14.02.2022
  266


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҚАДІРЛІ АТАМ

Ақ қылау жоқ қашаннан,
Сақалында,
Шашында.
Торқалы той жасалған,
Толды жүзге жасы да.
Тəтелер мен əкелер,
Қарайды да жасына.
Таңғалады əжелер,
Қара мақпал шашына.
Кəрілік жоқ түсінде
Бойын ширақ ұстаған.
Кəрілік тек тісінде
Протездеп тастаған.
Мінезі де сүйікті,
Ашуы жоқ ғажабы.
Бойы атамның биік-ті,
Нағыз қырдың қазағы.
Кірпікті де
Қабақты,
Ойлылық бар көзінде.
Ақылымен қанатты,
Тұрады айтқан сөзінде.
Ғасыр өзі көтеріп,
Қадыр тұтқан шақ қандай!
Қуаныш қой жетерлік,
Қалай жүрем мақтанбай.
Құрметі адамның -
Жиналыпты ел де көп.
Туған күнін Атамның,
Құттықтадым мен де кеп.
 Атам сонда қуанып,
Алғыс айтты көптеген.
Кенже ұлынан мұра ғып,
Жүрген мені.
Шөпшегі ем.
Атам үшін ерекше
Жаралған бір көктеммін.
Мен де атамды ерекше,
Жақсы көріп кеткенмін.
Атам мені көтерді,
Бір қолымен тосыннан.
Қайраты мол екені,
Көрінеді осыдан.
Ақтаратын сыр дағы,
Емес мұным жасанды.
Санаса егер ұрпағы,
Екі жүзден асады.
Немере де жетеді,
Шөбере де жетеді,
Шөпшегі де жетеді.
Міне, осындай Атамның,
Нағыз бақытты екені.
Ғасыр өзі көтеріп,
Қадыр тұтқан шақ қандай!
Қуаныш қой жетерлік,
Қалай қалам мақтанбай.
Маған өзі қаһарман
Естіп,
Біліп көрдіңдер,
Кеудесіне қадаған,
Жарқырап тұр ордендер ...
Ақтарменен айқасып,
Атаманын жайратқан.
Қызылдармен шайқасып,
Қылыштарын қайратқан.
 Аралады елін көп,
Қысты аяздай қатал заң.
Халық қамын жеймін деп,
«Халық жауы» атанған.
Итжеккенге айдалды,
Төрі алыстап көрінен.
Өткізіп жыл,
айларды,
Қалды əйтеу өлімнен.
«Ел басына күн туып,
Етегімен су кешкен.
Ат басына күн туып,
Ауыздықпен су ішкен».
Сонау соғыс жылдары
Шынықтырған,
Шыңдаған.
Жамбыл айтқан жырларды,
Жауынгер боп тыңдаған.
Көзі көрген неше күн,
Жауда қалған қаланы.
Соны қорғап
неше түн,
Жараланып қалады...
Аяқ та қан,
Қол да қан
Жерге шып-шып тамады...
Ерлігі үшін сонда Атам,
«Даңқ» орденін алады.
Мейлі илан,
иланба,
Көбейткен жұрт қатарын,
Бірге жүрген Иванға,
Берген Батыр атағын.
Елге сондай сүйікті,
Өлмей қалған
 Бағы бар.
Қорғап жүріп Киевті,
Алған орден тағы бар.
Қалды менің ойымда,
Қуанышты ол бүгін.
Жүзге келген тойында
Алды Қаһарман орденін.
«Мəселе орденде емес,
Адамдықта, тегінде».
Берді Атам деп кеңес,
Қонымды ақыл көңілге.
* * *
Көктемеде жайланып,
Алма,
Жүзім баптайды.
Күзде өнімін
пайда ғып,
Көкбазарда сатпайды.
Егер оны білсеңіз,
Ешкімге де сатпайды.
Мен сияқты бір тоғыз,
Шөпшігіне сақтайды.
Жазда шөбін шабады,
Жайылым емес,
Беткейден.
Өзі тасып алады,
Жаймен жүріп,
Еппенен.
Шөберелер келсе де,
Тындыруға жұмысын.
Өзі істейді белсене,
Барлығын да жұмыстың.
Күз бен қыста жайланып,
Саятшылық етеді.
 Қанжығасы майланып,
Қайтып үйге жетеді.
Тазы итін де асырап,
Бүркітін де баптайды.
Атбегіні қасына ап,
Əңгімелер ат жайлы.
Біздер үшін не керек,
Бəрін ойлап,
байқады.
Ертегіні керемет,
Қызықты ғып айтады.
Айтқан сөзі аталы,
Адам жаны қанады.
Болмағанға қатары,
Босаңқырап алады.
Сөйлемейді
не лағып,
Темекі де тартпайды.
Қымыз ішіп,
Демалып,
Денсаулығын сақтайды.
Домбырасын тартады,
Құлақ күйін келтіріп.
Баяулап əн айтады,
Қояды бір желпініп.
Қадірлі атам – қазынам,
Өркендеткен өренді.
Атам жайлы жазылған,
Кітап та бар көлемді.
Оның өмірбаянын,
Киносынан білгенмін.
Қадірлі атам – аяулым,
Қайда болса
біргемін.
 Жүзден де асып жасайды,
Денсаулығын баптайды,
Менің осы атамды,
Елдің бəрі мақтайды.
Атам – менің өлеңім,
Атам – менің əнім де.
Өзімдей жас өреннің,
Мақтан етем бəріне.
Аты өзіне сай болып,
Нұр таймаған көзінде.
Қадірлі Атамдай болып,
Өссем деймін
Өзім де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу