Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  161


Автор: Ақберен Елгезек

АЙНА

Жалғыз ұлы, жетім ұлы әкемнің
Үңіледі қабырғаның ішінен.
Көк түтіннен көрінбейтін кафенің
Қабырғасы айна екенін түсінем.
Түсінем де, үңірейіп отырам,
Айнадан да, шараптан да шошынып.
Қышқырады дөкір ән,
Құтырамын, қайырмасына қосылып.
Қайтем енді, діл саңырау...
Сол-ақ па?..
Ешкімнің де қажет емес сөздері.
Оңай шаруа –
тойып алып шарапқа,
шайтан болып өзгеру.
Алдымдағы төңкеріп сап көзені,
Жынданғым-ақ келеді.
Қабырғаның оқты көзін сеземін
Көрінбесті көретін.
Оқты көзде – жетім ұлы әкемнің.
Сол кірпияз пішін – мен...
Жетімдіктің не екенін
Айна ғана түсінген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу