18.02.2022
  438


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл

Халық аузындағы сөздер уақыт өте келе өзгеріске ұшырап отырғаны
белгілі. Алайда, сөзі әнге айналып, ел құлағында жатталып қалған мәтіндер
орынсыз бұрмаланып кететін жағдайлар да жиі кездеседі.
«Баспадым жардың шетін құлай ма деп,
Ішпедім арық суын лай ма деп.
Жаманмен дос болуға жасқанамын,
Күн туса ердің құнын сұрай ма деп» – деген халық өлеңі бар.
Ал «Дүние-ай!» деген атпен халық әні деп ән жинақтарында
жарияланып жүрген мәтінде «Баспадым жардың шетін құлай ма деп» – деген
сөздерден басталатын халық өлеңінің кейінгі жолдарын әншілер «қорқамын
дос болуға жамандармен, тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп» – деген
тіркеспен айтып жүр. Ер-тоқым қазақ үшін аса қасиетті бұйым. Ол оны
ешкімге бермейді. Қазақ «айырылысатын ер ердің артқы қасын сұрайды» –
дейді. Немесе ердің (бұл арада азамат деген мағынада) құнын сұрауы мүмкін.
Бірақ, ер-тоқым емес. Осы әннің қайырмасы: «қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл,
өтіп барады өмір құрғыр» – деп айтылып жүр. Өмір құрымайды, жалғаса
береді ғой. Сөзге бажайлап қарасақ, гүл қауызын таңертең күн сәулесі
түскенде ашады ғой, бұлбұл да жаратылыста сол гүлдің ашылғанын көрген
сәтте сайрай бастайды. Қыздарды бұлбұл қылып сайратып, жігіттерді тұлпар
қылып шапқызып қойғанда не ұттық?! Әннің бағасын кеміттік.
Қостанайдың Науырзым өңірінде Байжан есімді әнші өткен. Біз білетін
сол Байжанның әнінде «жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл, жастық өтер, ойна
да күл!» – болып айтылушы еді. Байжанның әнін кезінде облыстық
филармонияда әнші болған Байқоңыс Мұхамеджанов тамаша айтатын.
Қазіргі Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Қадыр
Қаржауов осы әнді нәшіне келтіріп орындайды. Ол аталған әнді Байқоңыс
ақсақалдан үйренгенін айтады. «Байжанның әні» аталып кеткен әнді ел
арасында «Байжанның жұмбағы» деп те атайды. Оның мәтіні мынандай:
Байжеке, мырза көңілің болды қалай,
Бақшаны аралаушы ең талай-талай.
Қондырсам осынау тұрған қызыл гүлге,
Етуге ептеп сайран жайың қалай?
қайырмасы:
Қыздар – гүл-гүл,
Жігіт – бұлбұл.
Жастық өтер,
Ойна да күл!
Қарғаша қорбаң етіп түсіп қалма,
Бұтақтан мұжып тұяқ ұстай алмай.
Болмаса қараң батып қашып жоғал,
Құяға құйрығыңды бекер малмай.
Шіркін-ай, қыз деген бір гүл емес пе,
Ойнаса қыз бен жігіт күн емес пе?!
Болғанда қыз қызыл гүл, жігіт бұлбұл,
Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе?!
Міне, мазмұны толық ашылып, мағынасы жағынан әннің сөзі де,
қайырмасы да үйлесіп тұрған осы тамаша әннің ән жинақтарындағы келесі
шумақтары:
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды», – деген жолдармен жалғасады.
Бұл жолдар да халықтың қара өлеңінен алынған, ән қайырмасына
мүлде қатысы жоқ екені тайға таңба басқандай анық. Ол аз болғандай,
қайырманың соңына: «Ахау, арман, дүние жалған» деген жолдарды және
«халау-ләйлім, халау-ләйлім» деген Алдаркөсенің шайтанға айтатын сөздерін
де қосып қойыпты. Сондықтан әншілеріміз кездейсоқ естіген «әләуләйім»
мен «халауләйімге» ілесе бермей, ән сөзіне абай болуы керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу