Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  491


Автор: Ақберен Елгезек

ҰЙҚЫСЫРАУ

(цикл)
І өлең
...Бұрыш жақта су ағады шүмектен,
Сыра біткен. У ағады жүректен.
Мен тынышпын, мен мұңлымын,
Дір еткен,
Иек қана құлап кеткен білектен.
Естеліктер.
Балалық шақ елесі
Қалқып шықты мылқауланған түнектен.
Болмайтындай енді мүлде ертеңі,
Үлкен сәби жазып отыр ертегі...
Тозып біткен тоқсан жылдық күнделік
Парақтарын боратады, түрленіп,
Кезектегі мыңжылдыққа, ең кемі...
Қас қағымның шырымынан емделіп,
Ары қарай кетпеу күнә сенделіп...
Өлмеген соң балконыңа жерленіп,
Шылымыңды сорғылайсың шерленіп.
Анау жақта жарқырайды салюттер,
Олар мәз ғой,
Менікі – құр пенделік...
 ІІ өлең
Тағы да түн.
Жалғыздық.
Темекінің тұқылы,
Ақыл-есі түтіндеп, күлсалғышқа жұтылды.
Ми ішінде майысып көркем ойлар үкілі,
Үлбіреген үмітке тәж тоқиды жұпыны...
Тағы да түн.
Жалғыздық.
Сары шөлмек сыра бар,
Шылымым бар тағы да,
Бәрі жақсы, сірә да!
Тек іштегі біреудің маза бермес сұрағы,
Дір-дір етіп тұрғанша шайырлардың шырағы...
Жоғалғандай жаһаннан жұбандырар бар қызық,
Тағы да сол күйге еніп, бойды мұңға алғыздық,
Жүрегімді орап ап, тоңдырады бар мұздық,
Темекінің түтіні...
Тағы да түн.
Жалғыздық.
ІІІ өлең
Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Әлемде мынау әлдиге әуес бала өлді.
Жүрегім болса бүк түсіп жатыр кеудемде,
Жыламай көрші, шошымай көрші, ал, енді!
Домалақ бала сәскеде әлі ерке еді,
Батыстың шашын демімен қызыл өртеді.
Мәңгілік Түннің түбіне құлап өлетін
Жап-жарық Күннің ғұмыры неткен келте еді?!.
 Бір таңға дейін қалған соң шыбын жандары,
«Еһ, дәурен-ай!» – деуші еді ауыл шалдары.
Бір күнге тағы үмітін жалғап отырып,
Бір түннен ауыр, қорқатын еді, алдағы.
Шалдардың сонда әжімдер тілген бетінен
Ажалдың түрін көргендей шошып кетіп ем.
Өмірдің бірақ білмеген екем күн сайын
Дөңгелеп жүріп, сынатын бір сәт шетінен.
Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Торына кімді түсіріп алар ол енді?..
Жүрегім болса сандырақтап жатып ұйықтады,
Түсіне оның ажалдан қашқан бала енді...
ІV өлең
Би кешіндегі арудайын сырғалы
От түрінде газ билейді ырғалып...
Терезені ашып қалсам айқара,
Күмілжіген көктен тұрар Ай қарап.
Көше жаққа елеңдеумен отырам,
Жазылмаған жырларымды қайталап.
Жаурап өткен сұр көктемде кеш шығып,
Ауламызда дірдектейді бес шыбық.
Бес досыма ұқсатамын оларды
Мені іздеп келе жатқан, ес шығып.
Телефон да... өзі суық, өзі үнсіз,
Қозғалыссыз, қоңыраусыз, көңілсіз.
Жылан-сағат оратылып білекке,
Айыр тілін қозғалтады сенімсіз.
 Сөредегі кітаптар да қызықсыз,
Көңілдегі сұрақтар да қызықсыз.
Теледидар терезеден аумайды,
Терезеден Ай қарайды құлықсыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу