20.02.2022
  181


Автор: Абдрахман Асылбек

Мен дайынмын

Жетектесін күн мені
Сәл көрінген нұрына.
Құшып жарты дүниені,
Шашырайды шұғыла.
Бұлттар, мені басташы
Биік таулар шыңына.
Қарық қылып тасташы
Ашылмаған сырына.
Құстар, мені шақыршы,
Биік самғап шығайын.
Бал қызыққа батыршы,
Ғажаптарды ұғайын.
Бұлақ, саған ерейін,
Жүгіре бер, тоқтама.
Көрмегенді көрейін,
Көп жерлерді бетке ала.
Соқа төсін тілмеген
Тыңдарға да жетейін.
Дән не екенін білмеген
Қырлардан да өтейін.
Жолдары жоқ сайраған
Белдерге де барайын.
Қаласы жоқ жайнаған
Жерлерге де қарайын.
Аралап, бел-белестің
Көрсем-дағы қандайын,
Қоян жүрек емеспін,
Қорықпаймын,
Мен дайын!
Жолдар, жолдар,
Бас алға,
Жерлерге апар тым алыс.
Адамдармен қашанда
Бірге болу – қуаныш.
Адамдармен бөлісем
Шаттығымды, мұңымды.
Еңбек етсем ел үшін –
Бақыт деп ұқ мұнымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу