жеңгеңнің жыбырлатып ақ тамағын.
Жігерлі сөз айтайын жұртымызға,
Елеулі сын көзбенен сыртымызға.
Көргендей мұрттылардан көресіні,
Шүйліктің шыға салып мұртымызға.
Біреуге ой салады құлқын ғана,
Бөрілер береді әркез сыртын ғана.
Айтайық елдің жайын, көптің жайын,
Мәселе мына менің мұртымда ма?
Сөзіңді ұстадай ғып шегеледің,
Өлеңнен басқа елге не беремін?
Көсіліп шапсаң бүгін ел алдында,
Сенің де ауаныңды көрер едім.
Кешегі Пугачевтай перілердің,
Інішек, қылығына не дер едің?
Дәулеткерей:
Тыпыршып сөйлейсің-ау, тіпті, ағасы,
Тіксінбей, тектілікпен тік қарашы.
Ел жайынан бастасаң өткір өлең,
Сілкініп қалар ма екен жұрт санасы.
Адамзаттық ойлары Оралханның
Бұл күнде болып отыр ұлт бағасы.
Орыстар ойдағысын істегенмен,
Алайда, жібермейді ұлт наласы.
Тарихын тасқа басқан тамырлы қып,
Бұл Алтай – түркіліктің түп қаласы.
Пугачевқа пұтхана бола алмайды
Құдай сүйген ұлыңның құтханасы!
Әркімнің ошағын бір көсеп беріп,
Біз қазақ кім-кімдерді дос етпедік?
Аузына – жал мен жая, жылы-жұмсақ,
Астына ақ мамығын төсеп беріп.
Көршіге ерсі қылық танытпастан,
Солар бар мәселені шешед дедік.
Ағайын, жау жоқ деме, жар астында,
Жүргенмен саясатқа есеп беріп.
Қой терісін жамылған қасқыр жаман,
Жүрмейік үйден шықпай, төсекте өліп.
Әркімге бір жүргенде қалбалақтап,
Қарғадай боп кетпейік кесек теріп.
Ағызған асқарынан өлең селін,
Алтайым – алтын тұғыр, ел еңселім.
Оралхан деп оянған ұрпақ барда
Жоғалмайды өнерге деген сенім.
Ұрпағына қалдырған мұрағатпен
Жұрағат есеп қылсын жол өлшемін.
Ініңе деген, аға, ілтипатты
Жүзіңнен жымыңдаған көрем сенің.
Толағай тұлғаңызды төртбақ келген
Сомадай сары алтынға теңеуші едім.
Ініңе бастаттыңыз саясатты,
Ары қарай өзің, аға, не деуші едің?!
Серік:
Тектілік – маған да айбын, саған да айбын,
Жиені мен боламын Қабанбайдың.
Тіліме ұтымды сөз келген кезде,
Тілімді тістеп және қала алмаймын.
Айтыста уақытқа бір жарымадық,
Секілді садақасы сараң байдың.
Жыршының жарқылдаса жасын әні,
Көңілі көрерменнің ашылады.
Пейілі Пугачевтей перілердің
Еріксіз елдің құтын қашырады.
Қазақтай сәби мінез, аңқау елге
Айласын алаяқтар асырады.
Түбінде тексіздерге тілмен тисе,
Жазықсыз елдің қаны шашылады.
Басшылар жалпақшешей бола берсе,
Қазақты кім көрінген басынады.
Сондықтан ойлан, елім, оян, елім,
Қалмақты да қызыл қанға бояп едің.
Киелі көк бөрінің ұрпағысың,
Дей алмас саған ешкім қоян едің.
Билігін бұл жазаның маған берсе,
Есердің екі көзін ояр едім.
Құнтитып құлағы мен мұрнын кесіп,
Тірідей бас терісін сояр едім.
Сақалын талдап жұлып албастының,
Зайсанға қой баққызып қояр едім.
Дәулеткерей:
Демеймін морт сынатын шетенсің ғой,
Жолыңды тура тартқан төтенсің ғой.
Жазасын Пугачевтің жариялап,
Отырған орныңда бекемсің ғой.
Зайсанға қой бақтырып қоям дейсің,
Сен, бірақ, Керекуде екенсің ғой.
Өмірге сен де қонақ, мен де қонақ,
Отырмын өзіңізді төрде ағалап.
Айтыста уақытқа жарымаған,
Ағайын, Серіктейін ерге обал-ақ.
Ерлігі кеше өткен бабалардың
Қазақ деген қаны бар елге аманат.
Қадір қашпай тұрғанда, тұрайықшы,
Әлі де кездесерміз – жер домалақ.
Серік:
Қалың ел қозар менің арқам еді,
Өлеңім найзам еді, қалқан еді.
Бақандай бес минутын қиып берген
Қалихан ағам неткен дархан еді!
Кей кезде өлең сөздер үй бұзады,
Ән тыңдамас, сөз тыңдамас күй бұзады.
Әрине, айтары бар ақындарың
Айтарын бір минутқа сыйғызады.
Дәулетжан, айналайын тілегіңнен,
Өзіңнен үміт күтіп жүр едім мен.
Сен маған туған жер деп қақылдама,
Туған жердің қасиетін білемін мен.
Ән қуып, Керекуде жүрсем дағы,
Шығыста жатамын ғой жүрегіммен.
Нәр алған халқым әрбір ғасырынан,
Жатқанда шашу болып шашылып ән.
Халқымның көңілі отыр бір құлазып,
Айырылып Оралхандай асылынан.
Кезінде әлдеқандай күн туғанда,
Алтайдың кім аспап еді асуынан?!
Мынау ел – әділ қазым, биім дерсің,
Қалайша ел жайында күйінберсің?
Қалайша қос тұлпарың көсіліп бір
Шапқанда, қайран елім сүйінбесін?!
Тоқтайын осыменен, ақын бауырым,
Бұл сөзді өзің жалғап, түйіндерсің.
Дәулеткерей:
Бола ма санамыздан жыр көзделмей,
Миуалы жемісті жыр күз бергендей.
Әрине, мен де жүрмін Астанада,
Ағасы, менің жолым сіздерден ғой.
Туған жердің ұмытпа қасиетін,
Оралхан да үйде туып, түзде өлген ғой.
Қалмайсың тақыр болып тойлағаннан,
Ағайын, мен түйейін ойдан арман.
Ойыма асыл жырлар келе берер,
Серіктей семсер ақын қайрағаннан.
Қазағым, рухымыз мәңгі өлмейді,
Бұдан жаман күнімде тойға барған.
Серік:
Қазақтың қыныптағы қылышымын,
Өлеңде, өнердегі ырысымын.
Ерткен алдымызда аға болса,
Сүйейтін қолтығынан тынысымын.
Үйде туып, түзде өлген Оралхандай
Арыстың соңындағы інісімін.
Еліңмен, айналайын, еңселі бол,
Құрметтеп жатсын дәйім ел сені мол.
Мен бүгін қайрап-қайрап жіберейін,
Қазақтың сертке байлар семсері бол.
Дәулеткерей:
Шабыттың тізгініне қол артам да,
Қона бер өлең деген омартаңда.
Ағасы, өзің қайрап топқа қоссаң,
Қалатын жабы емеспін жол ортаңда.
Сен де інісі Оралханның, мен де інісі,
Мен дағы жат емеспін Оралханға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу