Өлеңдер ✍️

  23.02.2022
  535


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Шетел банкісінде жатқан доллардың Теңгеге мұңы


Аманбысың, елдегі Теңгетайым,
Жақсы дейді қазіргі елде жайың.
Бағамың да тұрақтап өсіп жатыр,
Оң жағыңнан туыпты Күн мен айың.
Айналады екенсің жансебілмен,
Шығарып сап клиентті, қарсы алумен,
Ұлттық тілің әлі де шықпаса да
“Теңге” деп құрметтейді барша білген.
Шет ел асып шекара өтпесең де,
Төл таңбамен сіңістің көпке сен де.
Инвестицияң таралып таңырқаттың
Мен сияқты миллиардтап төкпесеңде.
Өн бойыңда тұрады қаның жүріп,
Қан жүрген соң жүреді жаның кіріп.
Қаріптерің қате боп тұрса дағы
Сені ешкім көрген жоқ жаңылдырып.
Қолындасың байдың да, кедейдің де,
Ортасында жүрсің сен мерейдің де,
Қадамыңда кір болмай кіріс-шығыс,
Теңге болып сен қазір көбейдің де.
 Сен білесің жұмсалар құқыңды анық,
Құқың анық болған соң түсің жарық.
Барлық ниет, бағытың жақсылықта
Өз еліңде жүргізген ісің де алып.
Мен біреуге уақытша өмір болдым,
Енді бірге ойда жоқ өлім болдым
.
Күпірлік те, күнә де иығымда
Бетім күйіп қап
-қара көмір болдым.
Мен біреуге уақытша жан да болдым,
Милллион да, миллиард сан да болдым.
Мұның бәрі түк емес, менің шерім
Жазықсыздан төгілген қан да болдым.
Өз елімде көрінбей жұғыстығым,
Өз жолымның білмедім дұрыстығын.
Баукеспенің қолында умаждалып
Алақанның сезбедім бір ыстығын.
Қайда барам білмеймін бағытымды,
Жолықтырам білмеймін тағы кімді.
Жезөкше де қор қылды ышқыры мен
Омырауына қыстырып ағытулы.
Мен доллармын әлемде аты мәлім,
Айта берсем іште көп запыраным,
Банкісінде жатырмын шетелдердің
Көмек сұрап мен кімді шақырамын.
Атыраудан шығып ем мұнайменен,
Өтті уақыт неше жыл, күн, ай деген.
“Ұрлық доллар” атанып бетім күйді
Бір иені көре алмай сұрай келген.
Пайдам тимей еліме кәдем кетті,
Шетелдерге сұмдығым, бәлем жетті.
“Менікі” деп түстейтін Адам кәне,
Ел хабары әрқалай елеңдетті.
Осылай да, осылай мұңым менің
Не боларын білмеймін түбім менің
 Шет ел асып банкіде бұғауланып
Шықпай отыр, Теңгежан, үнім менің.
Қор болып валютада шыққан атым,
Байландым қанатыммен тік қағатын,
Теңгежан, менен елге дұғай сәлем
Бұл тордан кім бар екен құтқаратын?..,




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу