14.02.2022
  185


Автор: Абдрахман Асылбек

Төлдер

Құлын
Құлдырайды Құлын,
Желбірейді тұлым.
Желігеді жүйрік,
Төгіледі құйрық.
Дөңгелентіп жерді,
Айналады көлді.
Секілді ұшқыр сұңқар,
Болғалы тұр тұлпар.

Торпақ
Айналайын, Торпақ,
Бола берме қорқақ.
Тар боп тұрса аула,
Тысқа шық та заула.
Әукешім-ау, күнде
Ойнайықшы бірге.
Еркелікті тастап,
Атанарсың бас.

Бота
Айналайын, Ботам,
Таудай екен жотаң.
Табандарың жалпақ,
Теріп жейсің жантақ.
Иіліп тұр мойның,
Қанбайды екен ойның,
Тостағандай көзің,
Әдемісің өзің.

Лақ
Жалт-жұлт етіп, Лақ,
Жағалайсың бұлақ.
Секірем деп, бірақ,
Қала көрме құлап.
Құлақ деген шұнақ,
Көзің жанған шырақ.
Түгің бейне құрақ,
Тұрсың маған ұнап.

Қозы
Айналайын, Қозым,
Қойда жуас бозым.
Өрісте жүр енең,
Дей бермеші емем.
Ұзап шық та үйден,
Отығуды үйрен.
Көтерілсең бетке,
Тойынасың көкке

Торай
Талпақ танау Торай,
Дауысыңның зоры-ай.
Түртіп әрбір дөңді,
Қопарасың көңді
Аунағаның батпақ,
Үстің содан сатпақ.
Жүре алмасаң таза,
Қолданамын жаза.

Көжек
Қалқан құлақ Көжек,
Паналайсың өзек.
Қорықпашы менен,
Көк жоңышқа берем.
Қаша беру жаман,
Жақындашы маған.
Достасайық, Көжек,
Мен де өзіңдей бөбек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу