Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  405


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ айтысы

Дәулеткерей:
Мәжіліске жиылған
Мәртебелі мәрт ұлдар.
Ақ жол тілер әжелер,
Ақсақалдар – алтындар.
Мамыражай мамырда,
Шаттаныңдар, шалқыңдар.
Демеп қой, халқым, қол ұрып,
Нар құнындай нарқың бар.
Бәрекелді айтылсын,
Ой-сарасы сарқылсын,
Той табағын тартыңдар!
Ағайын бүгін айтысқа,
Ұсынып отыр қақ төрді.
Ақиқат айт деп алашқа
Ақынға Алла жақ берді.
Шаршы тобыңды шаңдатар,
Бәйгелі тайың бапкерлі.
Тағдырым менің айтыста
Мұхамеджанға тап келді.
Айналайын, ағайын,
Өлеңге деген махаббат,
Өзіңе деген сағыныш
Алдыңа қайта ап келді.
Мұхамеджан ағасы,
Ақиық болсаң аңғартқын,
Ала бұлт аса самғаған,
Тұлпар болсаң танытқын,
Алдыңа қара салмаған.
Арлан болсаң көрейін,
Қасқа тісіңді қандаған.
Сәйгүлік болсаң шабарсың,
Сәтімен күтсе сар далаң.
Дүбірлет, аға, ендеше,
Құлағын тіксін бар ғалам.
Мұхамеджан:
Тіл мен жақ, қуат беріп төзші бүгін,
Егейін екі ақынның қос шыбығын.
Әріптеспен әңгіме-дүкен құрам,
Жүгіртіп ойдың шаңқан боз сұлуын.
Жүйрік жылдар жүйткіп өтіп жатыр,
Жамап киіп, жыртылған өз шұлығын.
Алтын таға секілді, ағайындар,
Өнердегі мен едім өз сынығың.
«Жас жүрегім саусағын жайсын» енді,
Арасынан ағызып сөз шырынын.
Ағайын, қос ұлың да үлгілі еді,
Үлгілілер не істерін кім біледі?
Тоң майға тойып алған тоқ мысықтай
Үндеместер бірдеңе бүлдіреді.
Бармысың, дәудірлеген Дәулеткерей,
Жымисаң жанарыңнан күн күледі.
Екеуміз де филфактың шәкірті едік,
Тіркестерің дәл соны білдіреді.
Інімнің қыбын бүгін мен табайын,
Қашаннан тістің сырын тіл біледі.
Тайы да қысырақтың тулағандай,
Жұрт болмаса жүйріктер тумағандай.
Екеуміз есті сөзге бас изейік,
Ер-тоқымы жылқының тулағандай.
Кесек-кесек боп түссін кестелі сөз,
Жапырақтап жал-жая турағандай.
Мен сені ақ көбік қып көрейінші,
Езуіңді ауыздық сулағандай.
Інімді ағыл-тегіл терлетейін,
Адыраспан қайнатып булағандай.
Ағаңа қарсыласқа жарайсың ғой,
Мықты болсаң айтарсың талай сынды ой.
Арқаланып сөзіңді басташы енді,
Маңдайлы елге сен де самайсың ғой.
Қанатыңды бір серпіп ұшшы, інім,
Қар адамын көргендей қарайсың ғой.
Дәулеткерей:
Сөйлесем өлеңімді үстеп алып,
Шабыттың оты жатыр іште жанып.
Ағасы, сен оқыған ұлы ордаға
Мен-дағы, Құдай қолдап, түскем анық.
Азамат ақын айтар сөз айттың ғой,
Тіліңді келіп, аға, тіске жанып.
Қайтейін бүгін жырда сайрандамай,
Сөйлейсің қырдан қырып, ойдан борай.
Қасқа жолың алдыңда сайрап жатыр,
Қайығың қара өлеңнен қайраңдамай.
Ағасы, байқап, бірақ, айтысарсың,
Түйенің жығылуы қойдан да оңай.
Інің ем айтар сөзін келіп түйген,
Біз шықсақ ұлы ордадан серік күймен.
Қар адамын көргендей мен қарасам,
Өзіңсің ғой мамырда бөрік киген.
Бүгінгі бәйгедегі бөлек есім,
Ұйқасын шама келсе шегелесін.
Қанымда намыс оты алаулаған
Еркектің танытқандай ерегесін.
Шайқастың шарты солай болғаннан соң
Мен өлемін немесе сен өлесің.
Өзіңді байқаусызда жеңіп кетсем,
Айтшы, аға, сүйіншіме не бересің?
Мұхамеджан:
Ағаңның бір бұрылса от қабағы,
Кеудеңнен талай сырың жоқталады.
Түйені жығамын деп отырсың-ау,
Келгендей ер намысын жоқтағалы.
Түйе келіп көпірде жығылғанмен,
Төрт түліктің төресі боп қалады.
Әрине, ісіңді елің ерсі етпейді,
Бағаңды халық түзу берсек дейді.
Жеңемін деп желпініп отырсың-ау,
Ойыңды ағаң қазір бөлшектейді.
Менен несін сұрайсың, жеңер болсаң,
Тістейтін жылқы тісін көрсетпейді.
Дәулеткерей:
Мен емес жыр қанатын қомдай алмас,
Ағасы, қызардың-ау өңдей алғаш.
Түйе деген болғанмен мал төресі,
Қисайса, қайтып басын оңдай алмас.
Айтысқа, ақын болсаң, мұндалап кел,
Тілерім – ал, Жаратқан, жыр қанат бер!
Бір ұядан түлеген інің едім,
Бүгінгі шабысыма шын қарапты ел.
Тастүлектей түйіліп мен көрейін,
Өлеңмен мені бүгін шырғалап көр.
Айтысқа бүгін түскенде
Алаулап жанған отсың ғой.
Алдымдағы асқардай,
Өзіңе көңілің тоқсың ғой.
«Сіз де біздей болғансыз,
Біз де сіздей болармыз».
Жеңем десем айып па,
Екі аяғың салбырап,
Аспаннан түскен жоқсың ғой!
Өлеңіңді, ағасы, от қылып ең,
Сөйлейсің төрелердің текті үнімен.
Балық үндес болғасын, бақа тілдес,
Өзіңе айтар ойды дөп қылып ем.
Үйленбей жүрсің, аға, мен болжасам,
Қыздардың аздығы емес, көптігінен.
Мұхамеджан:
Ақын едік әр сөзі нұсқа болар,
Қызылшырай күндейін қыста туар.
Бір ұядан самғадық деп отырсың,
Үнімен елді баурар ұшқан ұлар.
Сен солардың жатасың қайсысына,
Жұмыртқадан жылан мен құс та туар?!
Ағасын үйлене алмай жүр дей ме екен,
Сөйтіп ол желкенімді үрлейді екен.
Қыздардың аздығы емес, көптігі деп,
Ағасының шын сырын білмейді екен.
Ағаңа қыз қызықса айып бар ма,
Тақыр басты таз адам күндейді екен.
Шашырап кетті сөзің өнім бермей,
Айдалаға ақ тары себілгендей.
Қызылсырап келгендей қызды айтасың,
Оныңа отырмаспын көңілденбей.
Келген сәтте арқырап бастап едің,
Кертөбел мама ағашын кеміргендей.
Орта жолда отырсың тайғанақтап,
Табаныңа тас бұршақ төгілгендей.
Қос өкпеңді үзеңгі ұрғандай боп,
Қыршаңқы атты қияда тебінгендей.
Шаршап қалып, шалдыққан түрің бар-ау,
Үйдегі күрең шайын келін бермей.
Бұл інім орнықты ғып ой табар ма,
Тәсірлі сөз тереңнен айта алар ма?
Қызды айтып қызарақтап отырғанша,
Жұмыртқаңнан қыран шықсын шайқағанда.
Абысындай аңдысып отырғанша,
Егілген елдің сөзін айт одан да.
Майпаздап қозғалатын түрің жоқ қой.
Майда тікен кіргендей май табанға.
Дәулеткерей:
Ағасы, танытарсың кісілікті,
Ешкімге өткізбейтін күш үгітті.
Жұмыртқадан балапан, жылан шықса,
Болар-ау жылан емес, құсы құтты.
Ініңді балапанға теңеместен,
Маған сен өткізерсің кішілікті.
Оғыңды маған қарап атқанменен,
Көмейің сенің-дағы түсінікті.
Қырансың биіктерге қонатұғын,
Ақиық самғайды екен ол ақырын.
Шайқалған жұмыртқадан құс болайын,
Күні ертең қия құзды шолатұғын.
Жұмыртқадан шайқалған жылан болсам,
Тілім болар өзіңді шағатұғын.
Жүруші ем өнеріңе болып құмар,
Жырың бар жалпақ жұртқа жөн ұқтырар.
Арманы арғымақтың аламан тек,
Жолында баһадүрдің жорық тұрар.
Ойпырым-ай, оймауытты ойсыратып,
Түрің бар торғауытты торықтырар.
Қызды айтқаным – әзілім аузымдағы,
Шоқпарым жоқ қолымда тобыққа ұрар.
Айтыста бірлік десе досы көнер,
Көрермендік көңілдің хошы бөлер.
Арындатып бастап мен баяулатсам,
Жабағы тайдың тері ащы келер.
Мен бүгін шабысыңды танып көрсем,
Болашағы зор мына халыққа ер сен.
Көсілейін қысылмай, қымтырылмай,
Ініңе бұл додада шабыт берсең.
Ағасы, әңгімеңе мен еремін,
Ендеше былай айт деп бағыт берсең.
Мұхамеджан:
Ау, Дәуке, неге сонша шабынасың?
Шабынсаң шардай болып жарыласың.
Балапан деген сөзді ауыр алып,
Албырттықтан сен қашан арыласың?
Есейіп ертең жігіт боп кеткенде,
Ағаңның бұл лебізін сағынасың.
Әткеншекте отырған жас бүркіттей,
Қит етсе қиғылыққа салынасың.
Ат дорбадан үріккен шабдар аттай,
Шалт қимылдан сен қашан арыласың?
Жылан болып сен мені шағамын деп,
Жоқ жерден құр сезімге бағынасың.
Ағаңның алқымына жармастың-ау,
Аталы сөздің ұқпай мағынасын.
Көңілдің осы болса өтелгені,
Ағаңның айтқан сөзі бекер ме еді?
Мен сені құшақ жая қарсы алып ем,
Өсіп-өнген жігіт деп шетелдегі.
Көмейіңді түсіндім деп отырсың,
Сол болғандай көңіліңнің жетер жері.
Бұл ағаңның көмейін түсінгенше,
Халқыңның сөзін айтшы көкейдегі.
Аузыма алған кезде бір Алламды-ай,
Көңілім көркем сөзге жұбанғандай.
Жүректің түбіндегі сөзді айтайық,
Сыпайының тісінен сыр алғандай.
Жерұйық жемісіндей уылжысаң,
Сөздің сөлін кім ішпес құмарланбай?
Тіліңнен бал сорғалап, мұң төгілсін,
Мұхиттан маржан сүзіп шығарғандай.
Қусырыла бермейік құр бекерге
Қойынға тығып келген жылан бардай.
Дәулеткерей:
Аламан арғымақты төтен сынау,
Бөгде оймен қоймаспын бөтен сұрау.
Өзін-өзі өзгеден биік қойып,
Сеніміңді баптаған сетерсің-ау.
Жел жағыңа шығармас тірі жанды,
Басын имес кішіге шетенсің-ау.
Шақпа тілді қалмайтын шақарлығың,
Ұқсамасаң тумағыр екенсің-ау!
Сөйлесең, өлеңіңде сөлің майлы,
Дәл бүгін жұта қоймас көңіл қайғы.
Ал, енді, бір-екі ауыз мен айтайын,
Ағасы, заманым мен елім жайлы.
Тура жолдан тайғандар топ құрайды,
Сөздері мінсіз сұлу, тек шырайлы.
Сең соққандай сенделген жастарыңнан
Жанға сая керек пе деп сұрайды.
Дінің үшін тік тұрсаң, Мұхаммедтің
Үмбеттері, басыңа жетті қайғы.
Көп ұлтты деп мақтанған Қазақстан
Көп дінді боп жүрмесін, көп Құдайлы!
Тыйылмай құмар істен, күнәлі істен,
Жылытар жүрегіңді жұбаныш кем.
Құлқынның құлы болған қазақ аз ба,
Кәпірден асып түсер құлап ішкен.
Қаладағы қаптаған казиноңның
Мешітіңнен мерейі тұрады үстем.
Наркобизнес дамыған,
Нәлет айтар шақта бұл
Досыңмын деген пендеге
Ағыңнан жарыл, ақтарыл.
Біреулер біліп қоймасын,
Бағаңды өзің жатқа біл.
Көзін салып Құдайым,
Басыңа бір күн бақ дарыр.
Дұшпаның болған дөкейге
Сазайын берсін көк Тәңір.
Көш бастайтын еркектер
Еңсесі түсіп артта жүр.
Матриархат мүшесі
Сауда қылып сыртта жүр.
Мұңды айтсам, көңіліңнің хошы болды,
Айтқаным арманыма қосып елді.
Сен-дағы арқа сүйер азамат ең,
Менің де ниетіме қосыл енді.
Әрі қарай тағы да толғай жатам,
Әзірге бір түйгенім осы болды.
Мұхамеджан:
Өзіңе жайған кезде халық құшақ,
Аяғыңды алдың-ау анық тұсап.
Ел жайын айтам деп ең, жарытпадың,
Күнде келе берердей шабытты шақ.
Мәселе айтсаң, тереңнен қопарып айт,
Бәйтеректі суырған алып құсап.
Ал, сен болсаң бір жерді шиырлайсың,
Аквариумда айналған балық құсап.
Айтарың болса егер де алыс кетсін,
Қараңғы түнде жанған жарық құсап.
Ақиып шыға келдің аспанға шын,
Тақымыңа батқандай тас қорғасын.
Шай ішуге келгем жоқ сахнаға,
Сайысуға келгем жыр жастанғасын.
Айтыстың табиғатын білмеуші ме ең,
Басты қорғап қайтесің басталғасын?
Сіз-біз десіп сіресіп отырғанша,
Тіресіп айтысқан жөн жас болғасын.
Қалдырған сенің ізің шиыр емес,
Алып та өз халқынан биік емес.
Қарсыласты қамшылап отырайын,
Қасарыспай көңілдің күйі келмес.
Айқасып сөз тумаса, айтыс деген
Сипап сауып алатын сиыр емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу