Өлеңдер ✍️

  15.02.2022
  159


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ШЕГІРЕН ҚОЛҒАП ШЕБЕРІ

(Репортаж)
«Тұңғыш Қазақтың кəсіби боксын жаңартқан Марат
Мəзімбаевқа қандай мақтан айтсақ та жарасады». Жандос
Айтбаев, телеспорт шолушысы.
Спорт Сарай.
Іші толған адамдар!
Адамдарда жігер толы қадам бар.
Ортасында белі мықты шаршы алаң,
Оқырманым, соған енді қараңдар.
Сонда оқылар бұрын-соңғы жыр бардай,
Жанды жұлдыз, жарқырап Ай тұрғандай.
Арқадан кеп Ұлы жүздің рухын,
Тік көтеріп Балуан Шолақ тұрғандай.
Зəулім сарай сол Балуанның атында,
Күш пен жігер айналдырар батырға.
Алматының ортасында далиып,
Айдыны əйдік шабыт боп тұр ақынға.
Өтті мұнда үлкен өмір жолдары,
Бұл Сарайда талай саңлақ толғанды.
 Соңғы жылы жиырмасыншы ғасырдың,
Бұйырмады Саттарханов болғанды.
Батырлықтың баға жетпес бал əні,
Сүйіндірді байтақ жатқан даланы.
Қазағымның қарапайым баласы,
Міне, бүгін, жалт қаратты бар елді.
Оқушы да,
Студент те.
Мансапты....
Бəрі де бар
(Жиналған жұрт таңдантты)
Жанкүйерлер ой-мұхиттың үстінде,
Қиял құсын Альбатростай самғатты.
Шабыт алып Сарайда күй сарыннан,
Жас қазақтар лапылдады жалыннан.
Кей кəсіпкер айы жеткен əйелдей,
Кебежедей демігеді қарыннан.
Жаңа қазақ костюм киіп бостоннан,
Айтып отыр кəсіптерін басқарған.
Ағылшынша бірдеңені айтады,
Шіренеді түскендей-ақ аспаннан.
Луисті айтып сайрап отыр біреуі,
Маратты айтып – Бар, – деп қойды «біреуі».
Қазақшаға тілі келмей күрмеліп,
Қара басқыр шетелге ауды тілеуі....
– Жеңу қайда Колумбиялық боксерді,
– Мараттікі ат шығару босқа енді.
Біз сияқты доллар тауып баю мен
Жақсы көру даңғазалық бөскенді.
– Көздеріңде ноғала бар соқырсың,
Көрмейсіңдер Ертеңгіні оқитын.
Қазақтардың қасиетінен хабарсыз,
Екеуің де қателесіп отырсың.
 Осылайша зал ішінде үш жігіт,
Бастап кетті талас сөзді күшті ғып.
Беттерін де ойнап шықты қызуы,
Үшеуінде билеп алған ыссылық.
Анау екеуі жабылардай Мақсатқа,
Ербеңдетіп алды қолын жасқап та.
Онан кейін масаттанып, жіберді –
Француздың коньягін бастап та ...
Отырған жер берекесін шығарды....
Масаң екеу сөзбен айтып нығады.
Отырғандар болысты да Мақсатқа,
Əлгі екеуін айтарлықтай сынады.
Ырс-ырс еткен ана екі пақырды,
Отырғандар тəртібіне шақырды.
Жан-жағынан қысым жасап бұларды,
Жанкүйерлер жеп қоярдай ақырды....
Қалды екеуі ауызын ашпай үндемей,
(Отыратын шығар енді күндемей).
Осылайша реттелді ақыры,
Орнын тапты бірте-бірте жүлделі ой.
* * *
Бола қалды құлаққа ұрған танадай,
Сарай іші самаладай-даладай.
Аспан түстес көгілдір ту желбіреп,
Марат келе жатты жерде анадай.
Алып ұшып алға қарай жел-үміт.
Қатпарында маңдайының тер тұнып.
Екіленіп бəйге атындай желпініп,
Екі қолы серіппедей серпіліп...
Колумбия боксері де біртүрлі,
Тіксінумен рингке ұмтылды.
Қара торы өңіндей боп тығылып,
Қабағында қанаттанбай мұң тұрды.
 Екеуіне құшақ жайды шаршы алаң,
Шаршы алаңда білінбейді шаршаған.
Шарықтап бір Əнұраным шырқалды,
Арманына жеткендей-ақ барша жан.
Таныстырды Луис пенен Маратты,
Өмір жолын өнегелеп таратты.
Асырды ма,
Бас ұрды ма білмеймін,
Колумбия спортындағы талантты.
«Марат!
Марат білегіңе күш толсын!
Туды сəтің Қазақ үшін күштейтін.
Сен болатсың жаратылған жігерден,
Сом алтынсың!
Табылса да мыс дейтін.», –
Деді залды күңірентіп қандастар
(Бұл тілекті көтерген –
қарттар менен сан жастар).
Бұл тілекте Бүкіл Қазақ халқы мен
Кедергіні кесіп түсер алмас бар.
Таныстырды Луис пенен Маратты,
Бокстағы асқан шебер талантты.
Ашаң жүзді, ширақ қимыл бұларға,
Түнгі аспандай жанарды жалт қаратты.
Жиналған жұрт тұрды ойы ұйысып,
Шымыр дене бұлшық еті жиі ысып.
Екеуі де көрінгенмен қаршадай,
Бұлбұл бақты сайрағандай ұйытып.
Екеуі де баладайын кекілді,
Боксерге тəн қимылы бар не түрлі.
Кіп-кішкене болғанменен бозторғай,
Тым биікке ұшатыны секілді.
Төрешісі айтты келіп білгенін...
Қандай елде бəсекеде жүргенін.
 Боксерлерді нокаутқа түсіріп,
Басты иесі болғандығы
Халықаралық жүлденің.
Луис деген міне, осындай ірі екен,
Мақтанатын Колумбия жыры екен.
Мақтан еткен Латын Америкасы,
Ең керемет боксерінің бірі екен.
Луис деген – Колумбия арысы,
Өткізіпті оза шауып жарысты.
Мұнан кейін күмəнданып отырдық,
Аламыз ба деп ашытып бал істі.
Біз Луистің мықтылығын ескердік,
(Өмір жолын біле алмадық тексеріп).
Ойландық Біз, тіксіне бір ойландық,
Жүрегіміз қобалжыды сескеніп.
Осылайша ойымызды борасын,
Жортып өтті.
(Əсері бар тоңатын).
Бастап кетті Арпалысқан күресті,
Бастап кетті он екі раунд болатын...
Луис деген – Колумбия арысы,
Өткізген ол талай тартыс, жарысты.
Сағым қимыл, сайтан ойлы боксермен,
Салды айқас Қазақстан Барысы.
Оңай жаңғақ емес шығар ол енді,
Марат қанша көрсетсе де өнерді.
Сілтесе де оңды-солды күшпенен,
Сынаптай боп көз ілеспей келеді.
Кететұғын жас еменді сындырып,
Дарытпайды денесіне жұдырық.
Тисе егер
қуатты қол
бір сəтте,
Біледі Луис қалатынын жығылып.
 Қоян бұлтақ, түлкі құйрық əдіспен,
Раундты өткізді өте табыспен.
Ойындары ой салады адамға,
Ормандағы маймылдай боп барыспен.
Деген оймен тез ұтылып қаламын,
Баспен сүзіп жарды Марат қабағын.
Ол азапқа төтеп беріп
соққымен
Дəн риза қылды Марат алабын.
Шақырды аруақ қазақтарым тілекпен,
Сол сəттерде денем менің «дір» еткен.
Бағанағы екеуінің жанында,
Мақсат тағы ой білдірді жүректен.
Əр қимылмен бетпе-бет кеп салысты,
Өртке оранып кеткендей боп жан ыссы.
Осылайша өршелене айқасты,
Екі елдің Арысы мен Барысы.
Көрермендер айқайлады, шулады...
Кеудені өртеп, жүрек шіркін тулады.
Секундант кеп екеуін де тоқтатты,
Бітті раунд.
Сағат тілі тұрмады...
«Марат!
Сенің білегіңе күш толсын!
Келді кезің Қазақ үшін күштейтін.
Тастүлексің жаратылған жігерден,
Жеңіс атты тұғырыңнан түспейтін.
Алла алдыңнан жарылқасын, оңдасын,
Болсын сенің Қыдыр ата жолдасың.
Уа, əулие, Қырық шілтен, Шашты əзиз,
Ата Баба аруақтары қолдасын!»
Ұлы ұран осылай деп тасталды,
Он бірінші раунд та басталды.
Марат қолы серіппедей сілтеніп,
Оңшалдырды əлгі боксер қасқаны.
 Ол да сілтеп көрді қолын өзінше,
(Көнді еріксіз ауыр соққы төзімге).
Тап мынандай жұдырықты көрмепті,
Жесе дағы талай таяқ кезінде.
Аспан аунап қара жерге түскендей,
Болды міне.
Ғажап еді күш нендей!
Жатқанынан тұрмай қалды
томардай
Жартастағы жылан уын ішкендей.
Шаршы алаңда жүрген кезін елдегі –
Есіне алды.
Жан жүрегін тербеді.
Талай боксер нокаутқа түскені,
Бүгін міне, өз басына келді енді.
Асқар таулар, биік аспан құлады,
Көз жасындай баурында ақты бұлағы.
Шықшытынан тиген шымыр соққыдан,
Қайта тұрмай, қара жердей сұлады.
Тұрам деді, тұра алмады, сұлады,
Басы айналып, шыңылдады құлағы.
Луис емес,
Спорт əлеміндегі,
Əлгі биік Атағы да құлады.
Марат пенен Луистердің жаны жас,
Болса дағы.
Екі түрлі қаны рас.
Шыңға шыққан шынардайын болса да,
Шындығында күш атасын танымас.
Менің халқым мықтыдан да мықты еді,
Ауырлыққа қайыспайтын түк, белі.
Батыры да, ақыны да жетеді,
Болмаса əттен, рушылық жіктері.
Қозғалалмай əлсіреді жанды жер,
(Қуқыл тартты құлпыратын сəнді жер),
 Боксерінің жеңілісіне күйінді,
Латын Америкадағы жанкүйер.
Амалсыздан жеңіліске жүгінді,
Қасіреті болса дағы бүгінгі.
Маратқа емес,
Қазақ деген халыққа,
Бокстағы Алтын Белдік бүгілді.
Бұдан бұрын болған біздің боксерлер,
Бұл жігітке-болған анық жақсы өнер.
Қонақбаев, Мəзімбаев сияқты,
Рингтке талай əлі жас келер.
Келер əлі, кілті болып көп істің,
Батыры боп бокс деген соғыстың.
Қолдарында шегіреннен қолғабы,
Келер əлі, хас шебері бокстың.
Тегіміз бар Алқаракөк-батырлар,
Сол тегімді мақтануға қақым бар.
Абат батыр...!
Шақантай мен Қарасай...
Халқын қорғап, қанын төккен батырлар.
Шүкірлік қып, тəубə етемін, Құдайым!
Шаттықпенен атсын таңым, лайым.
Сол бабалар болмағанда Маңғыстау,
Сақтар еді басқалардың мұнайын.
Ақындардың тебіренбей жай жаныЖата алмайды, іштей қызып майданы.
Алтай менен Атырауға созылған,
Жерім менің асқан Ерлік айғағы.
Менің халқым жуастардың жуасы,
Жат қылыққа көз алартпай тұрады.
Жайсан, Жайық, Жетісу мен Алатау,
Алқаптары – сол Ерліктің куəсы.
Қазақ деген мықтыдан да мықты еді,
Тау тарихқа қайыспаған түк белі.
 Қазақ деген Ұлы Мұрат иесі,
Жойылса егер «Жерлес» деген жіктері.
Жазылмаған əлі де бар жан жара,
Сол жарамен мерт болды ғой сан бала.
Қазақ деген бөлшектеніп бөлінген,
Алтын көлім
Толса екен бір арнаға!
Қазан, 2005 жыл, Алматы қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу