Өлеңдер ✍️

  20.02.2022
  117


Автор: Абдрахман Асылбек

Ұлбикенің соңғы әні

Әнін жазған Жоламан Тұрсынбаев

Дүлдүл ем Ошақтыда дара туған,
Ол баста ақын болып жаратылған.
Құйылған көмейімнен сұлу сөздер,
Үш жүздің баласына таратылған.
Күмбірлеп көкірегім толған өлең,
Он үште топқа түсіп толғаған ем.
Алыстан іздеп келіп айтысуға,
Жеңілген нелер ақын жорға деген.

Қайырмасы:
Ұлбике атым еді,
Арқалы ақын едім.
Ұл емес қыз боп туып,
Заманның улы зарын татып едім.
Ойхой, дүние, ой, дүние-ай,
Ұлбике атым еді,
Арқалы ақын едім.

Шын ерке бұлбұлың боп сайраған ем,
Тым көркем бір гүлің боп жайнаған ем.
Жиырма бес жасқа толмай сөніп барам,
Аялай алмадың-ау, туған елім.
Дүлдүл ем Ошақтыда дара туған,
Ол баста ақын болып жаратылған.
Құйылған көмейімнен сұлу сөздер,
Үш жүздің баласына таратылған.

Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу