👈 қаріп өлшемі 👉

  20.02.2022
  59


Автор: Абдрахман Асылбек

Шөлдегі жаңбыр

Асып белес, белдерден,
Шалғай жатқан елдерден,
Бұлт келіп шөлейтке,
Жауды жаңбыр шелектеп.
Тамшыламай сіркіреп,
Құйды дейсің күркіреп.
Тілеп едік көптен бір,
Төгіліп тұр көктен нұр.
Сорғалап тұр тынбастан,
Таңнан бері ол өктем.
Ақ жауынын күллі аспан
Ақтарғандай шелектен.
Салқын тартып атырап,
Жайқалды гүл, жапырақ.
Бой көтеріп шөптер де,
Рең кірді бөктерге.
Құмға жаңбыр нәр беріп,
Әдемі бір әр беріп,
Бұталарға бүр шығып,
Белгі берді тіршілік.
Сағат бұрын тандырда
Шөліркеген көк өрім,
Аузын тосып жаңбырға,
Жайды қайта желегін.
Әрі қуат, әрі құт,
Ағып жатыр береке...
Көптен күткен зарығып,
Құмға келді мереке.
Қу түлкі де құп алып,
Жайлап шығып інінен,
Мол жаңбырға қуанып,
Асыр салды күнімен.
Тасбақа да артынша
Көтерілді төбеге.
Жуылды тез қалпынша
Жабысқан құм денеге.
Қозылар да томпаңдап,
Жүгіреді бұлаққа.
Тұр бұйығып,
Жаутаңдап
Енелері, бірақ та.
Жылғаларға тасыған
Қарасады ойланып:
Жаңбыр суы асыға
Бара жатыр қайда ағып?..
Тасырлаған тамшыға
Мәз болады малшы да: –
Жау-жау, жаңбыр,
Төге бер,
Жаусаң,
Жер-көк көгерер!
Жау-жау, жаңбыр,
Құя бер,
Жердің жүзін жуа бер.
Жауа бергін күн демей,
Жауа бергін түн демей.
Жау-жау, жаңбыр, апталап,
Малға, жерге қат-қабат.
Жауғаныңа шаттанып,
Ұзақ есте сақталық!..


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы