23.02.2022
  185


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Мекиен - Аққу

 


Қоқыстан әрең нәпақасын тауып жүретін Мекиен бір күні, жоғары жақта қолдаушысы бар, асқан шалқыған байлықтағы жас Әтешке тұрмысқа шықты. Мекиен мен Әтештің некелесу рәсімдерінде болған салтанат елдің қиыры мен шиырына тарады. Әсіресе, қоқыстан басқа ешнәрсе көрмеген Мекиеннің қуанышында шек жоқ еді. Өмірі көрмеген құрметті көрді. Мұндай дәрежелі орында қалай жүріп туруды білмесе де, сыр білдірмей Әтештің істегенін істей берді.Ол қанатын қақса, бұл да қанатын қақты. Ол еңкейіп су ішсе, бұл да су ішті.


Теңдесі жоқ кең сарайдың әсемдігі, жиһаздар мен мүліктер көз жауын алды. Жүрер жолдың бәрінде де жұмсақ кілем. Мекиеннің кілемнің қандай сапады екенін көргісі келіп келіп, табанымен тырмалап, тұмсығымен шоқи бастап еді, жас Әтеш бүйтуге болмайтынын жәй ғана ескертіп, құлағына сыбырлады. Мекиенге де кінә қоюға болмайтын еді, табаны өмірі мұндай жерді баспаған ғой. Тіпті масайрап кетті. Оның үстіне өзі қалап тиген Әтеші сезімді қытықтайтын музыка ойнатып қойды. Неше түрлі астауларда жем- судың, жеміс-жидектің түрлі –түрлісі тұрды.



  • Мына астауда көңілді көтеретін, ептеп қанға әл беретін қызыл вино бар, ауыз тиіп тұрсаң, өзіңе жақсы болады,- деп үйретті Әтеш Мекиенге. Көңілі тасыған Мекиен винодан да дәм татты. Буын-буындары осыдан кейін босап, қиялы әр жаққа кетті. Қасындағы Әтешке еркелей:

    • Әтешім, біз қандай бақыттымыз. Екеуміздің мына тамаша өмірімізді өзгелер де көрсін, бізге қызықсын. Өзімізге қарайлас қанатты құстарды қонаққа шақырып, байлығымыды көрсетіп бір масаттансақ қайтеді?,- деді.




-О, не дегенің Мекиен жаным, сенің айтқаныңның бәрі болады. Үй құстарының бәрін шақырайық. Қаз, үйрек, тауық,   күрке тауық, тоты құс тағы кім еді?..


- Бұлбұл да орманнан келіп бізге арнап ән салып берсе ше? - деді Мекиен қылымси.


- Ой, ол атақты әнші ғой. Қазір бұлбұлдар да күн көріс үшін ірі-ірі тұмсықтылардың алдында долларға ән салып жүр. Оны бізге крыша болып отырған дәдя Қырғиға айтпасақ, келмейтін шығар,- деді, жас Әтеш, - дегенмен айтып көрейік. Қолы бос болса, келіп қалар.



  • Аққуды да қоссақ қайтеді. Болса да кең бассейін бар...

  • Әрине, шақырайық,- деп келісті Әтеш.


Сонымен Әтеш пен Мекиеннің кең сарайына қанатты құстардың бәрі жиналды. Қырғидың өзі болады екен деген соң, құстар түгел келді. Бұлбұл да кештетіп болса да келіп, кешіккеніне Мекиен мен Әтештен қайта-қайта кешірім сұрап, айыбымды әнмен өтейін деп тамылжыта ән салды.


Барлық құстар бұл күні Әтеш пен Мекиенге бақыт тілеп, мына кең сарайдай үй-орманына құтты болсын айтып тарқасты. Жас Әтеш келгендердің бәріне көңілдеріне ұнайтын сыйлықтар беруді де естен шығарған жоқ.


Алғанды ешқайсысы да жаман көрген жоқ.


 



  • О, не дегенің Әтеш мырза, Сіз мүлде жомарттық танытып жатырсыз. Бермей-ақ қойсаңыз да болатын еді. Бірақ алмауға да болмайды, рахмет! рахмет,-десіп сыйлықтарын көтеріп кете барды.


Әрдайым қосақталып жүретін ерлі-зайыпты қос Аққу да рұқсат сұрап аттанды. Аққудың көгілдірін көргенде жас Әтештің көзі оның сұлулығынан тайсақтап кетті...



  • Шынында да Аққу деген қандай сұлу құс. Мойыны қандай әдемі иіліп тұр. Көзін айтсайшы. Тұп-тұнық. Су бетіндегі қалқып жүзгенін айтсайшы. Аппақ қанатын айтсайшы. Мамықтай-ау, мамықтай. Керемет сұлу екен ғой Аққу деген. Қырғи дядясы тұрғанда осы Аққуға неғып үйленбегенмін,- деп, армандап шығарып салды.


Жас Әтештің Аққуға көзін салғанын, қызығып қарағанын Мекиен де сезіп қалды. Бірақ сыр білдірмеді.


Ертеңіне Мекиен косметолог Тоқылдаққа келді.



  • Сен қанша алсаңда ақысын төлеймін. Атағың жер жаһанға жеткен жақсы косметологсың. Бозторғай да, бұлбұл да, қарлығаш та саған келіп қанаттарын боятып жүргенге ұқсайды. Менің мойынымды ұзарт, қанаттарымды аппақ мамықтай ет, қысқасы, Аққу қандай болса, мені де сондай ет,- деді. Тоқылдақ ұзақ ойланды.

  • Ол көп еңбекті қажет етеді. Аққудың мамығындай мамық жоқ бүкіл сауда нүктелерінде. Оны шетелден ғана табуға болады. Ал оған қаражат керек. Мойыныңды дәл аққудікіндей ұзартсам үзіліп кету қаупі бар. Қалай болар екен?- деп қиналды.

  • Сен егер мен үшін шеберлігіңді салмайтын болсаң, мен дядя Қырғи арқылы Бүркітке шығуға мәжібүрмін. Онда сен жеп отырған наныңнан айырылып қаласың, -деді Мекиен енді ашуға басып. Тоқылдақ әрі ойланып, бері ойланып:

  • Сіз мұны Әтеш мырзамен ақылдасып па едіңіз?- деп сұрады.

  • Жоқ, онымен ақылдасып қайтемін. Өзіне Аққу болып барып, сүрприз жасаймын. Бірден таңқалатын болады.

  • Ойбай-ау, бұл сложный операция ғой. Қанша қаражатты керек етеді. Қасыма мен көмекшіге басқа Ителгіні, Байқызды шақырамын. Оларға да ақы төлеймін дегендей, қаражатыңыз жетеді ме? Және мен ақыны алдын ала алатын әдетім тағы бар. Жаңа препараттар керек сатып алуға,- деді Тоқылдақ. Мекиен жалпы есебін3ң бәріне келісті.


Сонымен Тоқылдақ Мекиенді бір аптада дайындап, бір апта операция жасап Аққу етіп шығарды. Мекиен Аққудың сондағы қуанышын көрсең. Жан-жағын менсінбей қалды бірден. “Енді мен маған Әтештің күйеу болғанына намыстанатын болдым ғой. Аңдысын аңдап көрейін. Мынадай ажарыммен мен өзімнің кімге тең екенімді білемін” –деп, паңданған күйі


 


 


 


Әтешке келді. Әтеш өз көзіне өзі сенбеді.


 



  • Бұл сен бе? Шын сен бе? Тамаша болыпсың ғой. Керемет! Нағыз сұлусың..

  • Көзің қалай ойнақшиды. Өткенде Аққуға қарап үздігіп қалып едің, енді көр міне, мен де Аққудан кем емеспін.- деп қанатын қағып сілкінді.

    • Сен енді менің қасымда болмай бассейіндегі суда жүзіп жүресің бе?- деп қиналды Әтеш.



  • Әрине, суда да жүзем. Натурам мекиен емес пе. Үйде осылай керіліп- созылып ап-пақ болып жүремін..,-деді Мекиен Аққу сәндене аяғын басып.

    • Ой, Аққудың әдемілігі суда жүзгенінде ғой...-деді Әтеш.



  • Жарайды, оны да көр ендеше,- деп, Мекиен бассейіннің шет жағына аяғын салып, суға сүңгіді. Тұншығып қала жаздады. Содан соң Аққуша денесін суға сала бастап еді, кілеймен жабыстырылған жасанды мамықтар біртіндеп ажырап, судың бетіне бөлініп, қалықтап шыға бастады. Мекиеннің адам көре алмастай кескіні пайда болды. Ұзартылған мойыны қып-қызыл болып мүлде жүректі айнытты.

  • Ку-ка-ре-ку, құры! Құры көзіме көрінбе! Мына кескінің мені позорит етеді. Кукареку, Құры! Құры! Сені бұл түріңмен Ит те иіскемейді, - деп жас Әтеш теріс айналды.Ол сол кеткеннен мол кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу