19.02.2022
  292


Автор: Абдрахман Асылбек

Наурыз

Кетіп қыстың ызғары,
Еріп сұсты мұздары,
Наурыз келді көктем боп,
Күлім қағып қыздары.
Желектеніп гүл басы,
Наурыз келді – жыл басы.
Жылтырады жақұттай
Жоталардаң жылғасы.
Наурыз – пейіл, береке,
Наурыз – мейір, мереке.
Қуанышқа бөлейді,
Көңілдерді көл ете.
Наурыз тойын тойлаймыз,
Қызығына тоймаймыз.
Өлең айтып, би билеп,
Бал бұлағын бойлаймыз.
Құлпырады дала да,
Құлпырады қала да.
Құлпырады наурызда
Ана менен бала да.
Наурыз тойы – салтанат,
Наурыз тойы – ән қанат.
Думанданып дүние,
Шаттанады шартарап.
Наурыз – пейіл, береке,
Наурыз – мейір, мереке.
Қуанышқа бөлейді,
Көңілдерді көл ете.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу