14.02.2022
  151


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БҰЛТ САЛҒАН СУРЕТТЕР

Бұлтты аспан бейне бір телевизор,
Онда аю,
Қоян,
қой,
кемелер жүр.
Не ғажайып тұлғалы,
Қызықты бұлт,
Көрген сайын тұрады
Қызықтырып.
Жайылған қаз-қоңыр бұлт
Көлде жүзген.
Қошқар мүйіз көмір бұлт
Жарды сүзген.
Ай мүйізді теке-бұлт
Одырайған.
Маймыл басты жеке бұлт
Шодырайған.
Бұғы мойын ақша бұлт
Қанаттанған.
 Сілеусін-бұлт қасқайып,
Қарап қалған.
Айдаһар-бұлт аунайды
Құбылып сан.
Анау бірі аумайды
Құбыжықтан.
Əне, бірі ашылған
Гүл сияқты.
Мына бірі қасынған
Піл сияқты.
Бір-бірінен туады
Күлкілі ғып...
Тазы-бұлтты қуады,
Түлкі-бұлт.
Басы бұқа,
Аяғы жылан-бұлт.
Өзгеріліп адамға
Тұр аңырап.
Айналасын кетеді
Сүргін қылып.
Арыстан бас,
айғыр жал
Күлгін бұлт.
Көгілдірін ерткендей
Аққу-бұлт.
Бір жағында көп белдей,
Бақ тұр мүлгіп.
Сол бір бақтан шыққандай
Киік қашып.
Адам құс боп ұшқандай
Иықтасып.
Қасқыр-бұлтты қуғандай
Қозы-бұлт.
 Үкі-бұлттың тұрғандай
Көзі ілініп.
Арқар мүйіз-ақша бұлт
Қалғығандай.
Барыс-бұлт баспа ғып
Аңдығандай.
Салт аттылар келеді
Мылтық асып.
Түлкі-бұлт безеді
Сұрқы қашып.
Жəне бірі шапқандай
Құлан болып.
Əне бірі аққандай
Қыран болып.
Жарғанат боп тұрғандай
Ұшпа бұлт.
Мысық-бұлтты қуғандай
Тышқан-бұлт.
Тағы бірі жатқандай
Бұлан болып.
Əнеу бірі шапқандай
Құнан болып.
Түйе-бұлт келеді
Түйдектеліп.
Бие-бұлт
кетеді
үйрек болып.
Елестетсе анау бұлт
Тауды бірден.
Аумай қалған мынау бұлт
Мауглиден.
Бірі ұқсаса қыстайғы
Жауған қарға.
 Тағы бірі ұқсайды
Қаңбақ шалға.
Дəрісін ап қолына
Бəрін емдеп.
Айболит те жүргендей
Əбігер боп.
Өзгереді əп-сəтте
Бүйрек-бұлт.
Буратино кепкісін
Үйрек киіп...
Қарап тұрсаң
не түрлі
Кейіптері.
Мультфильмнің секілді
Кейіпкері.
Көз алдыма түрленіп,
Келе бердің.
Беу, Табиғат!
Не деген шебер едің?
Тəмсілдер мен ертегі,
Тəтті ойдың көркемі.
Көңіл аудар осыған,
Егеменді Ел өркені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу