Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  452


Автор: Ақберен Елгезек

ҚОБЫЗ-ЖҮРЕК

Күн мен Түннің арасында ес жатқанда ауысып,
Тарғыл-тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін.
Дүниедегі бар дыбыстар бір арнада қауышып,
Түйсігімнен күдірейер дүр қобыздың дауысы.
Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы,
Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі
шырақшы.
Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн,
Сен білерсің, түсінерсің бұл Жалғанның тарлығын.
Ол ұлы Күй бір-ақ сәтте мыңжылдықты өткерер,
Көз алдыңда мұхиттай боп тербеледі ақ көде...
Кенет сені бөлек жерге қондырады тылсым күш,
Жан-жағыңнан өлекшіндей қанат қағып күрсініс,
Алаңғасар дүниені дауыл алып, жоғалар,
Ал ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.
Қобыз үні сыпырып ап мөлдір аспан терісін,
Мақпал бұлттар таласады алақандай жер үшін.
Сонсоң, анау ғарыш жақтан ысқырынғанда түнгі ызғар,
Бұршақ-бұршақ саулап жатар жұмыр-жұмыр жұлдыздар.
Мақшарланған ақшам сондай!
Сен қапысыз аңдап қал,
Жер бетіне самсай қонар періште мен аруақтар.
 Жиын болар содан кейін...
Қобыз үні мәңгілік!
Тәңір жақтан құйылады ноталардың жаңбыры!..
Бастау болып түйсігім тұр азандаған үнге осы.
Бірақ, бірақ байқау керек, сайтан оны білмесін!
...Жан-жүйкемнен өріп алып қырауланған пернесін,
Қобыз-жүрек
Бір күндері үнсіз қалып жүрмесін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу