Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  153


Автор: Ақберен Елгезек

ГОРЬКИЙ САЯБАҒЫНДАҒЫ ОЙЛАР НЕМЕСЕ МҰҢНАН ҚАШУ


Кірпіктердің арасынан күн сәулесі сығалар,
Көгімдегі алтын ділдә – менің жалғыз сыбағам!
Бұл көктемнің ауасы да дәл өзімдей мас бүгін,
Қурап қалған ағаштардай – жапырақсыз жастығым...
Шіркін, шырша болсам егер, төрт мезгілде жап-жасыл,
Тауға тәж боп тұрар едім, безендіріп қар басын!
Әй, адаммын бірақ та мен, ұмтылатын жақсы атқа,
Өзі білмес, қайда апарар армандар мен мақсаттар...
Жып-жылы күн алдамшы тым, көпті көрген арудай,
Пенделер жүр дөңгеленген – Тәңір шашқан тарыдай.
Мен де солар сияқтымын, өзгешелік жоқ менде,
Тек жүрегім сәл басқалау, сәл басқалау көктемде.
Қиялымда мүлде ұмытып жер бетінде жұрт барын,
Мен көктемде тербелемін бесігінде бұлттардың.
Жапырақсыз жүрегіме ақ бұлттардан жай табам,
Содан кейін ораламын көк аспаннан қайтадан.
Ол да өтірік, мен жай ғана күн сәулесін сіміріп,
Отырамын бар адамның тыңдаған боп күбірін,
...Шындығында, шырша салып дәптерімнің шетіне,
Жап-жасыл бір өлең тілеп,
Тәңірімнен өтінем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу