24.02.2022
  323


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ БИІГІ МЕН КҮЙІГІ...

(Мұқым қазақ театрының сарабына түскен ой)


 


Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын халқымыз үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Бұл жеңістер тарихи тұрғыдан қарағанда аз ғана уақыт ішінде тәуелсіз еліміздің қарышты жасаған алып адымдары. Мұны барша әлем қауымдастығы толық мойындады. Оның бір дәлелі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бір жыл бойы төрағалық етіп толымды жұмыс жасап, жыл аяғында еліміздің бас қаласында ЕҚЫҰ саммитін және Азиада ойындарын сәтті өткізуі және Астана декларациясының қабылдануы. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған жолының саралығы мен даралығын өмірдің барлық саласында болып жатқан іргелі өзгерістерден сезініп келеміз. Экономика, қаржылық-банк, инновациялық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы т.б. секторларындағы елеулі жетістіктеріміз өмірдің барлық саласында көрініс беруі мәдени-рухани өміріміздің де бой түзеуіне, сан алуан қырымен дамуына алып келді. Әлбетте, қазақ мәдениеті бұрын-соңды болмаған


 


еркіндік пен өрелік биіктігіне жетті. Кез келген әлемдік өлшемдердегі кеңістіктен өз орнын алды деп есептеймін. Бұрын бұйығы күйде барымыз бен нарымызды сыбырлап қана айта алсақ, қазір емін сөйлеп, еркін тыныстаймыз емес пе? Кеңестің кезінде арсыдағы сақ дәуірін қойып, Абайымызды абайлап мақтаушы едік. Мұхаңның Лениндік сыйлыққа ұсынылатын кезеңі есте болар. Міндетті түрде соңына Соболев атты «тамырын» ертпесе, бәйгеден озар ма еді, озбас па еді? Абылай, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдердің аты аталуының өі екіталай еді ғой. Кенже дамыса да кем адымдамаған театр өнерінің арғы-бергі ауқымының өзі назар аударарлықтай «арқан мен тұсаудан» арылды емес пе? Қазақ театрының шет елге барғанын бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Тәуелсіздік кезінде қазақ театры Иранға, Францияға Египетке, Түркияға өнерін көрсетіп, ешкімнен кем емес екенін айғақтап, еңсесін көтеріп қайтты. Солтүстік облыстарымызда қазақ театры ашылмақ түгілі ол жаққа гастрольдік сапарға шығуға жүрексінетін кезіміз көп болған-ды, қазір сол өңірлердің бәрінде де қазақ театры ашылып, ұлт иісі аңқып, қазақ әнінің әуені асқақтады. Қызылжарда, Павлодарда, Астанада, Көкшетауда, Өскеменде, Қостанайда, Оралда, Ақтөбеде, Ақтауда, Талдықорғанда, Түркістанда бұрын түстеріне кірмейтіндей болған оннан аса қазақ театрлары дүркіреп, бірінен соң бірі ашылып, ұлтық өрнек пен оюға малынған шымылдықтарын желбіретті. Бұрындары есеп беру үшін ғана есте болатын ұлтық театрлар мен ансамбльдер ұйғырша, өзбекше, немісше, кәрісше емін сөйлеп, еркін дами бастады. Қазақстанның кәріс театры Сеулде, неміс театры Мюнхенде, Өзбек театры Тәшкенде, Ұйғыр өнерпаздары Шыңжаңда шымылдықтарын Қазақстаннанбыз деп кеуде кере желбіретті. Өзге елдерде өнер ордалары жабылып, атышулы өнерпаздары Мәскеу, шетел асып тентіреп жатқанда бізде Шымкент пен Астанада опера театрлары, ұлтық өнердің өзге түрлерінен жаңа қойылымдар қойылып, эстрада әншілеріміздің қазақы үні аспандады. Ұмыт болған төре-сұлтандарымыз, ұлт зиялыларымыз бен батыр-би, бағландарымыздың аруағын әуелетіп, қаншама той деуге бергісіз, беріш боп қатқан


 


тегіміз бен тамырымызды жібітетін баталы астар, аста-төк көңіл көтерулер өткізіп, өткеннен ғафу өтіндік, ертеңге тәтті де бекзатты тілеулер мен аманаттар арттық десеңізші! Бұлардың бәрі әлдебір қағынан жеріген құландар іліктеп сөз қылатындай тойшылдық немесе әпербақандық емес, жоғымызды түгендеу, жадымызды жаңғырту, үмітімізді үкілеу, ес жиып, етек жабу емес пе! Мәдениет деген ұғымды кең көлемде ұғынар болсақ, тегіміз бен жады мәдениетінен бастап, сөйлеу, ойлау, армандау, жазу, айту, тіпті қонақ қабылдау, қарсылап-шығарып салу, күту, олардың қасында өз-өзімізді ұстау мәдениеті де, өре кеңдігі мен мәре теңдігі де, қала салу қалпы мен әлеуеті де шырқау биікте ғой!


Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жылға жуық аралықта біраз шаруалар тындырды. Басқа елдер барынан айырылып, өнер ордаларын жауып жатқанда, Елбасымыздың өзінің жеке қамқорлғымен, тікелей қатысуымен кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа 10-нан астам театрлар ашылып халыққа қызмет көрсете бастады. Бұл салада жасалынып жатқан іргелі істерге, елеулі жетістіктерімізге көңіл марқая отырып мәдениетіміз бен өнерімізде соның ішінде рухани өміріміздің ажырамас серігіне, қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің айнасына айналған – театр өнерін өркендетуде әлі де болса қиюы келмей жатқан тұстарды терең ашып қарайтын кез келген секілді. Қайта құру, кеңестік мемлекеттер құрылымының ыдырауы, өтпелі кезең қиындықтарымен, тәуелсізіктің алғашқы он жылдығындағы қаржылық дағдарыстарға қосарлана бұрынғы мәдени байланыстары үзіліп, әбден қан-сөлінен ажырай бастаған театр өнері қазір жаңаша қарқынмен дами бастады. Жұмыс жасау негізі репертуарлық театр болып қалыптасқан Қазақстан театрларының бүгінгі жеткен белесін, бағындырған көркемдік деңгейін сақтап қалу қажеттігі күн тәртібінен түскен жоқ. Оның зымыраған уақыт тынысын сезетін, замана тыныс-тіршілігімен қатар соғар жүрек дүрсілін айқындайтындай толыққанды жұмыс жасауына жағдай жасау, қоғам өміріндегі орнын құқықтық тұрғыдан қайта қарауды, заң шығару және атқарушы билік мекемелерімен қайшылыққа түспей, керісінше, түсіністікпен,


 


шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей етіп реттеу қажеттігі бүгінгі күніміздің басты мәселесі. Осы аралықта жіберіп алған алтын уақыт, бейберекет, еркін шығармашылық кеңістікке жіберіліп, бет-бетімен кеткен театр өнерінің тамыр соғысын, тірлік-тынысын, оның рухани-идеологиялық ұстанымдары мен бағыт-бағдарын тұтастай қайта қарайтын кез келді. Егемен еліміздің жаңа даму белесінде өнер мекемелерінің алдына қойып отырған Елбасымыздың соны талаптары үрдісінен шығу үшін театр шығармашылдығын ұйымдастыруды, басқаруды, құрылымдық деңгейде түбегейлі қарастыруды қажет етеді.


Қазақстан театрларының әлеуметтік және шығармашылық жағдайы әлемдік өре биіктігі тұсынан келгенде сын көтермес жағдайдан да төмен. Мәдениет министрлігінің құзырында бүкіл республика бойынша концерттік мекемелерді, филармонияларды, ансамбльдерді, 3 ұлттық (кәріс, неміс, ұйғыр) театрларды қосқанда бар-жоғы 9-ақ ұжым бар. Ал, Қазақстанда тек қана театрлар саны 51-ден асады. Олардың 3-еуі опера-балет, 16-сы орыс, 9-ы қуыршақ, жоғарыда көрсеткеніміздей, Сайрамдағы өзбек театрын қосқанда, 4-еуі өзге ұлттық. Басқалай толық санын ашып айтпай отырғандағы уәжіміз Өскемен, мен Ақтөбеде орыс және қазақ труппасы бір театр, яғни ресми бір мекеме болып саналады. Сол сияқты біраз облыстарда негізгі құрамға қосақталған қуыршақ труппалары да бар. Осылардың бәрінің де сұрқай деңгейдегі өмірі мен өнерінің тағдыры, өте аз мөлшерде бөлінетін қаражат көзі облыстық әкімшілікке телінген. Театр қызметкерлерінің жалақылық қоры – орташа өмір сүру минимумынан әлдеқайда аз, сондықтан олар қайыршылық күй кешуде, ал кейбірінің шығармашылық деңгейлері, күлбілтелемей, жасырмай шынайы қатты айтқанда, көрген кісіні ұялтып төмен қаратады, бұл мәселелер тіптен назардан тыс қалуда, айналысып жатқан ешкім жоқ. Театрдың, әсіресе оның зәулім ғимаратының, қайсыбір режиссері немесе актерінің облыстық әкімшілікке тек өздерінің жиылыстары мен мәдени шараларын өткізу үшін ғана қажеттілігі бар. Шығармашылық ұжымның репертуарында қандай пьесалар, қалай қойылып, оны қай актер қалай орындап жүр, мұнымен


 


олардың шаруасы болмайды және ол мәселені айқындап, саралап бере алатын облыстық мәдениет департаментінде кәсіби мамандар ешқашан болған емес. Әйтеуір бір қуаныштысы, Қазақстанда бірде-бір театр жабылған жоқ, қайта он шақты жаңа өнер ошағы шаңырақ көтерді, бір- бірімен жарыса салынған немесе күрделі жөнделген 38 театр ғимараттары, әрине, көз қуантады, оның ішінде Қарағанды қаласында Н.З.Нығматуллиннің әкімшілігі кезінде ерекше дизайнды, ең көрнекті алаңға асқан ықтияттылықпен С.Сейфуллин атындағы қазақ театры үшін жаңадан ғимарат салынды. Сондай-ақ Қостанай қаласында әкім С.Кулагиннің тегеурінді   қажырының   арқасында осы жылдың 1 желтоқсанында І.Омаров атындағы қазақ театрына су жаңа ғимараттың кілті табыс етілмекші. Алайда Елбасымыздың ізгі ниетімен атқарылып жатқан ол игі істер мен шынайы қамқорлықтар қазақстандық театрлардың ішкі шығармашылық арзан өміріне, өкінішке орай кері пропорционалды. Уәжіміз нақты болуы үшін құжаттық ақпарларға жүгінейік.


Қазақстандағы 51 театрдың 7-інде өзінің жеке ғимараты жоқ, олар: Семейдегі Ф.Достоевский атындағы орыс, Шымкенттегі орыс, Астанадағы жас көрермендер, Көкшетаудағы орыс, Тараздағы орыс, Ақтөбе мен Шымкенттегі әзіл-сықақ театрлары. 4 театрда әлі күнге жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, олар: Шымкенттегі қуыршақ, Арқалық қаласындағы қазақ жасөспірімдер және Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы театрлар. Алматыдағы Республикалық неміс театрының жөндеу жұмыстары жоспарсыз ұзақ жүргізіліп жатқанынан актерлері әр есікке бас сұғып, әлекке түсіп жүр.


Бүгінгі күні 22 театр пәтерге мұқтаж, 21 театр мемлекет тарапынан үй немесе ипотекалық баспана алуға қаржылай көмек алған. Алайда баспанасыз жүрген қызметкерлерлің саны өте көп. Таратып айтпай-ақ, бір ғана К.Байсейітова атындағы опера-балет театрында 117 артист, Ақтөбеде 25 артист, Шымкенттегі опера-балет театрында 22, Өскемендегі Жамбыл атындағы театрда 21 артист, Алматыдағы Н.Сац театрында 17 артист, Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр


 


театрында 16 артист, Көкшетаудағы Ш.Хұсайынов атындағы театрда 15, орыс театрында 8 артист баспанасыз жүргені көңілге кірбің ұялатады. Ақтөбедегі «Екі езу», «Алақай», Атыраудағы Махамбет атындағы, Оралдағы А.Островский атындағы, Шымкенттегі орыс, әзіл-сықақ, қуыршақ және Ж.Шанин атындағы қазақ, Тараздағы орыс және қазақ, Жетісайдағы Қ.Жандарбеков атындағы, Арқалықтағы қазақ жас өспірімдер, Қостанайдағы орыс, Петропавлдағы қуыршақ, Павлодардағы А.Чехов атындағы орыс, Семейдегі Абай атындағы қазақ, Қарағандыдағы академиялық муз- комедия театрлары көп жылдар бойы ешқандай да пәтермен қамтамасыз етілмеген.


Жоғарыда айтылғандардың тікелей әсерінен аймақтардағы театрларда кәсіби маман тапшылығы ушығып тұрғаны жасырын емес. Бәрінде дерлік, өрелі режиссер, талантты актерлер, басқалай кәсіби мамандар жеткіліксіз, жоқтың қасы десе де болады, өйткені жоғары оқу орнын бітіргендер ол жаққа ат ізін салмайды, бәрі Алматы мен Астананың теледидар, радио, киностудияларын төңіректеп, той-томалақтарын жағалап жүр. Себеп көп, ол – өте төмен жалақы,нақтымысалдаркелтірерболсақ, Т.Ахтановатындағы Ақтөбе театрында актер 27.300, Махамбет атындағы Атырау театрында 30.000, Шымкенттегі опера-балет театрында 32.000, Сайрамдағы өзбек театрында 25.000, Түркістан театрында 34.800, Шымкенттегі қуыршақ театрында 29.000, Тараздағы қазақ театрында 31.700, Көкшетаудағы Ш.Хұсайынов атындағы театрда 24.000, Қостанайдағы І.Омаров атындағы қазақ театрында актер 33.366; режиссер 35.938, Арқалықтағы қазақ жасөспірімдер режиссер 35.938, Арқалықтағы қазақ жасөспірімдертеатрында орташа білімді актер 24.095, жоғары білімдісі 35.938; режиссер 44.923; Астана қаласы, Қ.Қуанышбаев атындағы театрда актер 34.400, режиссер 35.500, Астана қалалық жас көрермендер театрында актер 35.000, режиссер жалғыз Н.Жақыпбаев 60.000; Семей қаласы Абай атындағы театрда 32.000, Өскемендегі Жамбыл атындағы театрда 38.560 теңге жалақы алады.Ең жоғарғы жалақылық көрсеткіш М.Әуезов театры мен Абай атындағы және К.Байсейітова атындағы опера-


 


балет театрларында ғана, онда да М.Әуезов театрында базалық мамандық оклады (базовый должностной оклад) 17.697 теңге, оған 2.64 есе (коэфициент для исчисления должн. окладов) мамандық окладқа арнайы 1,72 есе өсім (министрліктің үш театрға арнайы қосқан повышающий коэфициенті) қосылғанда ең жоғарғы еңбекақы 80.358; оған жоғарғы категориясы үшін 8849 теңге көбейіп, барлығы


89.206 теңге төленеді. Салыстырмалық мақсатында, Ресейдің мемлекеттік театрларындағы жас актерлердің айлық жалақысы 2000 АҚШ доллары төңірегінде екенін сөз арасында айта кеткеніміз артық болмас. Біздің министрлік пен театр басшыларының БАҚ беттерінде көрсетіп жүрген 120.000-130.000 теңгесі ұжым басшысының сол сомаға театрдың жеке қоры тарапынан қосатын 50 пайызымен бірге санағандағы мөлшері. Ал, ҚР халық артисі сияқты құрметті атағы бар артиске ай сайын бар болғаны 1700 теңге ғана қосылады, ал сол атағы жер жарған халық артисінің зейнеткерлікке шыққандағы зейнетақы мөлшері тіпті ұят, бар болғаны 49.000 теңге тағайындалады екен. Зейнеткерлікке 45 жасында шыққан полиция капитаны, естуімізше, 120.000 теңгені ғана қанағат тұтатын болып шықты. Ал, 75 жастағы өнердің «генералы» Асанәлі Әшімов, ол «құрметтің» тізімінде жоқ.


Облыстық театрлардың актер-режиссерлерінің ортақ мұңдары бар, ол – республика бойынша мәдени ортадан, назардан тыс қалу, ол – құзырлы мекеме – ҚР Мәдениет министрлігінің тікелей назарында болмай,   өз   елінде ғана оқшауланып, жетімдік күй кешу, ол – аулақта болса да жанкештілікпен жасаған көркем туындыларының, талантты актердің өрелі ойынының, режиссердің өресі өзге қойылымының, қалыбы мен пошымы бөлек театр суретшілерінің азапты еңбегінің көзге ілінбей, тіпті ұмыт қалып, перифериялық санатта болатынын сезіну.


Кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан театрларды басқару жүйесі, яғни Көркемдік жетекші, Бас режиссер деген қызмет-лауазымдардың, әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар, жанашырлықпен тереңірек ойлағанда, шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді.


 


Дәлеліміз – көп жылғы шығармашылдық тәжірибемізден түйілген, ол – төмендегідей: Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы эстетикалық, репертуарлық, ерікті актерлік ойын мен құлашты режиссураның дамуына адуынды тосқауыл қойылады, түптеп келгенде бүкіл бір театр сол режиссер-бастықтың жеке амбициясы мен әлжуаз өре-қарымының құрбаны болып қала береді. Себебі, олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, азды-көпті парасаты мен білім парасына сай арзан, белсіз тақырыптарды арқау еткен пьеса авторларымен жұмыс жасап, өздеріне ұнаған актерлерге ғана рольдер мен атақтар «бұйырып», талап-талғамы мен шығармашылдық мүмкіндіктері әрқалай өнер иелерін әділетті басқаруға қолдары қысқалық етеді. Ұжымдағы өзінен кейінгі және бағынышты кезекші режиссерге репертуар таңдау, еркімен роль бөлу, болашақ қойылымның қалып-деңгейі мен өзіндік ерекше шешіммен емін жұмыс істеуіне мейлінше құлықсыз болғандықтан да, барынша аяқтарына тұсау болып бағады. Бастықтың өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір тәуірлеу режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салады. Тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өзінен төмен суреткерді таңдайтыны аян. Рольдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес актерлерге тиеді. Осыдан барып, орташа спектакльдер, қызықсыз рольдер пайда болады. Құрамдағы бас режиссерге немесе көркемдік жетекшіге бағынышты режиссердің суреткерлік еркіндігі аяқасты болып, құқығына қол сұғылу бүгіндері барлық театрларда әдетке айналып кеткен. Бәрімізге белгілі, баспасөз беттерінде де министрліктің коридорларында гу-гу әңгіме болған, кейбір театрлардағы айтыс-тартыстардың төркіні осы басқару тәсілінің ескіргендігінен болып отырғанын мойындауымыз керек. Мысалы, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ театрындағы шығармашылдық ұжымның 90 пайызы, аты әжептәуір мәшһүр режиссер Ерсайын Тәпеновтің басқару стиліне, суреткерлік қарымының бірқалыптылығына, ұжымға жаңа леп, соны үрдіс, өзгеше режиссерлік қалып әкелудегі енжарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасады


 


десе де болады. Ал, Тәпенов мырза ұжым мүшелерінің шығармашылдық аштықтан туындаған талап-тілектерін түсінгісі келмей тәрк етіп, шамшылдық мінезіне салып, өзі арыз жазып, театрдын кетуге мәжбүр болған. Мұндай жағдай Республикалық Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрында да болғанынан хабардармыз. Бәлкім, басқа театрларда да осы мәселе ушығып тұрғаны хақ, көбінің үндемей тыныш жатуы – ол театрдағы шығармашылдық ахуалдың жоғарғы деңгейде екендігінің көрінісі емес, керісінше, «күл болмасаң, бүл бол» дейтін, немкеттілік, немесе қазақи момындықтан туындайтын «неғыламыз, бір мәнісі болар» деген есек дәме, я болмаса, «айттың не, айтпадың не – бәрібір оңып жатқан дүние жоқ» дейтін пессимистік пиғыл жайлағанын неге жасырамыз? Театрлардағы мүлгіген тыныштықтан қорқу керек, тіпті содан сақтанған дұрыс шығар, өйткені сілтідей тыныштық тек қабірстанға жарасқан. Ал нағыз, ізденгіш шығармашыл ұжым шулап, дуылдап, биіктеп, аспандап, арғы-бергі фестивальдар мен бәйге-жарыстарға қосылып, шапқылап жатуға керек-ті. Қайсыбір қазақстандық театрдың алыс-жақын шетелдік жарыстарға қатысып, жүлде алмаса да бүлдеге іліккенін көрдіңіздер? Тек 1999 жылдан екі жыл қатарынан М.Әуезов театрының Уфа қаласындағы


«Туғанлық» фестивалінде бас жүлде алған «Қабыл – Адам Ата перзенті» қойылымын Шотландияның (Англия) Эдинбург фестиваліне үш мәртебе шақыруына сол кездегі мәдениет министрлігі нәйеті алты-жеті адамның Англияға баруына керекті жол қаражатын көтеріп, қолдап-қолпаштау былай тұрсын, ол оқиғаны құлағына да ілмеген болатын. Ол кезде ол театрда көркемдік жетекші деген лауазым болмаған, әр режиссер өз қойылымының ғана көркемдік жетекшісі ретінде жауап беріп, оған ешкім я басшылық, я ақылшылық етпеген-ді. Бүгіндері түк жоқ деп ауызды қу шөппен сүртпейік, бізде талантты режиссерлер, жүйрік актерлер, шүкір баршылық. Мысалы, Тараздағы Қуандық Қасымов, Астанадағы Нұрқанат Жақыпбаев, Алматыдағы Болат Атабаев, Қостанайдағы Ерсайын Төлеубаев, Ақтаудағы Гүлсина Мерғалиева, Оралдағы Мұқанғали Томановтар,     жаңа     қалыптағы,     ерекше     эстетикалық


 


өлшемдегі суреткерлер, алайда олардың бәрі де көркемдік жетекші басқаратын театрлардан азар да безер болғандар. Назар салып қарасақ, көбіне көркемдік жетекші, немесе бас режиссер басқаратын театрларда басқаша ойлайтын, немесе жаңа келген жас режиссердің үні шықпайды, табаны тұрақтамайды, амалсыздан өздері бір театрға бастық болып барып, ойларындағы өзге пайымды қойылымдарын жүзеге асырғысы келіп тұратыны жасырын емес. Ал құзырлы мекеменің оларға сеніп, бас режиссердің тізгіні берілгенше шығармашылығы шау тартып, үміті жіңішкеріп, қажыры қартайып қалатыны аян ғой. Шынтуайтына келгенде, режиссер режиссерге бастық болып, қойылымды олай емес, былай қою керек деп, өз ойы мен талғамын таңу – қай жағынан алсақ та, ақылға сыймайтын нәрсе. Суреткерлік деген оқшау әлем, оған өзгенің араласуы әдепсіздік, әрі кеткенде әпербақандық қой. Сондықтан, нарықтық қатынастарға көшудің тиімді жолдарының бірі – осы мәселені түбегейлі қайта қарап, театр өнерінің нарықтық қатынастар мен заманауи талаптарға, әлемдік өре-қарымға сай болатындай, қойылымдардың нарқын биіктететін мүмкіндіктер тудыра алатын жаңа қазақстандық ЕРЕЖЕСІН жасау. Театр сияқты шығармашылық ұжымды, нәзік мекемені басқару – өресі биік, амбициядан ада тұлғаға ғана жарасады. Режиссер болса, тек қана жеке суреткер ретінде бағаланып, реті келсе оған басшылықтың тізгінін бермеген абзал. Ол тек өз қойылымының ғана «бастығы» болғаны жөн. Төңірегіне өзімен мұраттас актерлермен бірігіп, қауымдасып, шынайы шығармашылық жұмыспен айналысуы үшін осы жүйе дұрыс. Сонда тек өрелі спектакль қоюмен ғана айналысатын режиссердің басқамен шаруасы болмай, тек қойылымының көркемдік сапасын ғана ойлайтын болады.


Батыс елдеріндегі үрдісте, ондай басқарушыны Интендант деп атайды, бізше Театр Төрағасы десе дұрыс болатын сияқты. Басқа қосарланатын басшылық болмауы керек. Режиссерлікка «бас» деген тіркесті қосақтағаннан ол режиссердің таланты тасып кетпейді, талант пен суреткерлік қарым – я бар, я жоқ, ол болмаса, жай әншейін қанатсыз маман, шанаға жегілген жабы тектес ортақол орындаушы


 


ғана. Ал, жүйріктің аты жүйрік емес пе, оған алтын алқа, немесе қарапайым кендір жүген сал, шабандоз бала әккі ме, жоқ па бәрібір, ол ат бәйгеден бірінші келеді. Сондықтан бас емес, театрда жүйрік режиссердің жұмысы құнды, бағалы. Әдетте, шын жүйріктер алтын өмілдірікке құштар бола бермейді. «Көркемдік жетекші» деген лауазым да ақылға салып бажайласақ, тіпті ерсі болып көрінеді. Көркемдікке жетекші не үшін керек? Көркемдік деген өнер категориясына жетекшілік жасау түсініксіз нәрсе екенін мойындайтын уақыт жетті. Сондықтан жалпы басшылықты режиссерден басқа кез келген суреткер тұлғаға тапсырған ақыл. Ол актер бола ма, драматург бола ма, әлде мәдениеттанушы ойшыл ма, бәрібір.


Театрдың Төрағасы мемлекеттік құзырлы мекемемен шартқа отырып, ұжым өмірінің барлық саласына жауап беретін бірден-бір тұлға болуы тиіс. Сонда театрда басқаруға таласушылық, өкпе-наз, арыз жазушылық, шығармашылдық аштық, әділетсіздік сияқты осы күнге дейін орын алып келе жатқан келеңсіздіктердің жойылуы бек мүмкін. Мемлекетпен келісімшартқа отыратын Театр Төрағасына ауқымды түрдегі басқару мүмкіндігін берген жөн, сонда одан мемлекеттік сұраныс пен талап та жоғары болады.


Сонымен бірге, ең маңыздысы – театр режиссерлерін әлеуметтік жағынан қорғау керек, яғни авторлармен жұмыс жасауда, тақырып таңдауда, көркемдік өресі өзге, әрі ерекше спектакль қоюда шығармашылық еркіндігінен айырмай, өзінің қойылымының авторы ретінде бағалап, тиісті жалақысынан бөлек қаламақы төлеуді заңдастырған абзал. Сонда оның шығармашылдық құқығы қорғалып, суреткерлік ынтасы ұлғая түседі. Бір театрда кем дегенде 3-4 тең құқылы режиссер келісімшартпен жұмыс істеуі тиіс. Олар бір-бірімен шығармашылық бәйгеге түскендей әсерде болып, қайткенде де жоғарғы деңгейдегі қойылым қоюға тырысатыны белгілі. Театрдың актерлік труппасы да осы режиссерлердің ниеттес, мұраттас, бір мақсат пен талғам биігіндегі актерлерінен тұратын болады. Ұжым балластан арылады, бос селтеңбайлық, орынсыз міндетсіну де сап тыйлады. Бұл талаптарға сай келе алмайтын актерлер, амал жоқ басқа театрдан орын, не өзіне теңдес, өнер жасауда


 


ұғыныса алатын режиссер іздегені абзал. Ал театрдың аға актерлері үшін Төраға арнайы қаражат іздеп, олар үшін пьеса жаздырып, режиссер таңдап, шығармашылық қажеттіліктерін өтеп тұруды назарында ұстағаны жөн.


Суреткерлік құқығы аз, өзінің таңдау еркіндігі жоқ, автор мен режиссерге тәуелді мамандықтың иесі актерлерге деген көзқарасты да түбегейлі өзгерткен жөн. Бүгінде актерге бәрі қожа, есік көзіндегі вахтердан бастап, етектегі есепші, құзіреттегі режиссер, оның көмекшісі, труппа бастығы, өрт сөндіруші, тігінші, етікшіден төбедегі дөкей бастыққа дейін актерге қожаңдап, қол шошайтатыны жасырын емес. Ал театрдың негізгі еңбекқоры, режиссердің ой-қиялының дұрысы мен бұрысының орындаушысы, оның көрермен алдындағы ұяткері мен жауапкері – бәрі-бәрі актер! Яғни театрдың негізі – АКТЕР! Сөйткен азапкер актер айына отыз роль ойнаса да алатыны бір жалақы. Он емес-ау, анда- санда бір-екі рольді зорға орындайтын маңғаз актердің де алатыны сол бір жалақы. Әділет қайда сонда, еңбегіңе қарай көретін зейнетің қайда? Сондықтан актерлерге еңбекақы төлеу үрдісін түбегейлі өзгерту керек, орысша айтқанда стимул болу керек, яғни жалақы мөлшері еңбегіне, оның сапасы мен психологиялық салмағына сай бағаланып тағайындалуын заңдастыруды қашан қолға аламыз? Яғни қойылымның көркемдік жүгін көтеріп тұратын басты немесе негізгі роль атқардың ба, оның орындаушы авторы ретінде тиісті қаламақы, немесе сол қызметіңе лайықты жалақы ал. Кішігірім эпизодтық рольдерге жегілдің бе, театрдың ағымдағы репертуарының көбінен боссың ба, онда тұрақты белгіленген еңбекақыға риза бол. Бұл жерде кезінде, ертеректе жасаған еңбегіңіз үшін берілген атақ- даңқтың буын ортаға салудың жөні жоқ. Қазіргі еңбегіңіздің сапасы мен нарқы қандай? Айына отыз роль ойнайтын, театрдың негізгі шығармашылық жүгін көтеріп жүрген жас актердің жазығы қайсы? Яғни театрдағы жалақы төлеудің ит жылғы ескі түрі, бәрін бірдей теңгермешілдікке таңған атамзаманғы әділетсіздіктің тамырына балта шабатын уақыт әлдеқашан жетті! Бұл мәселе де қайта қарауды күткеніне сан жылдар өтті. Еңбекақы мен оны тағайындайтын тиісті


 


министрліктердің бұл мәселеге келгенде құлағы бітелгеніне жарты ғасыр болып қалды, алайда солардың есігінің алдында отыратын хатшы қызы халық сыйлайтын сүйікті актерден он есе артық айлығы бар екеніне мен еш шүбә келтірмеймін.


Бүгіндері театрлардың бәрінде дерлік «Көркемдік кеңес» деген аты бар да заты жоқ құрылым бар, ол, әрине, ақылдасу ретінде ғана құзырға ие. Алайда, кейбір театр басшыларына ол кеңес – өздерінің шамшыл, жеке бастың тізелі шешімдерін өткізу үшін пайдаланылатын «жамылғы». Бұны да түбірімен өзгерту керек. Кеңес ешқашанда көркемдік болмауға тиіс. Көркемдік өре – актерлердің ойыны, драматургтің ойлы пьесасы, режиссердің суреткерлік қарымы мен ерекше шығармашылдық ұстанымы арқылы жүзеге асады. Қай елде, қай шығармашылық ұжымда кеңесіп жасалған көркем шығарма, бір суретшіге екінші суретші ақыл айтып картина жазғанын көрдіңіз. Режиссура мамандық емес, бірегей суреткерлік қалып, оқшау әлем, құпиясы терең субьективті дүние, оған ешкімнің араласуына хақысы жоқ. Аса қажет боп бара жатса, көркемдік кеңестің орнына ақылдастар алқасы болсын, бірақ оған басшыға тәуелді актерлер, пьесасын өткізуге мүдделі драматургтер, тамыр-таныстар,


«бармақ басты-көз қыстылар» мүше болмауы керек. Оған жергілікті зиялылар, мәдениеттанушылар, жазушылар, театр сыншылары, әдебиетшілер, журналистер, суретшілер, гуманитарлық мекеме басшылары, зейнет демалыстағы атақты актерлер мүше болуы мүмкін. Ақылдастар алқасы тек ақыл-кеңес құқығына ғана ие болуы шарт, театр басшылығы үшін олардың кеңесі бұлжытпай орындалатын қағида немесе жоғарыда айтқанымыздай «сілтеме, сүйеніш, жамылғы» еместігі баса ескертілгені дұрыс. Олай болмаған күнде «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келуі бек мүмкін.


Жоғарыда санамалап айтылған бекзат өнеріміздің алған биіктері мен қордалы «күйіктерінен» бір кісідей хабардар, жан-дүниесі өнерге жақын тартып тұратын мәртебелі Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылдан бері театр өнері жайында табандылықпен қойып келе жатқан мәселелерінің бірде-біреуінің тиісті мекемелер тарапынан


 


орындалмауы үрей ұялатады. Президент осы түйінді шешу мақсатында 4 мәртебе нақты тапсырма берген болатын. Соңғысы жазушы-драматург Әкім Таразидің баспаөздегі белгілі мақаласына орай берілген нақты нұсқауы, ол – театр ұжымын басқаруды нарықтық қатынасқа орай оңтайландыру еді. Осыған байланысты кейбір театр басшыларының ҚР Президент әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасына берген жауабынан республикадағы бірде-бір театрдың ұжым мүшелері таныс емес шығар, қайтарылған жауаптағы уәждердің барлығы да ашық айтылмай, өзара талқыланбай, үстірт түрде жасалған сияқты. Ақылдаспақ болып шақырылған бірді-екілі «азулы» театрлардың әрі директор, әрі көркемдік жетекші, әрі бас режиссер ретінде үш бірдей тақта бір өздері отыратын басшылары президент тапсырып отырған театрларды нарықтық қатынастарға икемдеу, олардың өздеріне ыңғайсыз әрі тиімсіз болғандықтан, ондай соны үрдіс-жаңалыққа үзілді-кесілді қарсы болыпты деп естідік, және солардың ыңғайы мен уәждері арқылы президент әкімшілігіне «дәлелді» жауап қайтарылып, тағы да жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Ал, 3000-нан астам мүшесі бар, 5000-ға таяу театр қызметкерлерінің жалғыз жоқтаушысы Қазақстан Театр қайраткерлері одағына министр-лік тарапынан «бұл мәселеге сіздер қалай қарайсыздар?» деген мәзірет те болған жоқ. Өйткені, аталмыш одақтың аты бар да заты жоқ болған, бағы ашылмаған, соры қалың қоғамдық ұйым. Одақтың бағы мен соры деп отырғаным – соңғы қырық жылдай шамасында одаққа басшылық еткен ай мүйізді ақ серкелерінің сергелдеңінен туындаған назынан базынасы мол бейбәтуә сөз. Дей тұрғанмен, «өнбейтін дауды, өспейтін бала қуады» деген текті сөзді терең ойлы қазағымыз тегін айтпағанын білеміз. Азуын айға білеген ағамыз Ә.Мәмбетов (қара жер хабар бермесін), одақты бүгінгі жамағаттың жадынан кете бастаған сонау жетпісінші жылдардан бері үздіксіз басқарып, өзіне керегін сайлап, төрі мен босағасын түгел «жайлап» болған соң, тоқсаныншы жылдардың топалаңында оған таудай тірек болудың орнына тоңмойындана томсырайып, одақтың ойран-топаны шығып жатқанда, сүйеніш болмай,


 


сынық сүйем болса да «сыйға сый – сыраға бал» жасамай, керісінше садыралап кеткенін айтпасақ – адал сөздің атасы өледі. Әйтпесе, кезінде сол одақтың арқасында талай сыймықтанып, тіпті бұрынғы КСРО-ның Жоғарғы Кеңесіне депутат та болып сайланып, талай көңілі жайланған болатын. Бәрі де орынды ғой, бұл – кейбіреулер сөз қылатындай қызғаныштың, я болмаса өш алудың кері емес, өкініштің уыты, өйткені ол кезде Әзекеңнен асатын кіміміз бар еді, еркеленудей еркеленді, алқаланудай алқаланды, еселі еңбегі еш кетпей, еліне елеулі, халқына қалаулы болды. Үлкен суреткер ретінде Одаққа да, жақын шетелге де танымал болды, тарпаң талантына талас жоқ-ты. Ал азаматтығына келсек, ұлт деп соғар жүрегінің лүпілін тыңдасақ – қынжылтары қыруар болғаны есімізге түсе қалса аса ұятсыз көрінбеспіз. Ұлттық театр өнерінің мерейін қаншама аспандатса, соншама телілік пен тентектік жасап, қазақы тіл мен ділді, тәр мен тағлымды қара жерге қаратқан тұстары асып-төгіліп жатқанын айтсақ, әйкәпірліктен гөрі, әділдіктің аулынан табылатын шығармыз. «Оу, талантқа қанша тайраңдаса да жарасады, тентектік кімде болмайды, ол не сөз» деп жауырды жаба тоқып, жасырып-жадағайлатып не керек, «ауруын жасырған өледі» демей ме, әрі кінәмшіл, әрі бауырмал, «неғылайыны» көп қазағым. Айтсақ, біліп айтамыз, бұдан былай бұлай болмаса екен деп, атағынан ат үркетін алтын өмілдірікті алдымыздағы әпербақан ағаларымыз ақсақалдыққа бой ұрып, айылын тартса екен деп айтамыз, амал қанша, қаперіне қыстырып жатқан олар жоқ, қайта барған жері мен кірген есігіне, қолы жеткен мен сөзі өткендерге өсектеп, артындағыларға атан түйе көтерері қиын қара күйе жағып, өзінен басқаны іске алғысыз ететіндері айдай әлемге аян. Болмаса, кезінде Мәртебелі Президентіміздің жеке өз ұйғарымымен Одаққа тегін берілген Желтоқсан көшесіндегі көп қабатты көрікті ғимарат


«күн-фаякүн» боп қолды болар ма, тәп-тәуір тірлік жасап, еліміздегі барлық дерлік театрлардың киім-кешегін, жасау- жабдығын пішіндеп-тігіп, оқа-түйме тағып, түгендеп отырған кішігірім тігін фабрикасы ізім-қайым құрдымға кетер   ме,   біздер   бірін   біліп,   бірін   білмейтін   нешеме


 


меншіктер, гараждар, көліктер, жер телімдері, егемен болып бөлініп, бәріне еге мәскеудегі «үлкен үйден» енші аларда ешнәрсемізге де ие бола алмай, ортақ меншікте болған қыруар үлесіміз түгелімен, іздеушісіз Ресейде қалып қойған демалыс орындары, сауықтыру мекемелері, қойшы, әйтеуір тағы басқалардан, қасқа маңдайдайын қағылып, аузымыз кепердей аңқиып, мақау аңқаулығымыздан маңқиып, әлде миякі        ақымақтығымыздан        тәңкиіп,        азын-аулақ


«байлығымыздан» баз кешіп, бірді-екілі барымыздан айрылып қалармыз ба? Одан беріде Жібек жолы көшесінің бойынан бұйырған бұзылған моншаны паналаған Одақ, бес- он жылдай бұйығы өмір кешкен екен. Одақтың Төрағалығынан кеткісі келмей кердеңін аямаған ағамызды


«әкелеп-көкелеп, зорға ауыстырғанда», орнына қай ауылдың егініне түскені есіне кірмеген, елпеңі есепті, ертеңіне епті бала Еркін Жуасбек «сайланып», жайланғанша, есін жиып есінегенше де бес-алты жылдың қоңыр күзі мен қаһарлы қысы өтті. Бұл тұп-тура енді іздеудің, түгендеудің жөні жоқ дейтін заңнама-кодекстердің баптарына тап келіп, өнбейтін даудың өңін өзгертіп үлгеруіне қажетті мерзім-ді. Еркін бауырымыз есептесер уақыттың кеп қалғаны еске түсе сала есін тез жиып, есепке жүйрік есіктес фирма «Казинторг» серіктесінің астары мол «ақылымен», «пешат басып, қол қойып», мұралы моншадан модалы ғимаратқа айналып қалған әжептәуір шаңырақты шаш-етектен пайдаға батыратын зәулім сарай салмақ ниеттерімен тас-талқан етіп бұзады, тулақтай да болса меншігінде болған жер телімін серіктесіне «сатады», «ал, давай, бастадық!» деген аттанның қиқуына тап болған ғимаратты, жылан бауыр экскаватордың күрек тісі қирата қопарып бола салысымен дағдарыс деген тап келіп, бұрынғы қаупайлап отырған шаңырақтың орнында енді үңірейген ор қалады. Сонымен бәрі бітеді, «Жарық астау алдындағы» Одақ далада, серіктесі сағада қалады. Әлбетте, «Казинторгтің» есебі түгел ғой, запастағы қора- жайына жайғасып алып, аңысын аңдығандай, екі жыл бойы құрғақ уәде мен сылдыр сөзге семіртумен келеді. Бастарында не ойы барын бір Алла біледі, әйтеуір Одаққа жаны ашып жарылқағысы келетін көңілшектігі көзге онша көрінбейді-


 


дүр. Басымыздағы «бағымыз» деп алқалаған мәскеушіл ағамыз сол одақты алаңдамай, ауыспай қырық жылдан астам


«басқарып», артына соқпағы нәкүмән із, астары бейпіл сөз қалдырған Әзекең болғанда, әлгі айтқандарымыз сор емей немене?! Соңынан қалған біздерге осылардың қайсысы қымбат, қайсысы өкініш – қайсыбір ісіне қабырғамыз қайысар, қай бір қымбат қылығы бөркімізді аспанға атыртар?! Өзінің жеке ғимараты жоқ, бұрындары меншігінде болған барлық дүние-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп ысырап болған, бюджеттен бір тиынға да қаржыландырылмайтын мемлекеттік емес мекеменің, бүгінде баспанасыз далада қалған Қазақстан театр Қайраткерлері одағының көрген күні қараң. Соған қарамастан, басқаға қол созып сұрамшақтанып, байлардың есігін күзетіп жүріп, «Театр.kz» журналын, тумысында тұңғыш рет көрген театр сценографтарының көрмесін ұйымдастырып, каталог шығарып, тағы да тұңғыш рет жыл сайын, көктемде 27 наурызда – Халықаралық    Театр    күні    берілетін    республика-лық


«Еңлікгүл» атты театр өнерінің кәсіби сыйлығын тағайындадық. Телефондық байланыстарымызға қаражат таппай қиналсақ та, орталық офисі Парижге орналасқан, мүшелігіне 100-ден аса мемлекеттер кіретін І.Т.І мен (Халықаралық Театр Институты), кеше ғана Қытайдың Чунцин қаласында құрылтайы өткен А.Т.А-ға (Азия Театрларының Альянсы) Қазақстанның абыройы үшін толық мүше болуға ниет қылып, байланыс жасадық. Қазақстандай қарқара елімізге, елдің маңдайына біткен, есімі әлемге әйгілі Елбасымызға сүйеніп, Халықаралық Азия театрларының алғашқы фестивалін әсем елордамыз Астанада өткізейік деп те сол жерде айтып қалдық. Әйтсе де екіұдайдамыз, өйткені Мәскеудегі ТМД елдерінің Театр одақтарының Халықаралық Конфедерациясына жетім мүше екеніміз елдің көбіне аян, алайда жылына бір рет төленетін 700 еуро жарнаны төлей алмай, жерге қараймыз. Жоғарыдағы екі бірдей еңселі халықаралық Театр қауымдастығының есіктерін кеудеміз көтеріле аттай алар ма екенбіз деп, есіміз кетіп, есеңгіреп жүргеніміз жасырын емес. Өйткені өзге


 


елдің есінде болғанмен, өз еліміздің тиісті мекемесінің есебінде жоқпыз. Бір білеріміз, Ресейдің Театр қайраткерлері одағының Төрағасы А.Калягиннің қабылдауында болу, В. Путиннің алдын көруден қиын. Сол Ресей елінің Мәдениет министрлігі театр туралы жасайтын қаулы-қарарларын, оң өзгерістерін қайраткерлер одағының ұсыныс-тілектеріне сүйеніп жасаймыз дегенді әжептәуір әңгіме қылғанын құлағымызбен естідік. Облыстық театр-ларымыздың жай- күйін жақсарту мақсатымен біз сөйлескен әкімдердің барлығы да дерлік бұрындары ҚР Мәдениет және Әлеуметтік қорғау, еңбек министрліктерімен ұсыныс-хат алмасылып,


«ақылдасылып» жасалып қойған қасаң қаулы-шешімдерді сол министрліктердің құзырлы құжаттары арқылы жасаймыз, енді оны өзгерте алмаймыз деп бас шайқайды. Ресей театрлары болса, қойылымға керекті оқа-түймелерді сатып алуға міндеттелген мемлекеттік тапсырыс деген тасбауыр қаржыгерлердің шығарған ойсыз қаулысынан, өздерінің театр қайраткерлері одағының табандап қойған талап- тілектеріне оң құлақтарын қойғаннан құтылды деп естідік. Ал, біз әлі күнге балет бишілерін 63-ке дейін көн біткен тізесін сыздата сырқыратқанға мәзбіз. Айтсақ сөзіміз өтпейді, ұсынсақ қолымыз жетпейді. Парламентке барған, айтады-ау деп үкілеген өнерпаздарымыз ертесінде-ақ үні шықпайтын мұңсыз майрампаз боп шыға келетіні өкінішті. Төл министрлігіміз анда-санда өткізіп тұратын коллегия- жиылыстардың біріне де Театр Қайраткерлер одағы шақырылмайтыны, тіпті қаперінде болмайтыны өкінішті; облыс орталықтарындағы театрлардың әлеуметтік һәм шығармашылдық хал-жағдайынан әжептәуір хабары бар, олардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін, өре-қарымын білетін бірден бір қоғамдық ұйымның жанашыр даусының құлаққа ілінбейтіні өкінішті; шалалау өтетін жыл сайынғы театр фестивалін бірігіп қолға алайық, әр аймақтардағы театрлардың басын қосып, форумдар өткізіп, мастер-кластар жасайық; актер, режиссер, суретші, жарықшы, тіпті жас драматургтерді жинап алып, алыс-жақын елдердегі сол өнердің озық үлгілерімен сусындататын, үйренетін әрекеттер жасайық   деген   ықыласты   талпынысымыздың   да   еске


 


алынып еленбейтіні өкінішті; сол арқылы сахналық қойылымдарымыздың көркемдік өресін көтеруге мұрындық болсақ деген ізгі бастамаларымыз бен ниеттерімізге қолдау сұраған қаншама өтініш, хат-хабарларымыз ұшты-күйлі жауапсыз, немесе «бұл жылдыққа қаражат қарастырылмаған» деген салқын сөзбен шектеліп, шеттетіліп қала беретіні өкінішті.


Қазақстан театрларындағы сол 5000-ға таяу актерлер мен қызметкерлерінің азапты еңбегі шындығында елеусіз. Азапты еңбегі елеусіз дегенім, республикамызда 51 мемлекеттік, 10-ға таяу жекеменшік театр ұжымдары бар дедік. Санаңызшы, алпыс театр күнде кешке халық алдына шығып, спектакльдер қояды, орта есеппен әр кеш сайын 300 көрерменге өнер көрсетеді делік. Жыл он екі айдың 60 күнін алып тастасақ, бір ғана театр ұжымы жылына 90,000 адамды сахнадан көрсетілетін сәнді әлемімен қауыштырады екен. Ал алпыс театр жылына шамамен 5.400.000 көрермен жинайды. Бұл – есеп білген кісіге елімізді құрайтын халықтың үштен біріне жетіп жығылады. «Естіген мың сөзден – бір көз көрген артық» деген, оқылған бір бөлек, айтылған бір бөлек, ал көзбен көргеннің әсері әсіресе ерек екенін екінің бірі біледі емес пе. Театрды тәрбие орны деп есептемегенде, еліміздегі үш адамның бірі қасиетті сахнадан айтылатын қаншама игілік, нешеме тазалық, эстетикалық ләззат, пайымды парасат, патриотты насихат, ұлттық иба мен әдеп, тәрлі тағлым, табиялы талғаммен қауышады екен. Жадымыздағы жоғымызды түгендеп, жоғалтуларымызды табуға тырысып жүрген, есте жоқ ескі заманды елестетіп, сағыныштың сал шекпенін желбегей жамылдыратын тарихи тақырыптарды былай қойғанда, жеткен жетістіктеріміз бен заманауи сұрақтарға қадерінше жауап іздеп, бірде тауып, бірде таппай аласұрып тұшынып, елжіреген елжандылық қасиеттерін арттырып, Елбасымыздың ардақты арманы мен ол кісінің алдымызға қойып жүрген асқақты мақсат-мүдделеріне өнер тілімен үлес қосқан қойылымдарды көрген көрерменнің көңлі өсіп, қажыр-қайраты молая, еліміздің ертеңіне сенімі еселене түсерін еске салғанымыз есепті есалаңдық болмас. Ал сол театрдың актер-азапкерлерінің бір базарға жетпейтін


 


жалақысын бұлдап, міндетсінгенін көрдіңіз бе, мемлекеттің қисапсыз ақшасын судай сапырып, оңды-солды «жаратып жасаған» күлдібадам дүниесін көлденең тартып көкірек қағатын киношы әріптестерін күндегенін көрдіңіз бе? Жоқ, театр артистері салиқалы сабырмен, басқан ізі білінбес тектілігімен телегей өнері мен еңсегей елі үшін есептеспей еңбектеніп жүрген «кедей жомарттар».   «Бас   жарыл- са – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде». Бұл жерде біз театр әлеміндегі шаш етектен асып жығылатын шығармашылдық проблемалардың бәрін көлденең тартып отырғамыз жоқ, бер жағын ғана сөз еттік, ол бөлек әрі ұзақ әңгіме.


Театр өнері – бекзат өнер. Мінезі мен ағзасы, сүйегі жылқы тектес. Атамыз қазақ жылқы күтуде салақтық жасамаған, қасиеті мен қадірін кемітпеген. Күтім мен жемнен де кенде қылмаған, емен ағаштан ер, атлас-шәйіден жабу, алтыннан таға, күмістен жүген-үзеңгі, өмілдірік-құйысқан, айыл- тартпа өруге аянбаған. Сондықтан да қазақтың сәйгүліктері бәйгеге шабар алдында ат дорбаға көз салмаған. Ұлттың ұятындай ұлағатты театрымыздың көтерем күй кешуі елдігімізге сын, сүйегімізге таңба. Суытылуы сәтті болса, иесінің мейрімін сезсе, тегінен тұлпар сүйекті қазақ театры тез-ақ бауырын жиып, балиғатқа қайта жетіп, түлеп, түрленіп шыға келеді. Ойқастаған күйі, оза шауып талай бәйгенің алдын алатыны ақиқат. Ал, бүгіндері – қазақ театры дертті, жауырды жаба тоқымайық. Ертең кеш болады.


Қараша, 2011 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу