Өлеңдер ✍️

  16.02.2022
  259


Автор: Берімбай Ысқақұлы

Қайран әкем

Қайран екем!
Қабағыңа қар жауып,
Сақалыңа мұз қатқан.
Бейнетіңнің салмағы
Нар кетермес зіл батпан!
Тезіміңді тауысып,
Жүйрік уақыт зыр қаққан!
Кенезеңді кептіріп,
Тар құрсауда қыл батқан!
Кезге ұялап кек шыбын,
Балағыңа зер қатқан!
Досыңнан кеп жауларың
Құрды жолға қыл-қақпан!...
Жүрегіңе қадалды
Атқан оғы сұм жақтан!
Тарихтың тікені
табаныңа шын батқан!
Жазықсыздан қаралап,
Семсердей боп сын батқан!
Жегідей жеп жаныңды
Кекірегіңе мұң батқан!
Зар заманнан түңіліп,
Күндерің кеп зар қаққан!
Жан қоярға жер таппай
Кезің есте түн қатқан.
Басқаға арзан болсанда,
Маған сендей жоқ қой, сіре,
қымбат жан!
Қайран екем!
Асқар тауым қамқорым!
Керібозым, сізді аңсап,
Кісінейді салторың!
Қайран екем!
Езегіңді сағыныш, мұң оты ертеп,
Нұр жүзіңді күн қаққан!
Арманыңды жау шауып,
Бар бақытың суға аққан!
Тартып еттің тағдырдың
Тауқыметін мың батпан!
13. ХI. 2006 ж. Астана. Қара-Еткел




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу