Аңыздар ✍️

  14.02.2022
  124


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҚҰЛАДЫН

(Аңыз)
Жоны құла,
белі ақ,
Көріп құсты Нұралы.
Дөң басына шығып ап,
Тұрған қарттан сұрады:
– Ата, анау қандай құс,
Сарышымшықтан жасқанған?
Айтты сонда қария,
Көзін алмай аспаннан:
 – Ерте-ерте заманда,
Болыпты бір Алып құс.
Одан асқан жаһанда,
Кезікпеген алып күш.
Сол Алып құс ұшқанда,
Күннің көзін жауыпты.
Тегеурінмен қысқанда,
Тастан тамшы тамыпты.
Ол аспанға ұшқанда,
Құс біткендер тығылып.
Аңдар шықпай ешқайда,
Жатады екен бұйығып.
Қанатынан гуілдеп,
Соғады екен көк дауыл.
Екпініне шыдамай,
Есі кетті көп ауыл.
Сұсы сұмдық байқалып,
Сиқы қашты аспанның.
Таудың басы шайқалып,
Талқаны шығып тастардың.
Астан-кестен болыпты,
Алапаттан осындай.
Биік шыңда шөгіпті,
Болып малшы қосындай.
Бұл дүлей күш аямай,
Солай жайпап шығыпты.
Қалың өскен қарағай,
Қамыстай боп сыныпты.
Қозғалыпты Жер жүрегі,
Шошыныпты,
Қорқыпты.
Содан бастап үнемі,
Жер сілкінетін болыпты.
 Ол кездердің болыпты,
Құмырсқасы қояндай.
Қояндары қойлардай,
Қосаяғы құландай.
Ол кездердің болыпты,
Тауешкісі тайлақтай.
Тайлақтары таулардай,
Арыстаны атандай.
Ол кездердің болыпты,
Торғайлары тотыдай.
Суырлары сиырдай,
Сілеусіні жылқыдай.
Ол кездердің болыпты,
Қабыланы төбедей.
Жолбарысы керемет,
Жүк тиеген кемедей.
Көп болса да қырандар,
Қауіп-қатер төнетін.
Қалың екен бұл аңдар,
Құмырсқадай өретін.
Бір жегенде Алып құс,
Бір таудағы аң құрыпты.
Денесіне алып күш,
Ұзақ ғұмыр сүріпті.
Аман жүрген таулардың,
Аңдары енді жиылды.
Құртуы үшін жау жанын,
Ұрпағы үшін күйінді.
Азап шеккен жандардың,
Жасына толы жылғалар.
Патшасына аңдардың,
Жетті лезде бұл хабар.
Сонда патша сұстаныпТұрып.
 Тапты бір айла.
Шақырып əлгі құсты Алып,
Сазайын берді былайша:
– Саған талай қой дегем,
Өзі бопсың жауыздың.
Тауға бұлақ,
Ойға өзен
Етіп жасты ағыздың.
Жетпейтұғын жүрсе күн,
Бауыры толған бауларға.
Кесіріңнен бір сенің,
Аң қалмады тауларда.
Жақсы көрмек кім сені,
(Жауыздыққа қаталмын).
Сондықтан бұл күндері,
Жойылды Алып атағың.
Ғайып болды ол күнің,
Құртқан көзін аңның көп.
Құстың құлы – Құладын,
Болып мəңгі қалдың тек.
«Тартсын солай жазасын!» –
Деп аң патша бұйырды.
Содан бері Алып құс,
Жусан,
Қамыс,
Жыраның
Мақұлығын аулайтын,
Атанды жай Құладын.
* * *
Айтты ақсақал білгенін,
Əңгіме ғып кейінге.
Жауыз болса кімде-кім,
Жат болады еліне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу