23.02.2022
  191


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Қара сия

 


Қара сия осы үйдің кітап шкафында қашанда ешкім қол жетпейтін, бөлек орында тұрады. Аса құндылығы асқаннан емес. Бұл құрғыр, байқамай аңдаусызда қолдан түсіп кетсе, айналасындағылардың бәрін бүлдіретін болғандықтан, өзгеше сақтық жасалған орынға қойылатын. Ал, оны Қара сия басқаша түсініп, “Менің ерекшелігімнен” деп кеудесін қағып, көкірек керетін.


Соңғы кезде осы шкаф та, онда тұрған Қара сия, өшіргіш, түрлі-түсті бояу қалам, көшірмеге лайықты қара қағаз мүлде адам қолы тимей, назардан тыс қалды. Оның үстіне керісінше, жарқ-жұрқ етіп, күндіз-түн көгілдір сәуле шашып, одан маржандай жұлдыздардың неше атасы тізіліп шығатын Компьютер келді. Барлық назарды ол өзіне аударды.


Шкафта тұрған басқа заттар болса өздеріне бір бәле болатынын сезді. Тіпті бұрыштағы “Ятрань” тұрған жазу машинкесіне дейін іштей күншілдікке булықты.



  • Айтпады демеңдер, көп ұзамай осы тұрған құрамымызбен құримыз. Адам қолы бізді енді қажетсінбейді. Әнебір компьютер деген сайқалдың қолынан келмейтін бәлесі жоқ екен ғой. Қожайын ертелі кеш бала шағасымен соның алдынан шықпайтын болды. Ал, біз болсақ шаң басып, тіпті тоттанып елеусіз қалдық,- деп алдымен Шкаф күңкілдеді.


Менің де көңілім бір жамандықты сезіп тұр,- деді “Ятрань” жазу машинкесі. Қара сия ызадан булығып мүлде тілі күрмеліп қалды.


Осы кезде қожайын үй ішіндегі балаларына нұсқау берді.



  • Енді мына жерде Компьютер өз үстелімен тұрады. Шкафты және ішіндегі барлық заттарды далаға тастаңдар. Ал, қайтейін “Ятрань” талай жыл қызмет етіп еді, әлде де керек бола ма, оны сарайға апарып қойыңдар, - деді.


Сөйтіп қанша жыл осы бөлмеде қожайнына адал қызмет атқарған заттар керексіз болып сыртқа тасталды. Далаға тасталған шкафты біреу керегіне жаратамын деді ме, сүйретіп ала жөнелгенде ішіндегі Қара сия жол жиегіне түсіп қалды. Оны бір үлкен доңғалақты машина басып кетті де, Қара сия жерге шашылып төгілді. Артынша жаңбыр жауып, жолдың бәрі де қара бояуға айналды.


“Өліп жатсам да, біреуге қара бояуымды жағып өлейін. Қолымнан ешнәрсе келместей, мені далаға лақтырды ғой, бәлем, қазір көрсетейін бәріңе”- деп Қара сия қуанды. Аппақ жигулидің терезесіне дейін қара бояу шашырады.


Содан соң тық-тық етіп ақ туфлимен бір ақбалтыр өтіп бара жатыр еді, ол да бүлінді. Қара сия бүлінгендерді көрген сайын жаны кірді. Бір кезде көше тазалайтын машина су шашып, асфалттыбәрін жуып өтті. Қара сия тұрған жерді сыпырғышымен айнадай етіп тазартып өте шықты. Қара сияның бұған күші жетпеді. Шайылып жүре берді. Өшіп бара жатып та әлсіз даусымен ”Мен көрсетемін сендерге” деумен болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу