Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  107


Автор: Ақберен Елгезек

* * *

Сенсіз өмір басталса егер,
Дәруішке айналам...
Дәруішке айналам да,
Тәңір жайлы ойланам!
Қарашыққа қашап алып елесіңді ескірген,
Өзің жайлы бір хабарды естімеймін ешкімнен.
Күбірлеймін жай ғана мен, есіміңді қайталап,
Мүмкін сол бір өз дұғамнан жүрегіме жай табам...
Алай-дүлей дауыл соғып, шайқап кетсе жер бетін,
Бұршақ-бұршақ жасын бүркіп, кемсеңдейді Ай ғана...
Сенсіз өмір басталса егер,
Диуаналық күй кешем,
Диуаналық күй кешем де, жер бетінен мүлде өшем!
Қаңғып жүріп соқпақтармен, сүрлеулермен белгісіз,
Бейтаныс бір адамдармен өз мүрдемді жерлесем...
Сені бір сәт көру үшін ең сүйкімсіз тал болып,
Сен жүрмейтін жол шетінде мұңға батып бүрлесем...
Сенсіз өмір басталса егер,
Мен бақсы боп билеймін,
Тылсымданған әлемімде енді ешкімді сүймеймін!
Жанарыма жанұшыра жұлдыз біткен жауарда,
Көбелек пен жарқанаттар қарқ-қарқ күлер ауада.
Көз ұшында, көкжиекте Күн көміліп жатқанда,
Менің сұлбам көрінбейді сенсіз атқан ақ таңда.
 Сенсіз өмір басталғанда
айналамын бұлтқа мен,
Көк аспанда қалықтаймын шығармастан сыртқа дем.
Менен тумас қызығам да шапқылаған бұлаққа,
Көздеріңді сағынғанда жылап алам жырақта...
Сансыз буға бөлінем де, тамшыларға сұп-суық,
Кірпігіңе қонақтаймын мөлдіреген шық болып.
Сен бірақ та сезбейсің де, қағып-қағып кірпікті,
Тұнық менің болмысымды жібергенде лақтырып,
Тырс етем де жерге сіңем, ең соңғы рет аһ ұрып...
Сонда ғана жаңа ғұмыр басталады өзіңсіз,
Көздеріңсіз, сөздеріңсіз, мына ащы сезімсіз...
Топыраққа сіңіп кетіп, мәңгілікке жоғалсам,
Жылап жатам... жылап жатам... жылап жатам...
Тек үнсіз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу