Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  127


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

СҰҢҚАРЫН АҚЫРТӨБЕ САМҒАТЫҢДАР

(Қанат пен Мөлдірге арнаймын)
Екеуің менің жастық кездерімнен,
Оралып,
 Нұр шаштыңдар көздеріңмен.
Сендердей кеше мен де жас едім ғой,
Таңданам құбылысқа өзгерілген.
Қос аққу айдынынан көтерілгін,
(Шошыма дабырынан бөтен үннің).
Інкəрлік арта берсін арадағы,
Ыстығы таусылмасын от еріннің...
Əндер көп шарықтаған алда тыңдар,
Аңсаған армандарым жалғасыңдар.
Алатау, Қаратаудың шыңдарына,
Сұңқарын Ақыртөбе самғатыңдар.
Ғұмырда ғажайып көп салатын əн,
Тыңдаған тыныс алып қалатын таң.
Сұлуым Мөлдірімнен қанып ішіп,
Сұңқарым қанаттансын Қанатымнан.
Бұл жердің құрмет етем құрағына,
Айналсын құтты мекен тұрағыма.
Шабытым келген кезде ақ тілегім,
Шалынсын Əулие-Ата құлағына.
13 желтоқсан. 2010 жыл.
Алматы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу