20.02.2022
  159


Автор: Абдрахман Асылбек

Балдырған

Айналайын Балдырған,
Сүйсе, мейір қандырған.
Құлыншақтай құлдырап,
Шапқан жерін шаң қылған.
Сен бар үйде үнемі
Таң-тамаша, ән-думан.
Ата-ананың тілегі –
Бір өзіңсің, Балдырған.
Қандай қызық керемет,
Шауып өтсең шалғыннан.
Қуаласаң көбелек
Шыбық атпен, Балдырған.
Қармағына: «Қап, қап!» – деп,
Көлден балық алдырған;
Отырса анаң мақтап тек,
Қандай жақсы, Балдырған.
Қыстың күні шанамен
Зырылдасаң сан қырдан;
Көз алдыңда бар әлем
Шыр айналар, Балдырған.
Қолға алып қаламын,
Сан суреттер салдырған;
Таудай екен талабың,
Демейміз бе, Балдырған?
Тамылжыта ән салып,
Тыңдағанын таң қылған.
Өнер қуған жан салып,
Қандай жақсы, Балдырған.
Білесің бе пісіре
Тандыр пеште тандыр нан?
Кіреді ме түсіңе
Жанартаулар жаңғырған?
Айналайын Балдырған,
Балға саусақ малдырған.
Тәтті дәмін алдырған
Жорналың бар «Балдырған».
Көп қызықты оқисың,
Нәр алғандай таң-нұрдан.
Санаңа нық тоқисың,
Оқығанда, Балдырған.
Небір қызық ертегі
Құмарыңды қандырған.
Сиқыр ойдың желкені
Жанарыңды жандырған.
Талайларды есейтіп,
Тәнті қылған, таң қылған.
Ақыл-ойды кеңейтіп,
Ботақанды нар қылған.
Мезгіл өте беріпті,
Тамшыдай боп жаңбырдан.
Елу жасқа келіпті
Сол жорналың «Балдырған».
Елжірей кеп қарайтын
Ата шықса алдыңнан,
«Ассалаумағалайкум!» –
Деп сәлемдес, Балдырған.
Үлкендердің батасы
Қабыл болсын, Балдырған.
Мақал сөздің атасы –
Мұзағаңды хан қылған.
Осы жорнал арқылы
Атын шыңға шалдырған.
Ақындардың ақыны –
Тұманбайды нән қылған.
Алыс пенен жақының
Аяласын, Балдырған.
Аталардың ақылын
Өнеге етіп ал жылдам.
Айналайын Балдырған,
Сүйсе, мейір қандырған.
Сағат сайын өсе бер,
Жарылқасын алдыңнан!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу