👈 қаріп өлшемі 👉

  15.02.2022
  80


Автор: Абдрахман Асылбек

Бейбітшілік бөбегі

1
Қолы тиер жөргекке
Күні туды Ананың.
Жүрді іше алмай жөндеп те
Мезгілімен тамағын.
Ілінбеді кірпігі
Соңғы сәттер Ананың.
Толғантады күн-түні
Болашағы баланың:
«Қуат құйып көңілге,
Бала өмірге келер-ау.
Бірақ, мына өмірге
Қарамаспын керенау.
Қаруланып кейбір ел,
Жанталасып жатқанда,
Қауіптенбей қай бір ер
Қарай алар ақ таңға?
Тұтанса өрті соғыстың,
Ана бақыт тапқан ба?
Жалын шарпып жер үстін,
Сәби күлім қаққан ба?
Тарих деген талайдан
Көрген небір сойқанды.
Тыю керек қалай да
Ендігі бұл қойқаңды.
Табиғаттың таңында
Жарық керген әр бөбек
Бейбіт күннің бағында
Жату керек ән бөлеп.
Ұқсас күннің көзіне,
Бөбек жөні бөлек қой.
Бейбіт күнге өзі де
Үлес қосу керек қой».
Осыны ойлап жас Ана,
Күйеуімен кеңесті.
Өңі бал-бұл жасара,
Кеңескенде не десті:
– Сүйіктім-ау,
Ал, тыңда,
Маған жақсы ой кеп тұр.
Босанардың алдында
Сайрандатшы жөндеп бір.
– Жол үстінде босанып
Қалар болсақ,
Не етеміз?
– Көмектессе дос анық,
Қуанышқа жетеміз.
– Сонда қайда бармақпыз?
– Қазақстан еліне!
Көз саламыз аңдап біз,
Ғажап деген жеріне.
Шындық па,
Әлде жалған ба?
Ол ел жайлы көп өсек.
Көреміз ғой барғанда,
Сырттан жаман демесек.
Көзбен көріп,
Қанайық
Ақиқатқа, шындыққа.
Қарсы тұрып бағайық
Соғыс деген сұмдыққа.
Қазақстанда баламыз
Келсе өмірге,
Несі бар?
Достар тауып жаңа біз,
Тілегіміз қосылар.
Достығына екі елдің
Болса бөбек дәнекер,
Шат-шадыман жетер күн,
Көңілімізді таң етер.
Ері қолдап бұл істі,
Дайындалды жолға олар.
– Жолдамамен туристік
Барғанымыз жөн болар...

2
Америка –
Алыстан
Екі қонақ келді ұшып.
Жандар күтіп алысқан
Амандасты қол қысып:
– Уа, меймандар,
Келіңдер,
Дайын ықылас төріміз.
Достарыңдай көріңдер,
Еркін қазақ еліміз.
Қамықпаңдар қысылып,
Емін-еркін жүріңдер.
Тұрған төрді ұсынып,
Шын пейіл деп біліңдер.
Қонақүйге керемет
Орналасты қонақтар:
Құс мамықты кереует,
Неше түрлі тамақтар.
Ерлі-зайыпты екеуі
Бар шындықты байқады:
– Бұл құрметтің өтеуі
Қайтсек бізден қайтады?
Қазақ елі жөнінде
Сырттай айтқан сан өсек
Қона қоймас көңілге,
Екен ғой құр қауесет.
Адамдары ақ көңіл,
Жандары тым жайдары.
Не жамандық, жат көңіл,
Білмес қулық, айланы.
Қоңыраудай күлкісі
Кең аспанға тарасқан.
Мәдениет, тұрмысы,
Барлығы да жарасқан.
Осылай деп жұбайлар,
Дән риза болады.
Бал-бұл жайнап шырайлар,
Кеудеге күн қонады.
Астанадай қаласы
Көзді бірден тартады.
Шын қызыға қарасып,
Ынтықтары артады.
Ұзақ күнге аралап,
Тамашалап жүрді олар.
Есіл бойын жағалап,
Кемеге де мінді олар.
– Вашингтон, Нью-Йорк
Көк тіреген қалалар.
Бірақ, көптің күйі жоқ,
Тек бай сайран сала алар.
Қара-дағы мақташы, –
Дейді Ана:
– Қарашы,
Астана нұр қаласы –
Жаңа өмірдің қақпасы.
Бұл қалада сәулетті
Келсе өмірге баламыз,
Бұдан артық дәулетті
Қайдан іздеп табамыз?

3
Таңға қарай сол түні
Келді Ананың толғағы.
Ері қатты толқыды:
«Тез босанса болғаны...».
Хабарланып қалаға,
Жедел жәрдем дөп келді.
Үлкен перзентханаға
Ананы алып кетті енді.
Таң атқанда арайлы,
Перзентхана төрінде.
Ана күткен талайғы
Бір ұл келді өмірге.
Қуаныштан, бақыттан
Күлімсіреп жатты Ана.
Балбырап бір балқып тән,
Рақатқа батты Ана.
Гүл шоғына Ананың
Толып кетті құшағы.
Құттықтап жұрт,
Баланың Әкесін де құшады:
– Құтты болсын ұлыңыз,
Болсын ұзақ ғұмырлы.
Атайық та мұны біз
Бір атпенен ұғымды.
Айтты әке кесімін:
– Жылтырақ сөз керексіз.
Баламыздың есімін
Абай не Абылай демекпіз.
Абай деген – ең ұлы
Елі сүйген ақын ғой.
Ал, Абылай – ең ірі
Қазақ ханы, батыр ғой.
Абылай да, Абай да
Перзенттері халықтың.
Олар алтын сарайда,
Үстінде алтын тақыттың.
Менің ұлым олардай
Танытпас та ұлылық.
Ел риза болардай
Жақса болды бір үміт.
Достығына екі елдің
Бола білсе дәнекер,
Тыныштықта өтер күн,
Көңлімізді таң етер...
Қолдап жатыр көпшілік:
– Өсе берсін бөбегің.
Шын азамат боп шығып,
Гүлдендірсін өз елін.
Өсе берсін ұлы боп
Алып екі құрлықтың.
Шалқи берсін жыры боп,
Бейбіт күннің, Бірліктің!

4
Бейбітшілік бөбегі
Сағат сайын жатты өсіп.
Алтын нұрға бөледі
Мамық төсек-ақ бесік.
Келіп жатыр тынбастан
Құттықтаулар, Тілектер.
Кейбір хаттар – жыр-дастан
Жарып шыққан жүректен.
Балғын бөбек еліне
Барса екен деп әлденіп,
Сарыарқаның төрінен
Жіберіпті жал беріп.
Балғын бөбек еліне
Барса екен деп әлденіп,
Жасыл жайлау белінен
Жіберіпті бал беріп.
Балғын бөбек еліне
Барса екен деп әлденіп,
Алатаудың өрінен
Жіберіпті алма, өрік.
Балғын бөбек еліне
Барса екен деп сәнденіп,
Қостанайдың кенінен
Жіберіпті нән бөрік.
Балғын бөбек еліне
Барса екен деп әлденіп,
Көкшетаудың төрінен
Жіберіпті нан беріп.
Бейбітшілік бөбегі
Сағат сайын жатты өсіп.
Алтын нұрға бөледі
Мамық төсек-ақ бесік.
Келіп жатыр тынбастан
Құттықтаулар,
Тілектер.
Кейбір хаттар, жыр-дастан
Жарып шыққан жүректен.
Келіп жатыр толассыз,
Сыйлықтарда жоқ есеп.
Секілді Жұрт талассыз
Бөбек үшін берешек.
Үлкендердей сезінсе,
Шет қалуға болмайды.
Балалар да өзінше
Сыйлықтарын жолдайды.
Бірі ойыншық ұсынып,
Бірі беріп суретін,
Почта арқылы ұшырып
Жібереді күнбе-күн...
Сол Абылай елімнің
Сүйіктісі боп алды.
Барлық адал көңілдің
Ұйытқысы боп алды.
Сол Абылай елімнің
Әлдиіне айналды.
Барлық дарқан көңілдің
Ән-күйіне айналды.
Таң-тамаша көрінген
Талай қызық өтті күн.
Қазақстан елінен
Аттанатын жетті күн.
Біздің елді қонақтар
Қимайтұғын секілді.
Қолдарында қораптар,
Самолетке отырды.
Айта-айта алғысын,
Қоштасты олар жұртпенен.
Ыстық жастар тамды шын,
Қалмады көз сүртпеген.
Күміс қанат алып құс
От алды да гүр етті.
Көргендей бір анық түс
Талай жүрек дір етті.
Бейбітшілік бөбегі
Ұшып кетті кептер боп.
Ой өрбітіп өрелі,
Ұшып кетті көкке өрлеп.
Кеткенімен сол бөбек,
Туған жерін ұмытпас.
Тұрар біздің елге кеп,
Жүрек отын суытпас.
Өсе берсін ұлы боп
Алып екі құрлықтың.
Шалқи берсін жыры боп
Бейбіт күннің, Бірліктің!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы