Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  132


Автор: Ақберен Елгезек

АЛТАЙ ПАНОРАМАСЫ

Хан Алтайдың басында тұнжыр бұлттар,
Тұнжыр бұлттар, ақ алтын шынжыр бұлттар.
Бұлт емес-ау!
Келмеске сүрлеу салған
Керуен-керуен жылжыған мыңжылдықтар.
Хан Алтайдың басында бұйра бұлттар,
Бұйра бұлттың ізінен күй қалықтар.
Сұлулықты аңсаған әрбір адам
Бұйра бұлттың жасынан қиял ұрттар.
Хан Алтайдың кеші – шер, түні – мұңдай,
Кеудемде бір аш бөрі ұлығандай.
Бөктерінде көлеңкем тыпырлайды,
Көктен бүркіт мерт болып жығылғандай.
Бұғы-марал жүрісі батыл қандай,
Сырнайлатып шайқасқа шақырғандай!
Кернейлеткен үн жетсе түйсігіме,
Ішімде қоңыр аю ақырғандай!
Ғарыштан түскен нұрмен шашылғандай,
«Теріс» деген орманның аты қандай.
Үздігіп қарап тұрған әсершілге,
Май бояумен кенепке қатырғандай.
Дәл бүгін бар сиқырға көнейін мен,
Тәңірді шайыр десе, сенейін мен.
 Көргенге қар көшкіні – ақ өлеңдей,
Төгілген Мұзтау қарттың көмейінен.
Көз тіксең, күнді қолмен қалқаламай,
Көктен түсер сансыз түс, сан саладай.
Қолында бақсы-таудың ысқышы – жел,
Қобызы – күңіренген балқарағай!
Әупілдеген еліктің үні қандай,
Жүрегімнің бір тұсы жылығандай.
Хан Алтай асқақ сөйлеп, қар боратса,
Бар әлем назар салып бұрылғандай.
Көзі ақиып, айта алмай ойдағысын,
Қу дидарлы жұтады Ай қайғысын.
Айға қарап секірер, қара айғырдай,
Орман жалы төгілген найзалы шың!
Тәңір Өзі жаратып аһ ұрғандай,
Алтай жайлы жыр жазбас ақын қандай?
Марал көлдей жәудірге ғашық болсаң,
Жүрегіңді күйдірер хатыңды алмай!
Мен Алтайды көргенде, өліп – тудым,
Жерұйықты Мұзтаудан көріп тұрдым.
Қанша сурет, сан құбылыс арасында
Бұрынғы бір сұлбамды жолықтырдым.
Тоңдырып іштен соққан жан бораны,
Кезген ұлға сансырап әр қаланы,
Тәңірім өмір қылып көрсетіп тұр
Түйсігіммен іздеген Шамбаланы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу