14.02.2022
  153


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ДОСТЫҚ

Мысық пен кірпі
Дос болып жүрді.
Жазылмай жұбы,
Ойнады,
Күлді.
Жүгірді,
Жатты,
 Қызыққа батты.
Күндері өтті
Балдан да тəтті.
Жем тапса бірі,
Бөліп жеп жүрді.
Дем алса мысық,
Күзетті кірпі.
Епті де пысық
Көздерін қысып.
Ұйықтаса кірпі,
Күзетті мысық.
Осылай жүрді
Аралап қырды.
Бір жылы туған
Екеуі – құрбы.
Жем іздеп бірде
Тоғайға барды.
Бір қоян алдан
Кезіге қалды.
Екеуі күліп,
Құшағын ашты.
Қоянмен үркек
Жылы амандасты.
– Жүрейік бірге,
Жұптасып күнде.
Қиындық туса
Жазбайық ірге.
Бір жүріп өссек,
Бірлікте көшсек.
Сол үшін қоян,
Жүрейік дос боп, –
Деп еді мысық,
Сөзімен пысық.
 Қостады кірпі
Кетердей ұшып.
Таңданып қоян,
Болды да алаң.
Сөйледі былай:
– Түсіндір маған.
Дос деген не екен?
Капуста ма екен?
Немесе тəтті
Сəбіз бе екен?
Тұп-тұнық көл ме,
Беделі жер ме?
Дос деген өзі,
Екен ол немене?!
Абдырап ,
Саспа,
Ойлама басқа ...
Пайдасыз болса,
Жүрем бе босқа?! –
Деп қоян мықты,
Басқаша ұқты.
Сəлден соң ащы
Дауысы шықты.
Не пəле болды,
Мұнысы қалай?
Жүгірді достар
Қоянға қарай.
Екеуі келіп,
Шошынды көріп.
Қоянға жылан
Тұр екен төніп.
Жан-жағын барлап,
Иіріліп,
 Қармап,
Қадалып көзі,
Жылан тұр арбап.
Батыл-ды кірпі,
Атылды кірпі.
Көмекке досын,
Шақырды кірпі.
Мысық та епті,
Шайқасып кетті.
Айбатын шегіп,
Тістеді,
Тепті.
Қыспаққа алды,
Күштерін салды.
Жыланның зұлым
Көзі ағып қалды...
Мысық пен кірпі
Жыланды жеңді.
Секіріп қоян
Қуана берді.
Мысыққа сенді,
Кірпіге сенді.
Достықтың сырын
Ұғынды енді.
Алғысын айтты,
Түсінді жайтты.
«Екен бұл достық
Сəбізден тəтті».
Бұл жолы шошып
Кетпеді жосып.
Қарсы алды қоян
Екеуін тосып.
Үшеуі енді
Буды да белді,
 Бастарын қосып
Бірлікке келді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу