18.02.2022
  111


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Өлшем және мөлшер

Күн көзі қызып тұрса – сүйіндіреді, қатты күйдіріп кетсе – күйіндіреді.
От қалыпты жанса – жылытады, қатты жанса – өртке айналады, құртады. Су
арнадан асса – тасып кетеді, аспай қалса, ақпай қалса, сасып кетеді. Жауын
ұзақ уақыт жаумай қойса – зарықтырады, қоймай жауса – жалықтырады.
Байқап тұрсаң, бәрінің өлшемі бар. Сол себепті әр заттың мөлшері бар.
Қаламгерге қойылар басты талаптың бірі – аз сөзге көп мағына сиғызу,
айтар ойыңды әсерлі жеткізу. Кейбір жазушылардың қалың-қалың томдары
беті табақтай, қарны қабақтай семіз кісілерді көз алдыма әкелгендей болады.
Оқи бастасаң, мылжың сөздерден мезі боласың.
Нағыз қаламгер дәріхана қызметкері секілді әр сөзді, әрбір сөйлемді
елеп-екшеп, өлшеп қолдануы керек. Не бір тамшы су, не бір тамшы у артық
болып кетсе, ол дәрі ішуге жарамайды ғой.
Ал нағыз редакторды оташыға ұқсатамын. Ауру сөзді қырқып-жонып,
ауру сөйлемді түзеп, күзеп, артық майын сылып тастаса, оның шығармаға
пайдасы болмаса, зияны жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу