Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  470


Автор: Ақберен Елгезек

ЖҮГІНУ

Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Біздің жақта азғындаған күй мынау,
Көк Түріктің рухы өшкен заман бұл,
Кеңірдегін кеміреді қылбұрау.
Көкжалдықтан айырылған бір ағам
Төбет құсап тағып апты қарғыбау…
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Жалған жатыр сол баяғы жалған боп.
Аласарып таулар ғана қартайған.
Мағынасыз жанарларда – жалған от,
Жағылмаған шырақтарда шайқалған,
Сөз шырыны шынымен де арман боп.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Көкке қарап жылауды да ұмыттық.
Оны мен де ұмытқанмын.
Бес күннің
Мағынасын түсінбеуге құлықты,
Бүгін бізден тектілік те жоғалды,
Бақытым деп ұғынатын былықты.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Көкке қарап ұлуды да доғардық,
Қыңсылап кеп тығыламыз әркімге.
 Мың бүгілген белімізге обал-ды,
Көк Түрігім өз ішінде өртенген,
Көп Түрігің көпқұдайшыл боп алды.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Төрт құбылаға түмен-түмен атылған,
Бізде дәрмен қалмады ма шынымен?
«Билеушімін!» – деп шығатын жатырдан,
«Күн біздікі!» – деп шығатын түнімен
Афрасиабтай айырылдық па батырдан?!.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Бабаларымыз тітіреткен жаһанды!
Бізден қашан қыңқыл-қыңсыл жоғалар?..
Атқа қонып, белден буған шапанды,
Құшағына паналатқан Отанды
Бір бабамды елестетем, ағалар!
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Тербететін рухымызды қолға алып,
Бізді мүлде ұмытқан ба ол ғаріп?
Күдер үзіп кетті ме екен біздерден?
Бұл жалғанда бәрі қазір өзгерген,
Бір мейірім іздеп жүрміз, алданып,
Сөніп қалған көздерден…
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірге сәлем айт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу