Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  561


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

МЭЛС ҚОСЫМБАЕВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Мэлс:
Армысың, асқақтаған Алатауым,
Далама айбат берген дара тауым.
Ассалаумағалайкум, көрермендер,
Алтыннан қымбат маған алақаның.
Алдыңа сар желдіріп мен де келдім,
Мінгесін сағыныштың сары атанын.
Өлең-қызды алмасам өкпелетіп,
Бұрымын талдап өріп, таратамын.
Армысың, Дәулеткерей, ақын інім,
Мен бүгін бауырыңнан жаратамын.
Ей, тәкаппар дүние, тас та болсаң,
Мойныңды бір бұрғызып қаратамын.
Бағаласа халық пен қазыларым,
Бұл жерде керегі не базынаның?!
Көк байрақты көтерген қыран құстың
Қанатындай қайтадан жазыламын.
Қанағат болған жерде қасиет бар,
Алтынның дұрыс көрген азырағын.
Сандығын ашады деп саған сендім
Айтыстай қасиетті қазынаның.
Бұл өлең бермейді ғой жанға тыным,
Айтары жоқ адамның алма тілін.
Намысыңның көрсетші найзағайын,
Жарқылдап аспанында Алматының.
Болар ма көп айтыстың бірі мұндай,
Аталы сөз ұлтыңның ұғымындай.
Азаматтар демеуші болып жатса,
Көрмейік Шығайбайдың шығынындай.
Ағалы-інілі боп біз де келдік,
Айтыстың құлыны мен жұлынындай.
Дәулеткерей:
Жұртымды бөлеп жырдың құндағына,
Салиқалы сөз салдым сындарыңа.
Махаббатпен жыр сыйлап мәуелі елге,
Шапағатпен үн қаттым шыңдарыңа.
Томағамды сыпырдым тобыңа кеп,
Жаратқан жар болсын деп жырларыма.
Жүрегімнен жыр-сәлем жолдай келдім
Құдайдың құлақкесті құлдарына.
Жырымнан жан ләззатын алсаң абат,
Сөйлейін сөз киесін сан саралап.
Ағайын айтшылап кеп айтыс көрген,
Қабыл болсын, тіледім баршаңа бақ.
Рамазан айында ықыласты ел,
Айтылар бір Аллаңа бар салауат.
Иманын кәмілдеген қазағымның
Жүрегін отты өлеңмен алсам орап.
Сара сөздің саңлағын сыйлаған ел,
Сағынышпен жеттің бе сау-саламат?!
Тәңірім өнерліге өріс берді,
Бармақтай бағы барға жеңіс берді.
Арғымақ ағамменен жұптасқасын
Демеспін несібем де кем үстелді.
Бақ сынасып көрейін алдарыңда,
Иығыма қондырып періштемді.
Дүбірі дүниені дүрсілдетіп,
Жерден Мәді шыққандай Мэлс келді.
Жұртым бар өнеріңді байқас деген,
Күбісін қара өлеңнің шайқас деген.
Алмастай ағам едің жарқылдаған,
Айтыста суыратын айқасқа өлең.
Ал, ағасы, бірақ та ұмытпағын,
Алмасты да жүздейді жай таспенен.
Кей ақын көбік сөзге көп семірген,
Көбік сөз ілесе алмас көшке мүлдем.
Айтыстың ақтангері өзің едің,
Бағасын баталы ойдың беске білген.
Ағасы, өзің мінген қайығыңды
Өзіңнің жүздіремін ескегіңмен.
Өйткені әуеніңді алып шықтым,
Аулақпын бүгін сізден сескенуден.
Сынады деген сөз бар қазағымда
Сексеуілді ұрсаң тек сексеуілмен.
Айтыстай аршындаған ақ күлікпен,
Сөйлейін қыран қанат қақтырып мен.
Тақым қысып отыр ғой тыңдармандар,
Тілменен тұлпарларын шаптырып тең.
Отырсаң бірлігіңмен мамыражай,
Алашым, басыңа кеп бақ біріккен.
Татулықтың тартайын таралғысын,
Тіл үйірші ал, аға, тәттілікпен.
Мэлс:
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан да шыққан шұбар күн.
Қай жерде айтыс бар десе,
Жарысуға құмармын.
Шабытым менің, шапқыла
Тұлпарындай Тұранның.
Қасиетті дінім бар,
Құбылаға қаратқан,
Құдіретіндей Құранның.
Басыңнан бір күн айығар
Торлаған мына тұман күн.
Дәулеткерей, саған да
Атымның басын бұрармын.
Көркем де көркем сөзім бар
Құйылғанындай құманның.
Айтыстың мына аспанында
Айменен бірге туармын.
Жақсылық тілеп жалғанға,
Күнменен бірге шығармын.
Сексеуіл болып сен қазір
Сексен жерден ұрсаң да
Сына алмайтын шығармын!
Бісміллә деп бастайын,
Қашаған өлең, қаз болып,
Қаңқылдап маған қайта кел.
Сүйінбай өлең, саз болып,
Сұңқылдап маған қайта кел.
Құдайдың берген бақыты
Жанданып жатса қайта өнер.
«Тірісі тілге тоқтаған,
Өлгенін сөзбен жоқтаған»
Айтысым менің – мәрт өнер.
Аталы сөзді айтпасақ,
Айтыс та бүгін қайта өлер.
Ал жолың болсын, бүгінгі
Дәулеткерей сияқты
Бәйгеге түскен тайтөбел.
Шабыт берсін саған да
Шапалағымен шалқар ел.
Ағасы менен інісінің
Шабысын көрсін бүгінгі
Айтысқа келген байтақ ел.
Желбіреп тұрған жастығың,
Байқасам, көркем тұлымдай.
Естіп жүрдің атымды
Бауыржандардан бұрында-ай.
Іріден сөйле, інішек,
Ұлтымыз білер ұғымдай.
Кейбір ақынның теңеуі
Сары майға батқан шыбындай.
Құлагер ағаң көп сенің,
Ізінен ертең ере алсаң
Сол құлагердің – құлындай.
Дәулеткерей:
Арайлап қазағымның таңы туды,
Демессіз бұл інімнің сағы сынды.
Алдымда арлан Мэлс жортқан кезде
Алашым дей де алмас жағы тынды.
Сындыру мақсат емес өзіңді, аға,
Қыздыру мақсат еді шабытыңды.
Ағасы іні қамын ойласпай ма,
Атағың айтыспенен Айға аспай ма.
Басы бар ақын болып бүгінгі күн
Қасыңа інің келіп жайғаспай ма.
Тайтөбел болып келдім мен қасыңа,
Тарланбоздың тұяғын тай баспай ма.
Ағамыз айтар сөзге мапандай-ды,
Реті келген жерде мақалдайды.
Дүбірі аламанның естілгенде,
Шын тұлпар шалғынында жата алмайды.
Құлагер құлыным деп жөндеп айттың,
Құлын өспей құлагер атанбайды.
Сөйлейді-ау інің сөзден жол білгесін,
Желсөздің желмаясын желдіргесін.
Жілігі татитұғын сөз сөйлейік,
Ертең күн артымыздан ел күлмесін.
Айтыстың көрсетейік шын үлгісін,
Ит қуды, қоян қашты боп жүрмесін.
Алдыма өзің келдің өлеңдетіп,
Ойыңды көкейкесті кемелдетіп.
Сөйлейсің толқын ұра, толастамай,
Жағасын Жайығыңның кемерлетіп.
Қасыңызда қасқайып мен отырмын,
Басымда тұрмаса да бедел бекіп.
Жамбыл да жырларына хош-хош айтқан,
Қара өлеңнен қалыпты-ау Кенен кетіп.
Жалғанның арты, аға, жалаңаш қой,
Бұл өлең кетер ертең сенен де өтіп.
Ал енді емен-жарқын көсіліңіз,
Шардара шанағыңды бебеулетіп.
Мэлс:
Жүргенде басың қатып саудаменен,
Жаныңды алсын бүгін баурап өлең.
Орақпенен орылып күні кеше
Балғаменен соғылып қалған өлең.
Аз ойлап, көп тыңдайтын пенделердей,
Қаз ойнап кетті бүгін қарғаменен.
Менен кеткен өлең де елге барар,
Жел қанат, жер тарпыған аруана өлең.
Дәулеткерей, даусыңнан
Сахнада ояндым.
Ағаңның ізін басқасын
Айтысқа шығып ой алдың.
Келерсің талай бәйгеге,
Демеймін саған тоя алдым.
Өлең деген тектілік –
Тарихы сынды ноянның.
Киік жырды мен бүгін,
Арқыратып айтыста,
Құрметіңе соярмын.
Жаңағы айтқан сөзің бар,
Сен оған жауап берсейші,
Итің кім, сонда қоян кім?
Дәулеткерей:
Сөзің бар жұмыртқадай аршып алған,
Қағілез қазақ деген қаншыл ағам.
Өзіңдей ақыны бар ел бақытты,
Толымды ой, төкпе жырмен хал сұраған.
Қарсыласын қаз құрлы көрмейтұғын,
Қарқының бар аумайтын қаршығадан.
Інілік ізетіме мен тұрармын,
Ағалық тұлғаң болса жарқыраған.
Астыңда қанатты атың болғанымен,
Ағасы, артық болмас қамшылаған.
Өзіңе жырдан бүгін киіт беремін,
Ағама ақыл айтып сүйт демедім.
Ағасы, сөздің салты емес пе еді,
Мақалда бар қоян мен ит дегенің.
Айналайын ағайын,
Алдыңда бүгін Алла деп,
Ақ жаңбырдай толассыз
Сіркіресем деп келгем.
Асқарынан Алтайдың
Асып аққан өзендей
Күркіресем деп келгем.
Болашағына Алаштың
Нұр тілесем деп келгем.
Тастүлек тектес өлеңмен
Тобыңа түсіп тұңғыш мен
Бір түлесем деп келгем.
Бәрін айт та бірін айт,
Айтыс айтыс болғасын
Мэлстей мынау ағаммен
Сілкілесем деп келгем!
Ағасы, інің босқа елірмейді,
Демессің жалған шабыт жел үрлейді.
Қалайша Мэлс толғап кеткенінде,
Көңілі інісінің семірмейді.
Ағасы, арындамай байқап сөйле,
Қубас айғыр құнанын кемірмейді.
Мэлс:
Сілкілесуге тұрмайтын
Ақын інім сен емес.
Інінің сөзін тыңдамас
Ақымақ аға мен емес.
Қубас айғыр деп айтасың,
Құдайға шүкір, жолдасым мен
Үйімде жалғыз қызым бар,
Қубас дегенің жөн емес!
Балқы Базар айтатын:
«Жақсы менен жаманның
Арасы жер мен аспандай».
Жүректе толған жырым бар,
Болашақта жазылар
Дүркіреген дастандай.
Намысың болса бойыңда,
Көрінерсің сен ертең
Айтыста тұрған асқардай.
Білемін сөздің қадірін,
Кеткен де кезім жоқ менің
Айтысқа шықсам мастанбай.
Қыздар да саған шай құйған,
Жауқазын ғұмыр, жас талдай.
Арқырап бастағанымен,
Айтыстың соңы болғанда
Інім де менің сасқандай.
Аманаттап ойды айтамын
Ойымда жүрген оттымен.
Жаманатқа қалмайсың
Жарысқан кезде тектімен.
Әуенімменен жырласаң,
Айтыстың бүгін өсетін
Мәртебесі деп білем.
Мен сайрайын, сайрайын,
Көктем де болып жайнайын.
Ізімнен ерген інім бар,
Аспанда тұрып қарасаң,
Он төртінші айдайын.
Ағалығымды көрсетіп,
Көңіліңді жайлайын.
Мен сені тастамаспын күресінге,
Айтысып ағаңменен жүресің де.
Дәулеткерей атыңнан айналайын,
Ұқсасын деп қойыпты ұлы есімге.
Мың жерден шапқанменен арқыратып,
Тұз көзір менде отыр ғой, білесің бе?!
Бұл жерде бұйырылмас айыпқа жыр,
Көрейін әзіл айтып халыққа бір.
Алматыда айтысып отырғанмен,
Дәулетжанның көңілі Жайықта жүр.
Көркіне айналғасын сахнаның,
Айтпай ма алаулатып ақын әнін.
Іні болып сен тұрсаң ізетпенен,
Алдыңда жыр-теңізді сапырамын.
Елге келген қадамың құтты болсын,
Ерулік деп ауылға шақырамын.
Тұлпар-жырдың тайдырмас тағасы – елім,
Өлеңмен тарқатайын дала шерін.
Бұйыртса күткен жерден шаң беремін,
Маған да үмітпенен қарашы, елім.
Батырлықтан бақ тапқан алмас қылыш,
Ақындықтан бәрібір аласа едің.
Малың менен жаныңды садаға деп,
Ардың туын көтерген Алаш едің.
Өлеңменен аштырған оразамды
Барыс жылғы бір шалдың баласы едім.
Дәулеткерей:
Ағамның айтыс деген ұраны бар,
Ағызған арындатып бұлағы бар.
Сөйлесе төкпелетіп текті жырмен,
Көпшілік көкейінде тұнады бал.
Бүгінде алдарыңда жарқыратып,
Өлеңменен жағатын шырағы бар.
Қубас деп айтқаным жоқ мен ағамды,
Артында еріп жүрген құнаны бар.
Айтыстың кетпесін деп арманда ері,
Талқыға салып отыр талғамды елі.
Ағасы, арман деген үлкен, асқақ,
Шақырады алаулаған таңнан мені.
Еліңнің тұлпары едің тұмарлаған,
Саңлақ сахнаның сандалгері.
Мэлс:
Айналайын көрермен,
Ақындарың біз едік
Алқаға түссе сайраған.
Дәулеткерей, сөз айттың
Шығарып жауап майдадан.
Көл қорыған қызғыштай,
Сен десе салам байбалам.
Өлеңнің құнын біледі
Өзіңнен артық қай балаң?
Жайықта жүр ғой жақсы қыз
Күні-түн сені ойлаған.
Сол қызға сабақ беретін
Мұғалім Мэлс – қайнағаң.
Оқыдым өлеңіңді «Парасаттан»,
Тамаша бұлақтайсың жараса аққан.
Өнердің шын жолына түсем десең,
Аулақ бол арзан атақ, ағаш аттан.
Өкпесін өнерге айтып кейбіреулер,
Адамдай тызылдайды ара шаққан.
Қазақтың сен болашақ айтысының
Даңқты жүйрігі бол дара шапқан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу