Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  129


Автор: Ақберен Елгезек

ЖОЛ

Қамықтырып ақ таңдарда ой-күдік,
Қара бұлтқа сіңіп кетті Ай күліп.
Алабұртып, қара жаяу қалпымда
Жолға шықтым...
Қажет емес сәйгүлік.
Бұл сапардың жөні бөлек, жолы – сын,
Бұл сапардың бітер жері – «Кәрі шың».
Басында оның мәңгі жасыл бағым бар,
Сорым бары тағы шын.
Жәутеңдеген қоңыр көзі құланның
Мұнарынан елестейді тұманның.
Ақ тозаң қар иреңдейді тұс-тұстан,
Ізін салып жыланның.
Мен әйтеуір көз ашпадым бораннан,
Жібермейді тосқауыл боп ол алдан.
Қар жастанған қарақшылар жолында
Әулиелер тоналған.
Осы жолда – айдаһарлы үңгірлер,
Осы жолда – тылсым-тылсым күмбірлер...
Өрмелеймін.
Өлерімді қай жерде
Ішімдегі мұң білген...
 Болсам-дағы өз-өзіме өкпелі,
Пірлерімнен медет күтем көктегі.
Қос өкпемді айналдырар қанатқа
Тәңірімнің нұры ойнаған оттегі!
Айналамды ажал демі құрсаулап,
Азғыруда сайтан күліп, жын сарнап.
«Кәрі шыңның» шығам бір күн басына,
Өн-бойымнан нұр саулап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу