Өлеңдер ✍️

  15.02.2022
  163


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТЕБІРЕНУ

БІРІНШІ ƏҢГІМЕ


Бақта бұлбұл табиғатты жыр етіп
Сайрағанда.
(Айналада гүл өсіп).
Сəнді өмірге сəби болып келіп ең,
Шіліңгірлі шілде айында «шыр!» етіп.
Жалт қарады жасыл орман, тау – Атам! –
Жемістері мəуеленген бау алаң.
Тұңғыш рет адам болып алдың дем,
Біздер жұтқан мына таза ауадан.
Ақ құндақта қарын шашың селдіреп
Жатқаныңда өптім жаным елжіреп.
Жүрегімді бұлқындырды ұлы күш:
«Əке!» деген саған бір Ат келді деп.
Іңгəладың!
Дауысыңда – тазалық.
(Жаратқан-ай!
Пəк дүние таза ғып).
Сенің даусың басып сезім пернесін,
Серпіп бұлтты келді жайсаң жаз алып.
Асқар асқан қатты еді ағыным,
Сенің нəзік үндеріңе бағындым.
«Бала» деген баға жетпес есімің,
Болды өмірде ең тəттісі балымның.
Шырыны боп таңдайымды үйірдің.
Шуағы боп шаңырақты үйімнің.
 Тұрмыс атты домбырада тартатын,
Жақсысына айналдың, сен, күйімнің.
«Іңгəлаған» сенің тəтті əр күнің,
Салтанаты сияқтанды сəнімнің.
Таң нұрындай аппақ болған өзіңе,
Тамашасы арналады əнімнің.
Тəубе қылдым.
Тəңірімнің берісін,
Ойларымның қысқартпадым желісін.
Түн ұйқысын бөлсе анаң, ал əкең
Тыным таппай төкті терін сен үшін.
Тынықсын деп көзіңді іліп, шырылсыз,
Жұпар лепті жазың болдым шыбынсыз.
Қарлығаштай балапанын шығарған,
Қанат қағып жүрдім ұшып, тынымсыз.
Жан анаңдай ұйқымды да бөлдім мен,
Қырқыңнан да шықпағансың сен мүлдем.
Көз алдыма елестеттім сонда да,
Көгілдірі сияқтанған көлдің кең.
Жөргек қылып қолдарымның саласын,
Жоқ еді анам.
Сені баптап бағатын.
Ақ құсым-ау!
Анаң менен екеуміз,
Болдық сенің қос қанатың қағатын.
Болғаны жоқ өзің жайлы жол жүксіз
(Байланды ғой талай рет қол жіпсіз),
Қуыршақ пен құбыжықты айырар,
Ата-анаң – екі көзің болдық біз.
Шуақ керек кездерінде болдым Күн,
Кедергісін кездестірдім жолдың мың.
Анаң сені бесігіңде тербетсе,
Көгершіндей оң қолыма қондырдым.
 Шығысымның асқарына қонып таң,
Жүректерге қуаныш ең оны ұққан.
Əнім болдың салтанатта шырқайтын,
Алатау мен алма бақтан жолыққан.
Дер кезінде дестелеп-ап сөз гүлін,
Кездескенде дос-жаранға сездірдім.
«Ақ!» дегенде аузымнан түскен бір,
Аумай қалған «Айнагүлім!» деп жүрдім.
Сеніменен көрікті үй-тұрмысым!
Тебіренттің тұла бойы тұңғышым!
Мынау бұлтсыз аспаныма алқа боп,
Көрдің талай ұшып келген жылқұсын.
Көрдің талай көктеменің гүлдерін,
Төкті оған шуақ-нұрын күндерім!
Болашақтан бақытым боп көрінді,
Сенің алғаш езу тартып күлгенің.
Анашың да, мен де оған гүлдедім,
Гүлдедім де құштым алдан жыр лебін.
Жолдарымды жалғастырып жататын,
Сенің тұңғыш тəй-тəй басып жүргенің.
Шарасынан айналайын көзіңнің,
Шалқар көлі толқындайтын сезімнің.
«Əуп!» деп жерден тік көтеріп алғанда,
Адамға тəн Биіктеуді сезіндің.
Күлші, Айнашым!
Қандай жақсы күлгенің,
Күлгендігің қуанышты білгенің.
Бұл күнімді болашаққа жалғадың,
Былдыр-былдыр шыққан сенің тілдерің.
«Қашандағы əке сыншы балаға»,
Деген бар ғой бұрынғы өткен данада.
Сенің сəби қылықтарың түрленте
Түсті ылғи күннен-күнге жаңара!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу